• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
03 Маусым, 2016

Баршынның жайын барған білер...

926 рет
көрсетілді

немесе Теңіз өңіріне өркениет қашан жетеді? Баяғыда Қарағанды мен Целиноград облыстарының арасында «әрі тарт та бері тарт» аудан болып, ақыр соңында 90-жылдары жабылып тынған Теңіз ауданы, шыны керек, ұмыт қалған өңір еді. «Жыламаған балаға емшек жоқ» демекші, бұл жақтың халқы да сонша көнбіс болар ма!? Қандай жағдайға төзіп отырғандарын Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібековтің осы өңірге арнайы сапарында бірге барып көрдік. Кезінде сол Теңіз ауданының орталығы болған Баршын ауылы Қарағандыдан солтүстік-батысқа қарай 320 шақырымнан артық қиянда жатыр. Баршынның өзінде сегіз жүзден астам халық тұрады. Ауылды Әуесхан Ноғайбаев сынды азамат басқарып отыр. Қазір бұл өңір Нұра ауданына қарайды. Аудан орталығы Киевка кенті­­нің өзі 157 шақырым жерде. Теңіз халқының кейде бір тілдей анықтама үшін осыншама жерге салпақтауына тура келеді. Екі аралықтағы жол «құдай сақтасын» дегізбей қоймайды – ойдым-ойдым. Оны айтасыз, жолды кесіп өтетін Құланөтпес өзеніндегі жалғыз кө­пірдің өзін былтырғы көктемде су шайып кетіпті. Сондықтан, бұл жаққа су тартылған қазіргідей жаз айларында болмаса, жылдың басқа маусымында жету қиямет-қайымға бергісіз. «Жол азабын жүрген білер» демекші, облыс бас­шысының Теңіз жаққа әдейілеп автокөлікпен сапарлаған себебі де осы жағдайларды өз көзімен көру, өз жанымен сезу еді. Көпірді биылдан қалдырмай жаңартуды әкім облыстық жолаушылар кө­лігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы А.Са­наубаровқа міндеттеді.  Негізі, кө­пір салудың 631 миллион теңге болатын сметалық жобасы дайын екен. Облыс әкімі бұл мақсатқа биыл 20-25 миллион теңге бөлу керек деді. Мұның өзі оң шешіле қалса, жоба республикалық бюд­жеттің бағдарламасына жылдам еніп те кетер еді. Облыс басшысына, соны­мен қатар, ауданның басқа тұс­тарындағы жарамсыз, жөндеуге мұқтаж жолдардың суреті стенд түрінде көрсетілді. Жергілікті халықтың айтуынша, облыстың қазіргі басшысы Теңіз өңіріне келген алғашқы әкім көрінеді. Сонда бұған дейін болған облыс әкімдері бұл жаққа табан тигізіп көрмеген ғой. Енді қайтсін, теңіздіктер проблема айтудан бұрын, әйдік әкімнің елеп келгеніне-ақ разы. Қайран да менің қазекем!.. «Қарнының ашқанына емес, қадірінің қашқанына ғана жылайды»!.. Әйтпесе, ауылдың проблемасы шаш-етектен. Білгіңіз келсе, саусақ бүгіп тізе беріңіз. Баршында аурухана бар екен. Бірақ соның екінші қабаты аңғал-саңғал, қыс баласына жылу жоқ. Жылу қазандығының ғимараты құлайын деп тұр. «Жедел жәр­демнің» жалғыз машинасы бар екен, оның өзі бұзылып қалған. Әйтеуір аудан орталығынан бір ескі машина беріпті, ауыл халқы сонымен ілдебайлап отыр. Құдай ауыртпасын, ауыртса – жаныңды көлік мәселесі бір, одан аудан орталығымен арадағы жол екі қи­найды. Осы жағдайды көрген облыс басшысы жаңа көлік бөлдіруге уәде етті. Баршында да, оның маңындағы басқа ауылдарда да мәдени ошақ деген жоқ. Бір кезде аудан орталығы болғанына сенудің өзі қиын. Осы төңіректегі Талдысай ауылы – Қазақстанның халық әртісі, әйгілі әнші Рәбиға Есімжанованың туған жері. Тым болмаса, сондай бір әдемі естелік үшін ескі клубтың ғимаратын жөндеп болса да бір мәдениет отауын ашып беретін адам жоқ. Ауыл халқының бір уақыт бой сергуіне таптырмас орын болар еді, не керек. Қазір дүниенің бәрін жаулап алған ұялы байланыс пен ғаламтор тәрізді өркениет белгілері Теңіз өңіріне әлі күнге жете