• RUB:
    5.08
  • USD:
    482.86
  • EUR:
    533.17
Басты сайтқа өту
03 Маусым, 2016

Бірлік пен берекенің бірегей тетігі

514 рет
көрсетілді

Кеше «Нұр Отан» партиясы мен  Қазақстан халқы Ассамблеясы  Бірлескен іс-шаралар жоспарын бекітті Аталған құжатқа «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында өткен кеңейтілген отырыста партия Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед пен Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Ералы Тоғжанов қол қойды. Бейнеконференция пішімінде өткен жиынға Мәжіліс депутаттары мен Қазақстанның бар­лық өңіріндегі «Нұр Отан» партиясы мен ҚХА филиалдарының мүшелері қатысты. Отырысты ашқан М.Құл-Мұхаммед Ел­басының осы жылдың 24 наурызында өткен партия Саяси бюросының отырысында «Нұр Отанға» ҚХА-мен бірлесіп жұмыс істеу жөнінде арнайы тапсырма бергенін атап өтті. Басқосудың осы тапсырманы орындау мақсатында өткізіліп отырғанына назар аударған ол: «Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктеріміздің басым бөлігіне еліміздегі тыныштықтың, саяси тұрақтылықтың, ұлтаралық келісімнің және халықтың береке-бірлігінің арқасында қол жеткіздік. Елбасымыз Қазақстан халқы Ассамблеясы атты дүниежүзінің бірде-бір елінде кездеспейтін бірегей институт құ­рудың және оны жүзеге асырудың негізгі бастамашысы болды. Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы да ең алғаш құрылған күнінен бас­тап Президентіміздің сара саясатын қолдап келеді. Яғни, Елбасын 1999 жылы халықтық сайлауда қолдаған республикалық штаб кейін «Отан» партиясы болып құрылған еді. Осы екі саяси құрылым Мемлекет басшысының халықтың береке-бірлігін сақтау жөніндегі басты тірегі болып есептеледі. Сол себепті, «Нұр Отан» партиясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясы Елбасы саясатының басты бағыты – еліміздегі саяси тұрақтылықты, қоғамдық және ұлтаралық келісім мен береке-бірлікті қамтамасыз ету жолында бірлесіп жұмыс атқару керек. Себебі, дәл осы қасиеттер еліміздің барлық жетістігінің негізі болып саналады. Аталған тапсырмаларды орындау үшін бүгін Парламент Мәжілісіндегі Ассамблея атынан сайланған депутаттық топ мүшелері, партия басшылығы және өңірлердегі партия мен Ассамблея филиалдарының басшылары бас қосып отыр. Өздеріңізге белгілі, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының IV бағыты Қазақстан халқының береке-бірлігіне арналған. Соның негізінде біз бүгін аталған салаға қатысты мәселелерді бірлесе қарап, өзара меморандумға қол қойдық. Бұл – біздің алдағы уақытта бірлесе атқаратын жұмыстарымыздың басты құжаты болады», – деді. Өз кезегінде Е.Тоғжанов қай кезде де бірігіп жасаған жұмыстың жемісті, бірлесіп шығарған шешімнің нәтижелі болатынын айтты. «Биыл Қазақстан елі және халқы үшін ерекше жыл. Өйткені, биыл тәуелсіз ел атанғанымызға 25 жыл толып отыр. Жалпы, тәуелсіздіктен асқан құндылық, артық қасиет жоқ. Сондықтан оны нығайтуға әр қазақстандық атсалысуы тиіс. Осы ретте қо­ғамдық келісімді нығайту, сол арқылы мемлекетіміздің тұрақты дамуын қамтамасыз ету негізінде ғана біз елдігіміздің іргесін бекемдеп, еркіндігімізді нығайтуға тікелей әсер ете аламыз. Өйткені, біздің дамуымыздың не­гізі басты үш тұғыр – Елбасы, Қазақстан халқы және тәуелсіздікпен тікелей байланыс­ты. Бүгін бірлесіп жұмыс істеуге бел буып отырған екі саяси құрылымның да басшысы Нұрсұлтан Назарбаев екенін білеміз. Сондай-ақ, тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап елдік, ұлттық және бірлік саясаты Елбасының жігері арқылы бүкіл Қазақстан мемлекетінің басым бағыты ретінде енгізілді. Сондықтан бүгінгі іс-шарамыздың басты мақсаты – қазіргі бірлігімізді одан әрі нығайту болып табылады», – деді ҚХА Төрағасының орынбасары. Сонымен қатар, Е.Тоғжанов «Мәңгілік Ел» идеясын қабылдаған кезде Елбасы негізгі 7 бағытты белгілеп бергенін тілге тиек етіп, соның ішіндегі басты құндылық тәуелсіздік пен бірлік екені атап көрсетілгеніне қаты­сушылардың назарын аударды. Сондық­тан алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыс қар­­қынымызды күшейтіп, еліміздегі пар­тиялардың бірегейі – «Нұр Отан» партиясымен қоян-қолтық жұмыс істейтінін айтқан Е.Тоғжанов «Бірлескен жұмысымыздың бірінші бағыты тәуелсіздіктің 25 жылдығын лайықты деңгейде атап өту аясындағы іс-шаралар болса, екіншісі – «Мәңгілік Ел» идеясындағы басымдықтарды халық арасында кеңінен насихаттау. Сондай-ақ, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында қабылданған бес реформаның ішіндегі төртіншісі – «Біртектілік пен бірлікке» қатысты Елбасының нақты тапсырмаларын бірлесіп жүзеге асырамыз. Одан бөлек, таяуда ғана Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIV сессиясында қабылданған «Мәңгілік Ел» Патриоттық актісін халыққа түсіндіру жұмыстарын жүр­гіземіз», – деді. Бірлескен іс-шаралар жоспарының маңыз­дылығына тоқталған Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Мирас» республикалық қоғамдық кеңесінің мүшесі Қуаныш Сұлтанов ширек ғасыр бұрын бүгінгі күніміздің мүмкін емес­тей көрінгенін айтты. «Тәуелсіздік алғаннан кейін қазіргі күнімізге қандай жолмен, қандай реформалармен жетеміз деп толғандық. Сол қол жетпестей көрінген арман күніміз бүгінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігінің арқасында мүмкін болып отыр. Бұл Президентіміздің өзінің де арманы еді. Сол арманын халқына жариялаған Елбасы елін артынан ертіп, Қазақстанды осындай бейбітшілігі мен бірлігі жарасқан тәуелсіз мемлекетке айналдырды. Сондықтан бүкіл халық болып осы ширек ғасырлық тойымызды абыроймен атап өтуіміз керек», – деді Қ.Сұлтанов. Парламент Мәжілісінің депутаты, ҚХА депутаттық тобының жетекшісі, «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі Сауытбек Абдрахманов та келісіп пішкен тонның келте болмайтынына мән берді. «Президентіміз бір сөзінде: «Қазақстанның басты байлығы – жердің астында да емес, жердің үстінде де емес, қазақстандықтардың жүрегінде», – деп шегелеп айтқан болатын. Расында да, біздің басты байлығымыз – бірлігіміз, бірлік арқылы жасап жатқан тірлігіміз және сол тірліктің арқасында бүкіл әлемге көрсетіп отырған ірілігіміз. Осының барлығы айналып келгенде қоғамдық келісімге келіп тіреледі. Қоғамда келісім бар жерде барлық мәселе шешіледі, кез келген түйін тарқатылады және әр салада ілгерілеу болады. Сол себепті, әлемде жоқ институт, «Назарбаевтың ноу-хауы» деп бүкіл әлемде мойындалатын Қазақстан халқы Ассамблеясы «Нұр Отан» партиясымен әрдайым бірге қадам басып, бір ырғақпен жұмыс жасайды. Ассамблеяның Мәжілістегі депутаттық тобында «Нұр Отаннан» бөлек, «Ақ жол» мен Қазақстан Коммунистік халық пар­тиясының фракциялары да бар. Осы арқылы бірегей партияаралық диалог жасауға жол ашылып отыр», – деді С.