Орал өңірінде жер реформасына байланысты қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырыстары өткізіліп келеді. Оған өңір басшылығы, мемлекеттік құрылымдар мен қоғамдық ұйымдардың және саяси партиялар мен азаматтық қоғам институтының өкілдері қатысып жүр. Сондай-ақ, осы мәжілістерде ауыл шаруашылығы саласының майталмандары өз ой-пікірлерін ортаға салуда. Басқосуда кім-кімнің де өз пікірлерін білдіруіне мүмкіндік берілуде. Соның нәтижесінде жүзге тарта азаматтардың ой-пікірі хаттамаға тіркелді.
Соңғы кезде қоғамда әртүрлі пікір туғызуға себепші болған Жер кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жөнінде қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялар мүшелері бізге өз ұсыныс пікірлерін ашық айтты. Соған сай қоғамдық кеңестің кеңейтілген төралқа мәжілісі өткізілді. Аталған жиында жерге байланысты тиісті мекеме басшыларының есептері тыңдалды. Осы арада айта кетерлік жайт «Қоғамдық кеңестер туралы» заңның 5 және 7-баптары негізінде біздің ұйымның мемлекеттік органдарға ұсыныс түсіруге құзыреті бар. Осы мүмкіндігімізді пайдаланып аталмыш жиынның қорытындысы бойынша облыс әкімінің атына ұсыныс түсірдік.
Мұнда біз заңға енгізілген нормаларды тиісті мемлекеттік органдар өкілдерімен түсіндіру жұмыстары өз деңгейінде ұйымдастырылмағанын атап көрсеттік. Болашақта маңызы жоғары заңдар мен осы заңдарға енгізілетін толықтырулар мен өзгерістерді халық арасында кеңінен ұйымдастыру қажеттілігін өмірдің өзі дәлелдеді деуге болады. Осы арада қоғамдық кеңестердің мәжілістерінде пікір білдірген саяси партия, үкіметтік емес ұйымдар, шаруашылық жетекшілері және жекелеген азаматтардың ұсыныстарын оқырмандар назарына бере кеткеннің артықшылығы жоқ деп есептеймін.
Мәселен, қоғам қайреткері, үкіметтік емес ұйым жетекшісі Ғазиз Хаймулдин бұрынғы меншік иелері тастап кеткен жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып игеру мәселесіне тоқталды. Бұл үшін жерді қазақстандықтарға жалға беру керектігін айтты. Ал облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Әлия Сәлиеваның ойынша, нарық заманында жердің жалпы қолданыста болуы мүмкін емес. Қолынан іс келетін азаматтар жерді жалға алуға немесе мүмкіндігі болса сатып алып, мемлекттік бағдарламаларды пайлаланып ол жерлердің ел үшін де, өзі үшін де пайда әкелу бағытында жұмыс істеуі тиіс.
Зеленов ауданындағы шаруа қожалығының басшысы Сергей Шонайбеков Жер кодексіне енгізілген жаңа қағидаттар мен нормаларда шаруалар үшін тиімді тұстар мол екенін жеткізді. Сонымен бірге, ол республикалық комиссия мен республика Үкіметі алдағы уақытта жер мәселесіне қатысты бірлескен шешімдер мен қаулылар шағырған кезде әр өңірдің ерекшелігін ескергені дұрыс болатынын білдірді.
Түйіп айтқанда, тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық кезеңінде Елбасының сындарлы саясатының арқасында көптеген жетістікке жеттік. Мұны көпұлтты еліміздің бір шаңырақтың астында өзара келісім мен татулық арқылы қол жеткізген табысы деп бағалағанымыз жөн. Халқымыздың сөзге тоқтай білетін мәрт қасиеті бар. Олар әртүрлі күрделі мәселелер туындаған тұста оны жиналып, өзара кеңесіп бір-бірін тыңдай білу арқылы шешкен. Бүгінгі қоғамдық кеңестердің қызметінде де халқымыздың сол дәстүрінің іздері мен белгілері бар екені анық. Осылайша, біз де ел игілігі үшін тиісті заң нормаларын келісе отырып қабылдауымыз қажет. Бұл пікірімнің жер реформасына да тікелей қатысы бар екенін көзіқарақты оқырман айқын аңғарып отыр деп білемін.
Ербол САЛЫҚОВ,
Батыс Қазақстан облыстық
қоғамдық кеңесінің төрағасы
Батыс Қазақстан облысы