• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
03 Маусым, 2016

Кім қайда бет алды?

459 рет
көрсетілді

Мектеп реформасы туралы толғаныс Тәуелсіз Қазақстанда білім беру жүйесінің өзіндік моделін қалыптастырудың бастапқы кезеңінде оқыту үдерісінің сипаты мен қағидаттарын және идеясын өзгерту қажеттігі пайда болды. Бірақ мектептер моделі бұрынғысынша кеңестік білім жүйесінің стандартында қалды. Ол 4 жылдық бастауыш сыныпты, 5 жылдық негізгі кезеңді және 2 жылдық толық орта білімді қамтыды. Мұның сыртында Қазақстан батыстық мектептер нұсқасына бағыт ұстай отырып, білім берудің екі моделін таңдап алды. Олар барлық балаларға арналған жалпы білім беру моделінен және көбінесе жоғары сыныптарды қамтитын элиталық мектеп моделінен тұрды. Бұл соңғы топқа Назарбаев зияткерлік мектептері мен жекелеген ақылы оқытатын жекеменшік мектептерді жатқызуға болады. Бұларда ағылшын тілінде оқытуға молынан мән беріліп келеді.  2001 жылдан бастап жалпы орта білім беретін мектептерді реформалау бағытында халықаралық тәжірибелер зерттеліп, жаңа баламалы оқулықтар енгізілді. Мектепте білім берудің құрылымы бірте-бірте 12 жылдық білім беруге көшу бағытын ұстады. Мұнда алғашқы 4 жыл – бастауыш мектеп, мұнан кейінгі 6 жыл – негізгі мектеп, келесі 2 жыл – жоғары мектеп деп, 4+6+2 моделінде бөлінді. Мектептерде бұрыннан қа­лып­тасқан дәстүрлі оқу жүйе­сінің болуына қарамастан, еліміздегі жалпы орта білім беру жағдайы ауыр күйінде қалға­н­дығын атап өту керек. Осыған байланысты көптеген мамандар біздің еліміздегі мектептік білім беру жүйесі өзгеріс үстіндегі өмірге тым баяу бейімделетіндігін айтып отыр. Қазақстан Орталық Азиядағы басқа елдерге қарағанда білім реформасына ертерек кіріскенімен, бұл мәселенің ұшығына әлі де шыға алмай келеді. Өзгеріс кезеңдері Қарағанды мемлекеттік универ­ситетінің доценті Людмила Зуева «Қа­зақстан Республикасының мектептегі білім беру жүйесінің даму кезеңдері» атты зерттеу еңбегінде еліміздегі білім саласын реформалауға дайындық жұмыстарын былай деп бірнеше кезеңге бөліп қарастырады: 1991-1994 жылдар. Бұл кезеңде ұлттық білім беру жүйесінің өзіндік ерекшеліктері айқындала бастады. Отбасылық тәрбиенің ұлттық жүйесі зерделенді. Білім беру саласындағы заңдық және нормативтік база қалыптасты. Білім берудің заман талаптарына сай келмейтін қайшылықты, дағдарысты тұстары айқындалды. 1995-2000 жылдар. Бұл кезеңде мектептегі реформаның тұжырымдық негіздері айқындалып, шоғырландыру қағидаты бойынша мемлекеттік стан­дарттар мен бағдарламалар әзірлен­ді. Республикалық тестілеу орталы­ғы құрылды. Сонымен қатар, ақпарат­тандырудың мемлекеттік бағдарла­масының бірінші кезеңі басталып, онда көрсетілген шаралар жүзеге асырылды. Мектепте білім берудің бұрынғы 4+5+2 моделі сақталынды. 2001-2004 жылдар. Бұл кезеңде жаңа тұрпатты оқулықтарды шығару басталды. 2002-2004 жылдарға арналған білім берудің ақпараттық жүйесінің екінші кезеңі іске қосылды. Әлемдік білім кеңістігіне кірудің 2015 жылға дейінгі стратегиясы әзірленіп, жаңа міндеттер белгіленді. Еліміздің 104 мектебінде 12 жылдық оқытуға көшудің эксперименттік нұсқасы енгізілді. Бірыңғай ұлттық тестілеу орнықты. 2005-2010 жылдар. Елімізде осы уақыт аралығында білім саласын дамытудың аталған кезеңге арналған мемлекеттік бағдарламасы іске қосылды. Сондай-ақ, 2005-2007 және 2007-2010 жылдарды қамтыған ақпараттандыру бағдарламасының үшінші және төртінші кезеңінің жұмыстары жүргізілді. 2010-2015 жылдар. Мектептегі білім беруді жаңғырту бойынша іс-шаралар қолға алынды. 12 жылдық білім беруге бірте-бірте көшуге дайындық жұмыстарына белсенді сипат берілді. Міне, осы кезеңдерден көріп отырғанымыздай, елімізде қолға алынған мектеп реформасына дайындық жұмыстары негізінен алғанда кеңестік білім жүйесінен бірте-бірте бас тартып, ұлттық мектептің жаңа моделін қалыптастыруға, әлемдік білім жүйесіне кірігуге, осы үшін орта мектептерді 12 жылдық білім беруге көшіруге бағытталған. Бұларда үш тұғырлы тілге көшу мәселесі осы уақытқа дейін қозғалмаған. Демек, еліміздегі орыс тілді, қазақ тілді деп бөлінетін мектептерді бір ізге салу мәселесі, ұлттық мектептің біртұтас жобасын жасау ісі осы уақытқа дейін Үкіметті де, қоғамды да толғандырмаған. Сөйтіп, біз аталған мәселеге жан-жақты дайындық жасауға ертерек кіріспей, көп уақытты босқа жіберіп алған екенбіз. Негізінен 12 жылдық білім беруге көшу мәселесін ғана қарастырып келіппіз. Мәселен, елімізде 12 жылдық білім беруге көшу және кәсіптік білім мазмұнын қайта қарастыру мәселесі алғаш рет 2001 жылдың 2-3 ақпан күндері өткен Білім және ғылым қызметкерлерінің екінші съезінде қозғалған екен. Мұнан кейін 2002 жылы 12 жылдық білім беруге көшудің моделін әзірлеуге бағытталған зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Оның негізгі мақсаты – өзін-өзі жүзеге асыра алатын, жедел өзгеріс үстіндегі әлем жағдайында дұрыс адамгершілік шешім қабылдау мүмкіндігі бар жеке тұлғаны қалыптастыру болды. Мұнда мектептің 11-12 сыныптарында жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы білім беруді көздейтін екі бағыт белгіленді. Осы аралықта мектептерді ақпараттық жүйелермен қамтамасыз ету ісі қатар жүріп жатты. 2004 жылы жалпы білім беретін мектептер 100 пайыз компьютерлендірілді. Орталық коммуникациялық торап құрылып, ол Білім және ғылым министрлігінің орталық аппаратына және облыстық білім департаменттерінің телекоммуникациялық тораптарына қосылды. Электронды оқулықтар мектептегі пәндердің 25 пайызын қамтыды. Қашықтықтан білім берудің спутниктік каналына еліміздің 6 облысының 717 мектебі қосылды. Бірақ, сонымен қатар, білім беру саласындағы ақпараттық және коммуникациялық технологияларды қолдану мен дамыту ісі қажеттіліктен көп кейін қалып жатты. Мәселен, 2004 жылы мектептерде орнатылған 1 компьютерге 54 оқушыдан келді. Бұл ЮНЕСКО-ның мәліметі бойынша ТМД елдеріндегі ең жоғарғы көрсеткіштердің бірі болып табылғанымен, әлемнің көптеген елдерінде жағдай бұдан гөрі әлдеқайда жақсы екендігі атап көрсетілді. Мәселен, 2002 жылы Экономикалық ын­тымақтастық және даму ұйымы елдерін­де 1 компьютерге 13 оқушыдан келсе, Латвия, Венгрия, Чехияда тиісінше 5,9 және 15 оқушыдан келді. 2004 жылдың басында Ұлыбританияда 1 компьютерде 5 оқушы, АҚШ-та 4 оқушы дайындалды. Сонымен қатар, 2004 жылы Қазақстан мектептерінің 44 пайызы ғана интернет желісіне қол жеткізсе, Финляндияда 1999 жылдың өзінде бұл көрсеткіш 90 пайызды құрады. 2000 жылы Эстония мектептерді 100 пайыз интернет желісімен қамтыды. Австралия, Канада, Исландияда мектептердің интернет желісімен қамтылуы осы жылы 80 пайыз болды. Міне, осы аталған кезеңдердегі жүзеге асырылған жұмыстар Ерлан Сағадиев басқаратын Білім және ғылым министрлігі кіріскелі отырған кең ауқымды реформаға, үш тұғырлы тілді жеке бөліп айтпағанның өзінде, едәуір дайындық жұмыстарының болғандығын, яғни бұл реформаның тұтқиылдан қолға алынбағандығын, сонымен қатар, Қазақстанның бірте-бірте кеңестік білім жүйесінен бас тартып, батыстық білім берудің жалпы моделіне қарай ойысқандығын білдіреді. Мұның бір жарқын мысалы еліміздің жоғары білім жүйесінің 2010 жылы Болон үдерісіне қосылуы болды. Болон үдерісі дегеніміз – бір сөзбен айтқанда, еуропалық жоғары кәсіби білімде біртұтас жалпыеуропалық білім кеңістігін қалыптастыруға бағытталған жаһандану үрдісінің көрінісі. Бұл жөніндегі халықаралық декларация алғашқы еуропалық университеттің отаны – Болонья қаласының (Италия) құрметіне осындай атпен 1999 жылы бекітілген. 2004 жылға дейін Болон үдерісіне 40 ел мүше болды. Олардың қатарында түркітілдес елдерден Қазақстанмен қоса Түркия мен Әзербайжан енген. Әрине, білім саласы секілді өте нәзік те күрделі мәселеде, әсіресе, оның орта білім секілді кең тараған түрінде түбегейлі бетбұрыс жасаудың өзіндік қиындықтары болатындығы әбден түсінікті. Жалпыға ортақ орта білімде реформа жасау жоғары білім жүйесіне қарағанда әлдеқайда қиынға түсетіні анық. Өйткені, елімізде бірнеше ондаған жоғары оқу орны болса, орта мектептердің саны сегіз мыңнан асады екен. Демек, бұл мәселе көп күш-жігерді қажет етеді. Бұл істе практикалық тұрғыдан жаңа жетістікке қол жеткізу үшін бұрыннан қалыптасқан жүйенің біраз жетістіктерін жоғалтуға тура келеді және ол қоғамда ізсіз кетпейді. Мәселен, жоғарыда аталған кезең ішінде ЮНЕСКО-ның Қазақстанды білім беру саласында проблемалары бар елдер қатарына қосуы соның бір көрінісі болды. Онда білім сапасының төмендегендігі, ауылдық мектептерде әлеуметтік жағдайдың нашарлығы, жоғары білімді мамандардың тапшылығы, реформалардың таусылып бітпейтіндігі, материалдық-техникалық базаның әлсіздігі атап өтілді. Міне, осындай фактілерге сүйене отырып, елімізде енді қалыптаса бастаған білім жүйесін сынаушылар өте көп. Олар елімізде осы уақытқа дейін білім саласында жүргізілген өзгерістер оқушыларды да, мұғалімдерді де әуре-сарсаңға салып бітті, бірақ бұдан туындап жатқан нәтиже жоқ, мектептегі білім беру жүктемелері көбейді, есесіне білім сапасы төмендеді дейді де, кезіндегі кеңестік білім жүйесінің артықшылықтарын айта бастайды. Оны өзгертпеу керек еді дейді. Әрине, осы сындардың басым көпшілігімен келісуге болар. Себебі, білім саласында ширек ғасырдан бері жүргізіліп келе жатқан ұшы-қиыры жоқ өзгерістердің қоғамды әбден шаршататындай болғаны анық. Қазіргі Білім және ғылым министрлігінің бастағалы отырған реформасына қатысты сындардың қарша борауының өзі осыдан болса керек. Яғни, білім саласында бұрыннан қалыптасқан өкпе-реніштер енді жаңа министр Ерлан Сағадиевтың басына бұлт болып төніп тұр. Бірақ жаңа министріміз осындай пікірлерге, қазіргі қиындықтарға қарамастан, өзі қолға алған істі одан әрі жалғастыра береді деген сенімдеміз. Қазіргі мектеп партасында отырған балалардың ертеңгі болашағы ол кісіден осыны талап етеді. Оның үстіне біз осыдан ширек ғасыр бұрын құлап, тарих сахнасынан көшіп кеткен қоғамның білім қағидаттары, білім стандартымен қашанғы өмір сүре бермекпіз? Сондықтан енді орта жолда көп малтықпай жағалаудың бір шетіне тездетіп шығуымыз керек. Білім және ғылым министрлігінің орта мектепті реформалауға байланысты ұсынған жаңа бағдарламасын, соның ішінде қоғамымызды орыс тілді және қазақ тілді деп араға жік сала бөліп, әр жаққа тартып тұрған проблеманы шешу үшін үш тілді қатар оқытатын бір типті мектеп жасау жөніндегі ұсынысын әбден орынды дейміз. Айтпақшы, бұл аталған проблеманың өзі бізге кеңестік білім жүйесінің тастап кеткен ескі мұрасы емес пе еді?! Кеңестік білім жүйесі неге ескірді? Обалы не керек, Кеңес өкіметі өзіндік білім стандарттарын революция қарсаңындағы патшалық Ресейдің білім саласының ең озық үлгілері – ақсүйектердің балаларына арналған гимназиялар жүйесінен алып, оны бұқара халықтың бәріне ортақ ету және өзіндік жаңа тәжірибелермен байыту арқылы білім саласында үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Кеңес өкіметінің көбінесе саналы, жан-жақты білімді адам тәрбиелеуге көп күш жұмсағандығы белгілі. Сондықтан оның білім жүйесі мектептерде пәндерді ботаника, биология, тарих, ана тілі, орыс тілі, шет тілі, физика, математика, химия, геометрия, география, сурет салу, сызу, музыка, дене тәрбиесі, әскери сабақ, еңбек сабағы дегендей сағаттар бойынша бөліп оқытты. Осы дәстүр жоғары оқу орындарында неғұрлым тереңдетілген пәндер бойынша одан әрі жалғасты. Философия, саяси экономика пәндері енгізілді. Бұл дәстүр бір есептен алғанда, Кеңес өкіметінің мақсаттарына сәйкес келді. Өйткені, мемлекет кемелденген социализмді қалыптастырып, одан әрі коммунизм құру бағытын ұстады. Ал коммунизмге бірінші кезекте затқа, жеке меншікке қызығушылық танытпайтын, қоғам мүддесін өз мүддесінен жоғары қоятын парасатты, саналы адам қажет еді. Өкінішке орай, бұл идея ақыр аяғында орындалмайтын арман секілді утопия болып шықты. Өйткені, Кеңес өкіметі құласымен-ақ көптеген адамдардың нағыз дүниеқоңыздықтың көкесін көрсетіп шыға келгендігі анық қой. Сонда кеңес заманында алған білім мен тәрбие қайда қалды?! Ақыр аяғында дана халқымыздың «қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген бір ауыз сөзі бәрін де айқындап берді. Оның үстіне, Кеңес өкіметі кезінде бізде еңбек нарығы деген ұғымның өзі бола қойған жоқ. Мектепті немесе орта арнаулы оқу орны мен жоғары оқу орнын бітірген әрбір жас өзінің күні ертең жұмыссыз қалмайтындығын жақсы білді. Адамдарды жұмысқа орналастыру мәселесімен мемлекет шұғылданды. Сондықтан Кеңес өкіметінің білім жүйесі адамды өмірге, қарапайым тіршілік қажеттіліктеріне бейімдеу, оның тіршілік үшін, жұмыс орны үшін күресте бәсекелестік қабілетін шыңдау ісіне көп бас қатырып жатпады. Сонымен қысқаша айтқанда, заман өзгерді, соған сай идея мен мақсат та өзгерді, ол мақсатқа қол жеткізудің әдіс-тәсілдері мен құралдары да өзгерді. Тіпті, осынау ширек ғасырдың ішінде нарық заңдылықтарымен өмір сүре бастаған адамдардың сана-сезімдері де көп өзгерді. Ендеше, кеңестік білім жүйесінің ескірмейтін несі қалды?! Егер біз оның мұраларын қызғыштай қорғап, бұрынғысынша сақтап қала берсек, күні ертең әлемдік білім жүйесінде аралда жалғыз қалғандай күй кешетін боламыз. Басқа елдерге біздің жоғары оқу орындары беретін дипломдар мен мектеп аттестаттарын мойындатудың өзі мүмкін болмайды. Кеңестік білім жүйесінен