Абдрахманов. Бірлескен жұмыс жөнінде өз пікірін біл­дірген ҚХА Кеңесінің мүшесі, «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі, Л.Н.Гу­милев атындағы ЕҰУ ҚХА кафедрасының меңгерушісі Анатолий Башмаков: «Бүгінгі бекітілген Бірлескен іс-шаралар жоспары – рухани және саяси ресурстарға бай, аса маңызды құжат. Ол Елбасы тапсырған тұрақты даму мен қазақстандық бірегейлікті жүзеге асыруды қамтамасыз ететін негізгі база болады деп сенемін. Қазіргі таңда әлемнің әр түкпіріндегі ұстанымдары мен бағыттары бөлек ғалым­дар, сая­саткерлер және қайраткерлер бүгінгі жаһандық өркениетті алға жылжытатын нәр­­се либералды, социал-демократиялық немесе консервативті идеологиялар емес, бірінші кезекте азаматтық бірегейлік екеніне көз жеткізді. Ал егер ондай қасиет мемлекетте болмаса, ол елдіктің іргесіне сызат түсіретіні де бүгінде дәлелденді. Бұған мысал ретінде, Ливия, Сирия, Украина сынды тұрақсыздық жайлаған елдерді айтуға болады. Сондықтан да Елбасымыз әр сөзінде береке мен бірлікті нығайту керектігін айтып, халықты соған шақырып келеді. Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру үшін еліміздегі партиялардың көшбасшысы «Нұр Отан» мен Қазақстан халқы Ассамблеясының күш біріктіруі тек қолдауға тұрарлық бас­тама екенін айтқым келеді. Бұл ретте екі құрылымның мұндай тәжірибесі бұрын­нан бар екені де бүгінгі бастаманың жемісті боларына сендіреді. Сондықтан қабылданған құжат негізінде атқарылатын жұмыстардың басым бағытын халыққа наси­хаттап, лайықты түрде түсіндіруіміз керек», – деді. Іс-шара барысында өңірлердегі партия және ҚХА филиалдарының жетекшілері тікелей бейнебайланысқа шығып, өз өңірлерінде атқарылған жұмыстар жөнінде айтып бер­ді. Солардың бірі Оңтүстік Қазақстан об­лысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хат­­­­шылығының меңгерушісі Мұратәли Қалмұратов «Нұр Отан» партиясы мен ҚХА сынды беделді екі институттың бірлесіп жұмыс жасауы заңдылық екенін айтты. «Қазақстан халқы Ассамблеясы – жер бе­тінде баламасы жоқ конституциялық орган. Бұл жөнінде әлемдік қауымдастықтың белгілі сарапшылары әрдайым айтып жүр. Ал «Нұр Отан» өзінің еліміздегі көшбасшы партия екенін соңғы 17 жыл ішінде ерекше ұғындырып, айрықша аңғартты. Наурыз айында өткен Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауына облыстағы сайлаушылардың 85,06 пайызы қатысса, соның 82 пайыздан астамы «Нұр Отан» партиясын таңдады. Бұл көшбасшы ұйымның оңтүстік жұртшылығы арасындағы беделі мен мәртебесінің шынайы жоғары екенін білдіреді», – деді ол. Оның сөзіне қарағанда, жыл басынан бері өңірдегі этносаралық бірлік пен қоғамдық келісімді насихаттау, өзара түсіністік пен құрметті нығайту бағытында облыстық дең­гейде 32 іс-шара ұйымдастырылыпты. Со­лардың ішінде «Қазақ еліне мың алғыс», «Достық сыйы» сынды шаралардың шоқты­ғы биік. Жыл соңына дейін тағы 70-ке жуық кең көлемдегі іс-шаралар өткізу жоспарлануда екен. Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясы Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова да байланысқа шығып, ел бірлігін нығайту жолында өңірде атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті. Осы ретте Қарағанды облысы 100-ден астам ұлт өкілі тату-тәтті өмір сүріп жатқан, ұлттар достығы мен қоғамдық келісімнің жарқын үлгісі болып табылатын еліміздегі көпұлтты өңірлердің бірі екенін атап өткен жөн. Қ.