қоймаған. Халыққа қызмет көрсету орталы­ғы сияқты бір қоғамдық қамту бекеті Баршын халқына керек-ақ. Мұндағы пошта күніне екі сағаттан ғана жұмыс істейді екен. Пошташыларының еңбекақысы – 8 мың теңге! Еліміздегі ең тө­менгі жалақы көлемі 22 859 тең­ге болып тұрғанда, бұл кімнің және қалай тағайындаған айлығы екені белгісіз... Облыс әкімі бай­­­ланыс мәселесіне қатысты Қазақ­те­леком­мен хабарласатынын айтты. Баршында полиция бөлімі деген атымен жоқ. Қарапайым халық әлдебір шатақ шықса, «бісімілләсін» айтып, Құдайға сыйынғаннан басқа айла жасай алмайды. Ең жақыны – жүз шақырым жердегі Шұбаркөлде екі полиция қызметкері бар, олардың өзінде көлік те жоқ. Шұбаркөлде мыңға жуық халық тұрады, сырттан 3 мыңдай адам келіп жұмыс істейді. Соның өзінде клуб ашатын бір ғимаратқа қол жеткізе алмай отыр. Ауданның жылдық бюджеті 650 миллион теңге ғана, сондықтан үкіметке қол жаюдан келер қайран жоқ. Аудан басшысы айтқандай, Шұбаркөлдің әлеуметтік-мәдени ахуалын түзеуді кен өндіруші кәсіпорындар арқылы жүзеге асыру керек. Айталық, «Арбат» деп аталатын біріккен кәсіпорынды Нұра ауданына тіркесе, соның өзінен біраз салық түсер еді. Осы орайда аудан әкімі Ни­қанбай Омарханов айтқан сөздің жаны бар. «Статистикашыл заманда «жан басына шаққанда» деген таптаурын тіркес бар. Пәленбай адам болмаса, нысан салуға болмайды дейді. Бұл қандай қисынға келеді. Үш адам тұрса да, оларға жағдай жасау керек қой», дейді елгезек басшы. Жоғарыда айтып өт­кен мә­селелердің бәрін аудан атқа­мі­нер­лері сиыр­құйым­шақтатпай биыл және алдағы жылы шешуді жоспарлап отыр. Баршынның ауруханасы мен жолы осы жыл­дан қалдырмайтын шаруа. Бар­шынның өзінде бұрынғы ішкі істер бөлімінің ғимараты бар екен. Соны жөндеп, әкімдік, спорт бөлімі сияқ­ты жеті мекемені орналастыру жоспарланған. Ауданның жақында ғана таға­йындалған әкімі Ниқанбай Омарханов бұл өңір­дегі ауылдарды тегіс аралап, жағ­дайларымен танысып, шешімін күткен мәсе­лелерді пысықтап қайтқан. Іс­ке енді кіріседі. Бұған дейін облыстың Қарқаралы, Ақ­тоғай аудандарын едәуір алға бастырған тәжірибелі басшыға нұралықтар, оның ішінде теперішті көп көрген теңіздіктер үлкен үміт артып отыр. Облыс әкімінің назарын аударып, ел назасын тыңдауға шақырған да ауданның осы жаңа басшысы. Теңіз өңірі – қазақтың құт да­рыған киелі мекендерінің бірі. Көнеде Беғазы-Дәндібай мәдениеті өркендеген тұс осы. Бала қажы, Аққошқар кесенелері, Ақтүбек қорымы осы маңда. Облыс басшысы Баршынның басында ауыл тұрғындарымен жиын өткізді. * * * Баршынға барар жолда өңір басшысы Щербаков ауы­лына да соғып, осындағы негізгі шаруашылық «Қайнар» серіктестігінің жұмыс барысымен танысты. «Қайнар» да ауыл тұрғындарына жағдай жасап отыр. Ауылдың өз наубайханасы, мешіті, мәдениет үйі, сауықтыру кешені, медициналық пункті бар. Осы ауылдың жастары отыз жылдан бері өткізіліп келе жатқан дәстүрлі аудандық спартакиадада бас жүлдені берген емес. Осының бәрін кейінгі он жылдың мұғдарында «Қайнар» серіктестігі қамтамасыз етіп отыр. Ен далада америкалық «Джон Дир» мен ресейлік «Кировец К 744» трак­­торлары жұмыс істеп жүр. – Аудан бойынша ең құнарсыз жер біздікі, – дейді серіктестік иесі Сейітжаппар Нығметов. – Де­генмен, барды бағалап, биыл 34 мың гектар жердің 27 гектарына егін салдық. Диқандар екі ауысыммен күндіз-түні жұмыс істеп жатыр. Қазір бригадада жерді жырта отырып тұқым себетін 11  арнайы кешен, 24 «К-700» тракторы мен тұқым таситын 20 трактор бар. Арамшөптер химиялық әдіспен жойылады. Бұл мақсатқа биыл 