«Қуанса, бала қуансын», дейміз. Бала – болашақ, бала – өмір жалғасы. Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының елорда іргесіндегі 5573 әскери бөлімінде Балалар күніне орайластырылып мерекелік қайырымдылық шара өтті.
Оған Астана қаласының кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының тәрбиеленуші жасөспірімдері, ұландық әскери қызметшілердің балалары қатысып, 300-ден аса бүлдіршін қуанышқа толы мерекенің куәгері болды.
Алдымен мәдениет үйінде балалар түрлі мультфильмдерді тамашалады. Өнерпаздар театрландырылған қойылымдар қойды. «Адам-өрмекші», «Теңіз қарақшылары» сынды көпке танымал кинотуындылар кейіпкерлерінің кейпіне еніп киінген әртістер балалармен бірге түрлі ойындар ойнады. Ұлттық ұланның тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар жөніндегі бас басқармасы бастығының орынбасары полковник Қанат Беляков: «Тәрбие – тал бесіктен», дейді халқымыз. Осындай қызықты да игілікті шаралар ұйымдастыруға Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы жыл сайын ерекше көңіл бөліп келеді. Бұл сол шаралардың бастамасы. Алдағы уақытта осындай жұмыстар әр өңірде, әр әскери бөлімде ұйымдастырылмақшы, деп атап өтті.
Мұнан кейін балалар қару-жарақ көрмесін, ұландықтардың саптық алаңда көрсеткен «әскери дефиле» өнерін тамашалады.
Қорыта айтқанда, бұл күн әр бүлдіршіннің есінде шаттықтың шырайын шашқан сәт ретінде сақталып қалары сөзсіз.
Арман ӘУБӘКІРОВ,
Майор