Оспанованың айтуынша, облыстың партиялық құрылым мен ҚХА-ның бірлесіп жұмыс істеуі жолында айтарлықтай тәжірибесі бар. Өңірдегі 74 этномәдени бірлестік барлық партиялық іс-шараға белсенді қатысып келеді. Сондай-ақ, «Жас Отан» жастар қанатының белсенділері өңірдегі соғыс ардагерлеріне көмектесуді дәстүрге айналдырған. Сондықтан Қ.Оспанова жаңадан бекітілген Бірлескен іс-шаралар жос­пары осы жұмыстарды одан әрі жандандыратынына сенім білдірді. Жалпы, «Нұр Отан» партиясы мен ҚХА арасындағы жұмыс барлық деңгейде бір-бірі­мен қанаттаса жүргізіліп жатқаны анық. Оны Парламенттегі ең үлкен депутаттық топтан бастап, екі құрылымның жастар қана­тының жұмыстарынан да байқауға болады. Осы мәселені тілге тиек еткен ҚХА мүшесі, Павлодар облысы ҚХА жастар ұйымы үй­лестіру кеңесінің төрайымы, «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі Элина Паули алдағы уақытта екі жетекші ұйымның байланысын нығайтуға еліміздегі жас­тар өз үлестерін қосатынын айтты. Отырыс соңында Бірлескен іс-шаралар жоспары бекітілді. Аталған жоспар жыл­дың соңына дейінгі мерзімді қамтыған. Оған ондаған жұмыс бағыттары енгенін айта кетейік. Құжатта «Қазақстан-2050» Стра­тегиясын тиімді жүзеге асыру, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары мен «Нұрлы Жол» президенттік бағдарламасын ілгерілету, ҚХА депутаттық корпусы мен «Нұр Отан» партиясы фракциясының Парламенттегі өзара байланысы; сараптамалық және пікір алмасу алаңдарын ұйымдастыру, ҚХА Достық үйлері мен партияның қоғамдық қабылдаулары негізіндегі әріптестік, әлеуметтік маңызы бар жобаларды бірлесіп жүзеге асыру және ҚХА базасында қайырымдылық шараларын ұйымдастыру сияқты бағыттарға айрықша көңіл бөлінген. Жолдыбай БАЗАР, Еламан ҚОҢЫР, «Егемен Қазақстан»

* Қатысушылар лебізі

Серік СЕЙДУМАНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты: – Бүгін «Нұр Отан» партиясы мен Қазақ­стан хал­қы Ассамблеясы биыл­ғы жылға арнал­ған Бірлескен іс-шара­лар жос­парын қа­был­дағанына куә болдық. Бұл өз ке­зегінде алда тұр­ған міндеттерді жүзеге асыруға мол мүмкіндіктер береді. Нақтылай айтқанда, осы қабылданған жоспар еліміздегі тұрақтылық пен орнықты дамуды қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды одан әрі жандандыра түседі деп ойлаймын. Биыл еліміздің Тәуелсіздігіне 25 жыл толып отыр. Міне, осынау қадірі биік, мән-маңызы жоғары Тәуелсіздік тойын өз деңгейінде атап өтуге барлығымыз да атсалысуымыз керек. Осы орайда Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Нұр Отан» партиясы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмаларынан туындаған ауқымды міндеттерді ынтымақтаса отырып жүзеге асыруға ниет білдіруі құптарлық жайт. Елімізде жасампаз істердің мол болуы баршамызды қуантады. Ал осы бағыттағы жұмыстарды бірлесе атқару жақсы нәтиже көр­сететіні анық. Шаймардан НУРУМОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты: – «Нұр Отан» пар­тия­сы мен Қазақстан халқы Ассамблея­сы – еліміздің бірлігі мен ынты­мағы­ның нығаюына орасан зор үлес қосып келе жатқан іргелі ұйымдар. Қалыптасқан осы екі институт Қазақ­станның бүгіні мен ерте­ңіне қатысты ауқымды шаралардың үнемі бел ортасында жүретініне халық куә. Міне, бүгін де ел игілігі үшін бірлесе қи­мылдаудың аса қажеттігін алға тартып, маңызды жоспар қабылдады. Бұл жоспарда көптеген мәселелер қамтылып отыр. Оның барлығы қазақстандықтар үшін өте маңызды. Мәселен, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын лайықты тойлауға атсалысу –бәріміздің борышымыз. Ал осы бағыттағы негізгі жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асыру – еліміз үшін абырой. Осы айтулы шарада Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген табысы айқын көрініс беруі керек деп ойлаймын. Сондықтан, осынау ірі шараны өткізуге атсалысуда «Нұр Отан» партиясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясы өзара күш біріктіруі өте дұрыс. Айналып келгенде, мұның барлығы елдің игілігін көздейді. Абай ТАСБОЛАТОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты: – Қазақстан халқы Ассам­блеясы мен «Нұр Отан» партиясы бүгін биыл­­ғы жылға арналған Бірлескен іс-шаралар жос­парын бекітуінің маңызы айтарлықтай. Қабылданған құжатта «Қазақстан-2050» Стра­тегиясын, «100 нақ­ты қадам» Ұлт Жоспары мен «Нұрлы Жол» бағ­дарламасын және өзге де маңызды мәселе­лерді өз деңгейінде жүзеге асыру көзделген. Сонымен қатар, Елбасы ұсынған «Мәңгілік Ел» идея­сы аясында атқарылуы тиіс көптеген жұмыстар да бүгінгі жоспарда барынша қамтылған. Бұған қоса, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын лайықты атап өту барша қазақстандықтарға үлкен жауапкершілік жүктейді. Осыған байланыс­ты «Нұр Отан» партиясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясы өзара бірлесіп, халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуге құлшыныс білдіруде. Бұл өз кезегінде еліміздің бірлігін ны­ғайта түсу бағытындағы жұмыс­тардың нәтижелі болуына ықпалын тигізеді деп ойлаймын. Фахриддин ҚАРАТАЕВ, Парламент Мәжілісінің депутаты: – Биыл Тәуел­сіз­дігімізге 25 жыл тол­ға­лы отыр. Осы аралық­та Мемлекет бас­шысы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқа­­сында көптеген игі жұмыстар атқарылды. Мұ­ның бар­лығы отан­дастарымыздың мақта­нышын оятады. Қазіргі таңда біздің қоға­мы­мыз бірлік пен тату­лықтың жемісін көруде. Қазақстанды ынтымақ­ты ел ретінде бүкіл әлем мойындайды. Міне, осын­дай та­быстарымызды одан әрі өрістете түсу бар­лығымыздың қасиетті борышымыз болуы керек. Өздеріңіз куә болғандай, бүгін «Нұр Отан» партиясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясы биылғы жылға арналған маңызы зор, ауқымы кең жоспар бекітіп, алдағы міндеттерді пысықтап алды. Бұл Бірлескен іс-қимыл жоспарының түзілуі құптарлық іс болды. Жалпы, осы құжат «Мәңгілік Ел» идеясының құндылықтарын қоғамымызда нығайтуға жаңаша серпін беретініне сенемін. Мұндағы қарастырылған бағыттардың барлығы да біз үшін маңызды. Сауытбек АБДРАХМАНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты: – Қазақстан халқы Ассам­блеясы еліміздегі барлық әлеуметтік топты қамтиды. Сондай-ақ, барлық этностың ба­­сын біріктіреді. Ал «Нұр Отан» партиясы – еліміздегі негізгі сая­си күш. Осы екі әлеуетті күштің бірігіп, жүйе­лі жұмыс жөнінде арнаулы жоспар жасауы, оны осындай жағдайда бекітуі өте орынды. Сол Бір­лескен іс-шаралар жоспарындағы міндеттердің нақты орындалуына Ассамблеяның Парламент Мәжілісіндегі депутаттық тобы лайықты деңгейде атсалысады. Бұл жоспарда өзін өзі басқару жүйесін дамыту, азаматтық қоғам институттарын нығайту сынды бірқатар мәселе қамтылған. Сонымен қатар, халықтың азаматтық белсенділігін арттыру тетігі де назардан тыс қалған жоқ.  