• RUB:
    5.08
  • USD:
    482.86
  • EUR:
    533.17
Басты сайтқа өту
03 Маусым, 2016

Тұсаукесер және мүшәйра

463 рет
көрсетілді

Астанадағы «Шабыт» өнер академиясында «Ауыл» ХДПП-ның ұйымдастыруымен «Азаттығым – ғажап күнім» атты жыр антологиясының тұсаукесері және жыр мүшәйрасы өтті. Шараны «Ауыл» партиясы Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай арнайы ұйымдастырды. Алқалы жиынға 300-ден астам делегат қатысты. Олардың арасында алыс-жақын шетелден келген 100-ге жуық қазақ қандасымыз да бар. Тұсауы кесілген «Азаттығым – ғажап күнім» жинағына әлемнің әр түкпірінде жүрген қазақ ақын-жазушыларының Қазақстан Тәуелсіздігіне, туған елге, патриотизмге бағытталған өлең-жырлары енген. Антологияға Моңғолияда тұрып жатқан 15 қазақ ақынының, Қытайдағы қазақ диаспорасының 40 өкілінің, ресейлік 5 қазақ ақынының ән-жырлары мен қазақстандық 45 ақын-жазушының еңбектері топтас­тырылып отыр. Жиынға қатысушыларды құттықтаған «Ауыл» ХДПП-ның төрағасы Ә.Бектаев «Тәуелсіздік – еш нәрсемен салыстыруға келмейтін ұлы нығмет. Тек тәуелсіз ел ғана ойындағы асқақ армандарын жүзеге асырып, жарқын өмір сүре алады», деп атап өтті. Оның айтуынша, «Қазақ елі Тәуелсіздік алған сәтте, әсіресе, шетелдерде жүрген қаракөз қандастарымыз бөркін аспанға атып қуанды. Тәуелсіздік жатжұртта жүрген замандастарымыздың келешек тағдырын айқындап берді. Шетте жүрген қандас бауырлар сол кезеңнен бастап лек-легімен атамекеніне орала бастады. Қазақстан Тәуелсіздігінің қадір-қасиетін шетте жүрген қандастарымыз ерекше түсініп, жоғары бағалайды. Сондықтан да болса керек, шетелдік қандастардың қаламынан төгілген елі мен жеріне, атамекеніне деген сағынышы мен ұлтына деген ыстық сезімі қатар өрілген жыр моншақтары әрбір жанның жүрегін дір еткізіп, санасын сілкінтетін күшке ие. «Азаттығым – ғажап күнім» жыр антологиясының таныстырылымынан соң, ақын-жыршылар Тәуелсіздікке арнаған өлеңдерін оқып, жиналғандардың қошеметіне бөленді. Мүшәйрада ерекше суырылып көзге түскен қалам иелеріне арнайы дипломдар мен сыйлықтар табысталды. «Егемен-ақпарат»
Соңғы жаңалықтар