Кеше «1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні» аясында «Атамекен» ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің II конгресі өтті. «Қазақстан – жаңа мүмкіндіктер» тақырыбындағы кездесуге еліміздің іскер әйелдері мен Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымының орынбасары Ләззат Сүлеймен мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов қатысты.
Нәзікжандылардың кәсіпкерлікті дамытудағы рөліне арналған конгресс сессиясын ашқан «Атамекен» ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова бір жыл ішінде атқарылған жұмыс нәтижесімен бөлісті. Оның айтуы бойынша, Іскер әйелдер кеңесі әр өңірді аралай келе, аймақтардағы арулардың күш-жігеріне сеніп, өз бетінше кәсіп ашуына қолғабыс ете отырып, оларға кәсіпкерлік саласында бақ сынауға септесуде. Және де маркетингтік қызмет көрсетіп, қажет мамандықтар жөнінде кеңестер беріліп, бизнес-жоспар құруға және құжаттар жинауға көмегін береді, дейді кеңес төрайымы. Сонымен қатар, Ұлттық палатаның Іскер әйелдер кеңесінің қолдауымен көптеген бірегей, әлеуметтік және инновациялық жобалардың жүзеге асқанын жеткізді.
Жиын барысында «Атамекен» ҰКП-ның ісіне адалдығы үшін арнайы марапатталған кәсіпкер әйелдер ортаға шақырылды. Бұл ретте сөз алған Ұлттық палатаның басқарма төрағасы А.Мырзахметов жиылған қауымды «Атамекен» ҰҚП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаевтың және басқарманың атынан құттықтады. Сонымен қатар, ол бір жыл ішінде Іскер әйелдер кеңесінің жұмысы жоғары жылдамдықпен жандана түскенін жеткізді.
Жиында келесі сөз алған Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымының орынбасары Ләззат Сүлеймен баршаны Ұлттық комиссия атынан «Атамекен» ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің II конгресінің ашылуымен құттықтай отырып, бүгінгідей іскер әйелдер отырысында нәзікжандылардың жұмысын жандандыруда айтылатын ұсыныстар, ой-пікірлер елдің серпінді дамуына, халықтың экономикалық-әлеуметтік әлеуетін арттыруға өз үлесін қосатынын айтты. Сондай-ақ, елімізде үлкен беделді ұйымға айналып отырған «Атамекен» ҰКП бастамасымен құрылған Іскер әйелдер кеңесінің бір жылдық жұмысына жоғары баға берді.
Эльмира МӘТІБАЕВА,
«Егемен Қазақстан»