Осы ретте бұл екі құрылым құстың қос қанатындай екенін атап өткен жөн. Себебі, екеуінің де негізгі мақсаты – халықтың бірлігін нығайту, елдің даму жолындағы тетіктерді іске қосу. Сондықтан тізе қосып жұмыс істеудің ел келешегі үшін маңызы жоғары. Наталья ЖҰМАДІЛДАЕВА, Парламент Мәжілісінің депутаты: – Күш біріктіріп отыр­ған екі ұйымның бірінші басшысы – Ел­басымыз. Бұл Ассам­блея мен пар­тияның бас­ты мақсаты бір дегенді білдіреді. Ал мақсат-мүд­десі ортақ тараптар біріккен кезде, негізгі нәтиженің жемісті болары сөзсіз. Дүниежүзінде Қазақстан халқы Ассамблеясы сияқты бірлік пен татулықты сақтап отырған ешқандай институт жоқ. Алдағы уақытта партиямен бірлесе отырып, осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастыра береміз. Енді біздің әлеуетіміз екі есе артып, жұмыс қарқыны күшейеді. Жалпы, кез келген экономикалық реформаны жүзеге асыру үшін тұрақтылық пен бірлікке жауапты арнайы алаң болуы қажет. Осыны ескерген Елбасымыз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясын құрды. Елі­міздің бүгінгі жетістіктерінің барлығында осы Ассамблеяның үлесі бар. Себебі, аталған құрылым елдегі халықтың бірлігін сақтау арқылы, елдіктің іргесін бекітті.  Ахмед МУРАДОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты: – Қазақта «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген аталы сөз бар. Отанымыз үшін, халқымыз үшін ат­қарылар игі жұмыстарды өзара ақылдасып, кеңесе отырып талқылап, оңды шаралар қабылдай біл­сек, ұтылмаймыз. Өздеріңіз білесіздер, «Нұр Отан» партиясы қоғамымызда үлкен беделге ие. Ел-жұртпен етене жұмыс істеудің жар­қын үлгісін көрсетіп жүр. Ал Қазақстан хал­қы Ассамблеясының ат­қарып отырған жұмысы, қоғамдағы рөлі өте зор. Міне, осы екі ірі ұйым жұптасып, алдымызда тұрған айтулы шараларды бірге атқаруды жөн көріп отыр. Менің ойымша, «Нұр Отан» партиясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясы халықпен тығыз байланыста жұмыс істеуде мол тәжірибесі бар. Сондай-ақ, ауқымы кең шараларды жүзеге асыруда үнемі алдыңғы орыннан көріне біледі. Ендеше, «Мәңгілік Ел» идеясын халыққа түсіндіріп насихаттауда, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын атап өту барысында аталған екі ұйым жақсы үлгі көрсетеді деп ойлаймын. Жұмажан ЖҮКЕНОВ, «Нұр Отан» партиясы республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі: – Жалпы, «Нұр Отан» партиясы Қазақстан хал­қы Ассамблеясымен бір­ге көптеген жұмыстар ат­қаруда. Мәселен, пар­тия­мыз Ассамблеядан сай­ланған депутаттармен бірлесе отырып, қоғамдық қабылдаулар өткізіп келеді. Мұндай үрдіс өңірлерде де жүйелі түрде қолға алынған. Осылайша екі тараптың ын­тымақтаса жұмыс істеуі өзінің тиімділігін көрсетуде. Бүгін біздің партиямыз бен Ассамблея арасында салиқалы талқылау болып, соның нәтижесінде Бірлескен іс-шаралар жоспары қабылданды. Мұ­ның қажет құжат екеніне күмән жоқ. Өйткені, Елбасы саясатын ел арасына түсіндіруде, «Мәңгілік Ел» идеясын насихаттауда, Тәуелсіздігіміздің 25 жыл­дығын атап өтуде қоғамымыздағы іргелі қос инс­титуттың келісе отырып жұмыс істеуі маңызды. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев жүр­гізіп келе жатқан салиқалы саясат нәти­же­сінде хал­қымыздың ауызбіршілігі нығайып отыр. Та­тулығымыз – біздің ең басты құнды­лық­тарымыздың бірі. Мұның қадірін ел-жұртымыз жақсы түсінеді.
Соңғы жаңалықтар