Сенат комитеттерінің төрағалары Икрам Адырбеков пен Серік Ақылбай «Діндер терроризмге қарсы» халықаралық конференциясына қатысу үшін Астанаға келген ГФР Бундестагының депутаты, Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясындағы Германия делегациясының басшысы Аксель Фишермен кездесті.
Кездесу барысында И.Адырбеков мейманға бұл сапардың екі ел парламенттері арасындағы өзара іс-қимылға жаңа серпін беретініне, сондай-ақ, ЕКПА және ЕҚЫҰ ПА аясындағы Қазақстан мен Германия делегациялары арасындағы жемісті ынтымақтастыққа жәрдемдесетініне сенім білдірді.
С.Ақылбай мейманды «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын іске асыру аясындағы Парламенттің қызметі, сондай-ақ, заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған сот жүйесінің реформаларын жүзеге асыру барысы туралы хабардар етті.
А.Фишер терроризм мен экстремизм қатерлерімен күрес мақсатында діни және саяси қайраткерлерге ашық үнқатысу үшін ортақ алаң ұсынған Қазақстанның үлесін жоғары бағалады.
Кездесуге Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Георгий Ким және ЕКПА Саяси мәселелер жөніндегі комитетінің хатшысы Павел Шевченко қатысты, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі.