Англияның Гринвич университетінің студенті, 21 жасар ақтөбелік қыз Әйгерім Исмағұлова күтпеген жерден Ұлыбритания патшайымы Елизавета ІІ-нің 90 жасқа толуына байланысты өтетін тойға шақыру билетін алды. Болашақ қаржыгер бұған мерейтой қарсаңында ойналған шақыру билетін ұтып алу арқылы қол жеткізді. Осының арқасында ол патшайымның ата-тектік сарайында үш күн бойы тойланатын ұлан-асыр той қонақтарының бірі болғалы тұр.
Шектеулі мөлшерде бөлінген тойға шақыру билеті негізінен корольдік азаматтары арасында ойналған. Оған, сондай-ақ, тілек білдірген кез келген адам, соның ішінде сырттан келіп оқып жатқан студенттер де қатыса алған. Міне, осындай мүмкіндік туған кезде оны Әйгерім пайдаланып қалған.
«Мен билетті суырып алғанда, тілден айырылып қалғандай күй кештім. Мұншалықты сәттілік болады деп күткен емес едім. Мұндай билет мүлдем сатылмайтын еді», – дейді қуаныштан көңілі шалқып тұрған қазақ қызы.
Патшайым Елизаветаның 90 жылдық мерейтойына кілең лордтар мен жоғары қауым мүшелері қатысады. Оның бағдарламасында түскі ас, балдық би кеші, патшайым атты гвардиясының салтанатты шеруі секілді көптеген қызықты шаралар бар.
Елизавета ІІ 21 сәуірде туған. Бірақ ресми тойлауды маусым айына қалдырған болатын. Өз туған күнінде патшайым жұбайымен бірге Виндзор паркіндегі «Патшайым соқпағын» ресми түрде ашады. Оның бойында Жоғары мәртебелінің өміріндегі 63 маңызды оқиғамен танысуға болады. Осыдан соң патшайым биыл 90-ға толып отырған отандастарымен бірге шай ішеді. Кешке қарай Виндзор замогында отбасы шеңберінде кешкі ас беріледі. Осы кезде бүкіл елде аспанға отшашу атылады.
Мұрат АЙТҚОЖА