ҚАРАҒАНДЫ. 2 маусым. Жезқазған қаласындағы қазақ-түрік лицей- интернатының 11-сынып оқушысы Сұлтан Айтжан АҚШ-тағы әйгілі Yale университетінің грантына ие болды. Бұл туралы облыстық білім беру басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Дарынды оқушы биыл Петропавл қаласында жалпы білім беретін пәндер бойынша өткен республикалық олимпиадада алтын медальді жеңіп алған болатын.
Жақында ол әлемдегі ең үздік 15 жоғары оқу орындарының бірінен саналатын Сингапур университеті мен АҚШ-тың Yale университеті бірігіп ашқан жаңа YaleNUS College оқу орны ұйымдастырған ағылшын тілі сынағынан сәтті өтіп, аталған оқу орнының грантына ие болды.
Жезқазғандық жасөспірім «Алтын белгі» төс белгісіне үміткерлердің қатарында. Қазіргі таңда ол «Алтын белгіні» ақтап шығу үшін қызу дайындалып жатыр.
Қайрат Әбілдинов.
Дерек, фото: Қарағанды облыстық білім беру басқармасының баспасөз қызметі.