• RUB:
    5.08
  • USD:
    482.86
  • EUR:
    533.17
Басты сайтқа өту
07 Маусым, 2016

Осы жарасымды ма?

318 рет
көрсетілді

Жұрттың жұмылып гүл сый­лағанын қай пенде жек көре қояды дейсің. Бірақ кейде қазақы көңілімізге онша қона қоймайтын ерсі әдетпен бетпе-бет келгенде үніңді ішіңе жұтып қою бойға дерт жинаумен тең нәрсе екен. Қалай шыққанын қазбалап, арғы атасы қайдан тарайтынында неміз бар, төл менталитетімізге, қазақы болмыс-бітімімізге келмейтін оғаш бір әдет – ер кісілерді туған күнімен, басқа да қуаныштарымен, марапаттарымен құттықтағанда гүл шоғын сыйлау салты пайда бола бастады... Атпал азаматты тойында қаумалаған қалың нөпір бетінен сүйіп, бір құшақ раушан гүлін сыйлап жатыр. О заманда бұ заман ер кісіге гүл сыйлаушы ма еді?! Бұрын ат мінгізіп, шапан жауып, халқымыздың басқа да жарасымды жөн-жоралғылары жалғасып жататын елдің салты мен дәстүрі соңғы уақытта тым еуропаланып кетіп бара жатқан жоқ па өзі деген күдікке амалсыз бой алдырасыз. Жақында сыйлас бір әріптес ағамыз қарадай күйініп отыр: «Еліміздің алдыңғы шебіндегі, жұрттың сый-құрметіне ие бел­ді азаматтарымыз бас қосқан жиын­нан көңілім құлазыды. Бір-бірінің бетінен шөпілдетіп сүйісіп амандасқан азаматтарымызға қаным қарадай қайнады. Қай ата-бабаң сүйісіп еді? Халқымыздың салтында жоқ мұндай жат әдет бұрын қыз-келіншектеріміздің арасында қылаң беріп жататын болса, ал қазір бұл «ауру» асқынып ер-жігіттерімізге жеткені сұмдық емес пе?» деді. Осы әңгімеден кейін расында қазір салт-санамыздың түрлі өзгеріске ұшырап бара жатқанын еріксіз мойындайсыз. Қай жаққа еліктеп-солықтап жүрміз? Гүл сыйлау дәстүрі бізге қай жақтан енген, өзі? Сахнадағы әнші, биші, күй­шілеріміз­дің өнеріне құрмет көрсету мақ­сатында, шығар­машы­лық иелерінің мерейтойларында ұсынылатын гүл шоғының жөні, әрине, бір басқа да, ал қарапайым азаматтың қуанышына ортақтасқанда жұрт не себепті ерлердің құшағын гүлге орауға құмар бола бастады. Жүдә бір нәрсе сыйлағыңыз келіп бара жатса, бәтір-ау, түк табылмай қалды ма, қамшы, ер-тұрман, т.с.с. ер-азаматтың тұлғалық сипатымен үйлесетін тамаша ұлттық бұйымдар аз ба? ...Қуаныштағы, қайғы-қасі­­реттегі жағдайды гүлмен әспет­теу әдетіне бойымыз үй­ре­не бастады. Бірақ осы бір нәзік өсім­діктің атқаратын рөлі мұн­ша­лық маңызды саналғаны­мен, қазақы ғұрпымызбен онша сәй­кес келе қоймайтын тұстары аз емес сияқты. Гүл бар жерде сезім бар. Гүл сыйлауда қатып қалған қағида жоқ, деп қар­сы пікір айтушылар да табылар, әрине. Алайда, көпшіліктің ұғымында гүл сыйлаудың өзіндік бір заңдылықтары қалыптасып үлгергені тағы шындық... «Гүл өссе, жердің көркі, Қыз өссе, елдің көркі», «Дала көркі – гүл, Ана көркі – ұл», «Дала гүлімен қадірлі, Әйел ұлымен қадірлі», «Қыз – халықтың гүлі, Өлең – сауықтың гүлі», «Үкісіз қыз болмас, тікенсіз гүл болмас» деп халқымыздың мақал-мәтел­дерінде де көбіне гүліңізді әйел адамдармен сабақтастырып, өнеге бесігіне бөлеген. Солай бола тұра, қоғамымызда гүлдің рөлі басқаша сипат ала бастады, азаматтарға гүл сыйлау үйреншікті үрдіске айналып кетті. Бұл ойды ортаға салғандағы мақсатымыз, гүлді ерлерден қыз­ғанғандықтан емес, батырлық пен бағландықты басты мұраты санайтын байтақ елдің ұрпағы ежелгі ата-бабаларының ұранына берік болсын деген пиғыл. Сондықтан, азаматқа гүл сыйлағанша, жай барып жылы тілегін айтқан әлдеқайда қымбат болып көрінеді маған. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»
Соңғы жаңалықтар