75 миллион теңгеге химиялық қоспалар сатып алдық. «Қайнардың» тағы бір бағыты – мал шаруашылығы. Серіктестік  ірі қараның Әулиекөл асыл тұ­қымын өсірумен шұғылданады. Қазақстанда шығарылған тұқым болғандықтан, бұл жануарлар жергілікті климатқа бейім. Осы сиырлардың еті ел ішінде «мәрмәр ет» деген сипаттамаға ие болған. Яки, қазақша айтқанда, бір ет, бір майдан тұрады. Ет сапасының еуропалық байқауда гран-при жүл­десін жеңіп алғаны да бекер емес. Әрқайсысының салмағы тоннадан асатын асыл тұқымды бұқалар өсірілуде. Осы бұқалармен будандастырып, қолдағы малдың бәрін күйлендіріп алған. Қазір шаруашылықта 1300-ге жуық ірі қара бар. Әр көктем сайын жаңа төлдер қосылып отырады. Биылғы төлдің өзі он шақты айдан соң 300-350 килодай тартады екен. Серіктестік 250-дей адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Еңбеккерлер ай сайын орта есеппен 100 мың теңгеден жал­ақы алады. Бұдан кейін облыс әкімі Нұр­мұхамбет Әбдібеков асыл тұқымды қой зауыты бар «Отқан­жар» серіктестігіне ат шалдырды. Ата кәсіпті мықтап қолға алған Қанат Отарбаев өңір басшысын шаруашылық жайымен таныстырды. Ол қазір 14 мыңнан астам қойды он бес отарға бөліп бағып отыр екен. Соның бәрі асыл тұқымды қойлар. – Биылғы мал төлдету нау­қанында әр жүз саулыққа тоқсан­нан төл ерді, – дейді Қанат Жарияс­ұлы. – Оған қоса, 3 мың гектар ал­қапқа егін салдық. Ірі қарадан 480 бас жылқы, 100 бас сиыр ұстап отырмыз. «Отқанжар» серіктестігі Изенді ауылының әлеуметтік-мәдени саласына айтарлықтай көмек-қолдау көрсетіп келеді екен. Ауыл ішін тазалап, қаңырап тұрған қос қабатты ескі ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, мәдени-спорт кешеніне айналдырған осы серіктестіктің азаматтары. Одан кейін халыққа қызмет көрсету орталығын салып, соның ішінен кезінде жабылып қалған медициналық пункт, кітапхана, пошта, АТС тәрізді мекемелерді қайта ашты. Ауыл ортасындағы қираған үйлердің орнын тазалап, балаларға ойын алаңын, жастарға би алаңын салып берді. Халық игілігі үшін мешіт, тойхана, наубайхана, қымызхана да салған. Бөлімшелер мен қыстақтардағы шопан балаларына арнап 30 орындық интернат үйін тұрғызды. Балаларды апта сайын үйлеріне апарып-әкеліп тұру үшін жаңа автобус сатып алды. Шаруашылық есебінен сау­да нүктелері ашылып, жанар-жағармай стансасы салынды. Изендінің бірден-бір проблемасы – ауыз су мәселесі. Облыс әкімі бұл орайда жақын уақытта шара қолданылатынын айтты. * * * Нұра сынды Арқа өңірінде та­сы өрге домалаған ауданның өзінен екі түрлі жағдайды көрдік. Біз болған Щербаков пен Изенді ауылдарында игілік салтанат құрса, Теңіз топырағындағы елді мекендердің жүдеу тұрмысы арқаға аяздай батты. Алдағы уа­қытта есте мықтап ұстайтын мә­селе көп. Соның бірі – бюджет қаражаты бөлініске түс­кенде ала қойды бөле қырықпай, Баршын мен сол төңіректегі бас­қа да ауыл­дардың бұйымтайы ескерілсе екен деген тілек. Теңіз өңірінің проблемалары еңсеге салмақ болғанмен, олардың облыс әкімі айтқан шешімдері ертеңгі күннен үміт күттіреді. «Бет көрсе – жүз ұялады» демекші, өңір халқының аймақ басшысымен жүзбе-жүз тілдескені де дұрыс болды. Қарағанды облысының әкімі сөзін жерге тастайтын азамат емес. Бірер жылда Баршынға бастайтын жол тақтайдай болып, басқа мәселелердің де оң шешілгені туралы сол жақтың адамынан әлде ұялы телефон, әлде ғаламтор арқылы байланысып естіп жатсақ, екі сөйлемес ердің ісі деп білерміз.  Сол күндер алыс болмағай!.. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» Қарағанды облысы, Нұра ауданы