қағидаттары мен стандарттарынан басқаны былай қойғанда оның заңды мұрагері Ресейдің өзі бас тартқандығының өзін осымен түсіндіруге болады. Бұл ел Болон үдерісіне бізден алты жыл бұрын, яғни 2004 жылы қосылып қойған болатын. Шетелдік тәжірибелер не дейді? Енді мектеп реформасындағы шетелдік тәжірибелерге тоқтала кетейік. Деректерге қарағанда, 12 жылдық білім беру әлемнің 136 елінде жүзеге асырылуда. Оның ішінде АҚШ, Жапония, Германия, Франция, Финляндия және басқа да дамыған елдер бар. ТМД елдері арасында 12 жылдық білім беру Украинада, Өзбекстанда, Балтық жағалауы елдерінде қолданылуда. Сондай-ақ, бұған Армения, Әзербайжан, Молдова және Қазақстан әзірленуде. Мектепте білім берудің неғұрлым кең тараған шетелдік модельдері 4-6 жылға дейін созылатын бастауыш білімді және орта білімнің келесі екі сатысын қамтиды екен. Көріп отырғанымыздай, оларда мектептегі білім көбінесе үш сатыдан тұрады. Ал Дания, Швеция, Финляндия секілді елдерде, сондай-ақ, АҚШ-тың жекелеген штаттарында бастауыш білім жеке дербес деңгей ретінде бөлінбейтін көрінеді. Сондықтан мектепте білім берудің бірінші сатысының ұзақтығы оларда 8-9 жылға дейін созылады екен. Осы уақыт аралығында оқушылар негізгі орта білімді меңгереді де, мұнан кейін 3-4 жылға дейін созылатын қорытынды кезеңге өтеді. Корытынды кезеңде мектептер көбінесе оқушыларға кәсіптік білім беру бағытын ұстайды. Бүгінгі күндері әлем бойынша білім беру саласының көш басына Сингапур сияқты шағын елдің шыққанын айтуымыз керек. Бүкіләлемдік экономикалық форумының Жаһандық бәсекеге қабілеттілік жөніндегі 2010-2011 жылғы есебі бойынша Сингапур «білім беру сапасы» жөнінде бірінші орынға шықты. 2012 жылы жүргізілген жаһандық білім беру сауалдамасында осы жөнінде бесінші орын алды. Ал оқушылардың функциялық сауаттылығын зерттейтін Pirls, Pisa, Timss рейтингтерінде Сингапур тұрақты түрде көш бастап отыр. Сингапурдағы білім беру жүйесінің негізгі мақсаты – «әрбір адамды өмір бойы оқуға, жаңа білім мен дағдыларды алуға, жаңа технологияларды игеруге, инновациялық рух пен кәсіпкерлікті дамытуға, тәуекелге бара жеке өзіне жауапкершілік алуға» ынталандыратын орта қалыптастыру болып табылады. 1997 жылы Сингапурда «Ойланушы мектеп, сауатты ұлт» бағдарламасы іске қосылды. Бұл бағдарламада әрбір оқушыға өз әлеуетін неғұрлым толық ашуға мүмкіндік беретіндей жағдай қалыптастыруға ерекше назар аударылды. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін мектептерге неғұрлым еркіндік берілді. Сонымен қатар, мектептер балаларды неғұрлым тиімді де дұрыс оқыту жөнінде үлкен жауапкершілік арқалауға тиіс болды. Мұғалімдерге өздерінің педагогикалық қызметін жүзеге асыруда үлкен еркіндік берілді. Ал мектеп директорлары мектепті басқару жөнінде дербес шешім қабылдай отырып, өз идеяларын жүзеге асыруда үлкен құқықтарға ие болды. Міне, осы Сингапурда мектептерде ағылшын тілінде сабақ беру өте жақ­сы жолға қойылған. Оны айтасыз, Синга­пурда ағылшын тілі мемлекеттік тіл болып есептеледі. Бұл тіл соңғы жылдары елдегі қытай тілін ығыстыра түсуде. Сонымен қатар, білім сапасын арттырып, заманға сай ұрпақ тәрбиелеу ісінде Оңтүстік Кореяның білім беру тәжірибесі де назар аударуға тұрарлық. Мәселен, Рerson британдық компаниясының 2012 жылғы рейтингінде Корея 120 елдің ішінде екінші орынға шықты. Бұл