• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
02 Маусым, 2016

Алиментші, қашпа... құтылмайсың!

259 рет
көрсетілді

Балаларды қорғау күні қар­са­ңында жекеменшік сот орын­даушылардың респуб­ликалық палатасы айды аспаннан бір-ақ шығарды. Құзырлы органның соңғы мәліметіне сүйенсек, отбасымен ажырасқан 223 мың 660 қазақстандықтың 70 пайызы өздерінің туған балаларына алимент төлемейді екен. Ісіне сот араласқан 62 мыңнан астам әкелер ғана бұл іске «өз еркімен атсалысады», дейді. Қал­ғандары жаппай жалтарып, қашып жүр!.. Осыдан екі жыл бұрын Ал­маты қаласының сот орындау­шылары алиментші әкелердің соңынан шам алып түскені есімізде. «Қашқындарға» сонда, тіпті, жол үстінде құрық та тасталды. Олардың автокөлігін тұсап, айып тұрақтарына тоғыт­қан да сол кез. Науқан қызып, оқиға барысында алименті мен айып алаңында тұрған күндері үшін ақшасын төлегендер көліктерін қайтарып алып жатты. Алматыдағы қымбат көлігі мен жылжымайтын мүлігі бар, табысы таудай алпауыт «қаш­қын әкелердің» бір тобына ғана осылайша ауыздық са­лынған. Бұлардың арасында алимент төлейін десе істейтін жұмыстың жоқтығы қолдарын байлап жүр­ген «жомарт жандар» да жоқ емес. Оның да оңтайлы жолы та­­былды. Енді бұдан былай олар­ға мемлекеттік алименттік қор қолұшын береді. Қазір Қа­зақстан Парламентінің биік мінберінен қордың таяу мерзімде құрылатыны туралы оң мәселе көтеріліп те қойылды. Жаңа қор жал­қау әкелерді бала-шағасы үшін күштеп болса да жұмысқа жегеді. Айтпақшы, бұл арада еліміздің Бас прокуратурасының интернет арқылы сервис желісін ашып қойғанын да ұмытпайық. Ондағы ғаламтордың «қара тізіміне» жауапсыз әкелермен бірге аналардың да суреттері ілінеді. Өкінішке қарай, елімізде алиментші аналар да баршылық екен! Демек, алиментші... қашпа, бәрібір құтыла алмайсың! Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