Парламент Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің депутаттары Оңтүстік Қазақстан облысының Ордабасы, Сайрам, Отырар аудандары мен Түркістан қаласында болды, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
Сапар кезінде аудан әкімдерімен, жеке сот орындаушылармен, құқық қорғау органдарының өкілдерімен кездесулер өтті. Сонымен қатар, Шымкент қаласында Оңтүстік Қазақстан облысының жеке сот орындаушылары қатысқан кездесу өтті. Кездесу кезінде қызықты және нақты әңгіме болды. Жеке сот орындаушыларының қызметіне қатысты проблемалық мәселелер талқыланды. Прокуратура, сот, ішкі істер органдарының өкілдері тыңдалды.
Сапар кезінде жеке сот орындаушыларының жұмыстары бойынша тұрғындардың пікірі тыңдалып, депутаттар тұрғындармен және өтініш берушілермен кездесулер өткізді. Ал сапардың нәтижесі бойынша депутаттар Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Б.Атамқұловпен де кездесті.
Сондай-ақ, жеке сот орындау институтын жетілдіру мәселелері талқыланған дөңгелек үстел өтті. Оған Парламент депутаттары, «Нұр Отан» партиясы Құқықтық кеңесінің мүшелері, әділет, құқық қорғау органдарының, Жеке сот орындаушылары республикалық палатасының, азаматтық қоғамның өкілдері және сарапшылар қатысты.