елдегі білім беру саясатының басты бағыты өсіп келе жатқан жас ұрпақты жедел өзгеріс үстіндегі әлем жағдайындағы дербес өмірге дайындау болып табылады. Мемлекеттік инвестициялардың елеулі бөлігі электронды оқытуды ұйымдастыруға, жаһандық ынтымақтастық жобаларын игеруге бағытталады. Оңтүстік Кореяда ағылшын тілінде білім беру жақсы жолға қойылған. Бұл ел соңғы жылдары әлемнің әр шалғайынан туристер шақыра отырып, оларға ағылшын тілін оқытуға бағытталған қысқа мерзімді курстарды ұйымдастыруға кірісті. Еліміздегі «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы қызметкерлері осы елдің тәжірибесін зерттеді. Олардың айтуынша, Оңтүстік Кореядағы электронды оқыту адам ресурстары сапасын арттырудың басты амалдарының бірі ретінде қарастырылуда. Мұндағы білім жүйесінде төмендегідей білім мен дағдыларды қарастыру көзделеді. Олар – ынтымақтастық, үйлесімділік, әлеуметтік жауапкершілік, сыни ойлауға бейімділік, проблемаларды жедел және сапалы шешу. Енді білім беру саласындағы шетелдік тәжірибелер туралы айтқаннан кейін мына бір мәселеге тоқтала кетпесек болмайды. Білім беру саласы бірінші кезекте экономикаға, ондағы еңбек нарығын дамытуға қызмет етуі керек. Қазіргі күні бұл шындықты әлем елдері түгелге жуық мойындайды. Бірақ білім саласы бойынша осыған қол жеткізудің екі түрлі амалын қарастырады екен. Осы қолданылатын екі түрлі амалға байланысты әлем елдері өздерінің білім беру салалары бойынша екі топқа жіктелінген. Бірінші топтағылар неғұрлым біліктілігі жоғары мамандар даярлауға баса назар аударады да, ел ішіндегі элиталы мектептердің дамуына көбірек қам жасайды. Яғни, ел экономикасын дамытуда негізінен алғанда аз шоғыр өте жоғары білікті мамандар мен менеджерлердің, яғни жеке тұлғалардың ақыл-ойы мен қарым-қабілетіне көбірек сүйенгісі келеді. Бұл топқа АҚШ және басқа да бірқатар дәстүрлі капиталистік жүйедегі елдерді қосуға болады. Ал екінші топтағы елдер сапалы білімге жалпы халықтың қолы жетуін көздейді. Олар осы арқылы ел ішіндегі әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын бекітіп, білім алудың тең мүмкіндікті жолдарын қарастырады. Соңғы кездері керемет дамып келе жатқан Азия елдері мен Қытайды осы топқа жатқызуға болады. Сарапшылардың айтуынша, білімнің тиімділігі саласында соңғы жылдары жүргізілген зерттеулер осы екінші топтағы елдердің таңдаған бағыттарының дұрыс екендігін көрсетіп отыр. Өйткені, жаңа технологиялардың қарқынды дамып, әлем елдеріне кеңінен таралуы елдегі жеке маманның ғана емес, қоғамдағы әр адамның білімді және бәскелестікке қабілетті болуын қажет етуде. Осыны көріп, АҚШ және басқа да елдер білім саласындағы стратегияларына өзгерістер енгізуде. Тіпті, көршіміз Ресейдің өзінде Мәскеуде осы уақытқа дейін қалыптасқан элиталы мектептерді жалпы білім мектептеріне қосу ісі бас­талып кеткен. Білім саласында мектептердің бір ғана типті болуын жариялай отырып, біздің Қазақстанымыз да осы екінші топтағы елдер арасындағы орнын одан әрі бекіте түсті деп есептейміз. Мемлекет осы арқылы байдың баласы да, кедейдің баласы да үш тілді қатар игеру мүмкіндігіне ие болып, бірдей білім стандартын меңгерсін деп отыр. Бұл түсінген адамға бұқара халық үшін жасалған үлкен жақсылық, әділетті шешім емес пе, ағайын?! Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»