Елордадағы Тұңғыш Президент музейінде Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Шығармашылық шексіздігі» көрмесі ашылды. Сонымен қатар, шеберлік-сағаттары және «ВІ Жұлдызай» қорының мүмкіндіктері шектеулі балалар шығармашылығының ХІ республикалық фестивалінің «Бейнелеу өнері» және «Сәндік қолданбалы өнер» аталымдары бойынша жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтті.
Мерекелік бағдарлама музейдің «Балалық шақтан көзқарас» жобасының аясында «ВІ Жұлдызай» қайырымдылық корпоративтік қоры, Балалар көркемөнер мектебі – ЮНЕСКО клубы және Қазақстанның Ұлттық олимпиада комитетімен бірлесіп ұйымдастырған болатын. Көрменің ашылу салтанатында аталған музей директоры Алма Сағынғали, «BI Жұлдызай» корпоративтік қоры директорының орынбасары Алтынай Тәңірбергенова, Балалар көркемсурет мектебі – ЮНЕСКО клубының директоры Гүлзия Исенова, Қазақстанның Ұлттық олимпиада комитетінің өкілі Жігер Әзбергенов сөз сөйлеп, игі шараның мақсат-мүддесіне аз-кем тоқталып, бүлдіршіндерге сәтті қадам тіледі.
«ВІ Жұлдызай» қорының балалар шығармашылығының республикалық фестивалі Қазақстанның барлық аймағынан жиналған балалардың басын қосты. 11 жыл ішінде фестивальге 35 583 бала қатысқан екен. Фестиваль түлектері Bala Tukvisyon конкурсына, Белая Трость фестиваліне, МУЗ-ТВ 2015 премиясына қатысуға және Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті атану мүмкіндігіне ие болды.
Фестиваль Білім және ғылым министрлігінің және облыстық, қалалық мәдениет басқармаларының қолдауымен жыл сайын өткізіліп келеді. Республикалық фестивальдің алғашқы іріктеу кезеңі сәуірдің 5-сі мен 20-сы аралығында еліміздің 16 қаласында өткізілді. Қазылар алқасы қатысушылардың таланттарын 6 номинация бойынша бағалады: «хореография», «вокалдық орындау», «аспапты орындау», «өлеңді ымдап орындау», «сәндік-қолданбалы өнер», «бейнелеу өнері».
Балалар шығармашылығына арналған республикалық конкурс дәстүрлі түрде 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнінде «Қазақстан» Орталық концерт залында жалғасқан гала-концертпен аяқталды.
Раушан СҮЛЕЙМЕНОВА