• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
08 Маусым, 2016

Еріккен еуропалықтың «экотуризмі» бар болсын...

439 рет
көрсетілді

Қарағанды облысында туризмді дамытуға мүмкіндік зор. Соған, әттең, Арқа төсінде жылы маусымның қысқа болатыны, сосын тағы ойдым-ойдым жолдар, қымбатшылық пен керекті инфрақұрылымның жетіспеушілігі ғана қолбайлау. Десек те, мұның бәрі – амалын тауып шешуге болатын мәселелер. Айта-айта жауыр болған дүниелер көп. Шетелден қонақ шақырмақ түгіл, әзірге өзімізге жарайды дейтіндей де демалыс жағдайына қол жеткізе алмай келеміз. Әрине, мәселенің бәрі бағаға, яки ақшаға келіп тіреледі. Туристік маусым біздің өңірде небәрі үш-төрт ай ғана болатындықтан, санаторийлер мен демалыс үйлері осы бір қысқа ғана мерзім ішінде өздерін жыл бойы асырайтын нәпақасын қарпып қалуға тырысады. Нәтижесінде демалыс орнына жолдаманың құны шарықтай аспандап, екінің бірінің қолы жетпес арманға айналып жүре береді. Көпшілік, тіпті, одан едәуір арзан бағаға әлдебір шетелге барып демалып қайтқанды жөн көреді. Әйтсе де, бағасының қымбаттығына да қарамай, туған жердің табиғатын хош көрген жандар табылып жатса, ондай отаншыл ағайынның алдына жеткенше соғып тастайтын жол мәселесі шығады. Одан қалды, біздің шипажайлардағы жағдай, қызметкерлерінің қонақ күту мәдениеті мақтанып айтарлықтай емес. Бірақ, осындай кемшіліктерге көз жұма қарайтын шетелдіктер де болады екен. Ондай саяхатшыларды «экотурист» дейді. Енді, еш қиындықтан қорықпай, тәуекелге бел буып келетін ондай қонақтар әлдебір келеңсіздікке тап болуды өзі тілеп жүретін экстремальды туристерге жақын болса керек. Бұл заманда тойып секіруден жалыққан еуропалықтар дүниенің адам аяғы аз басқан бір бұрышына барып, өз жүйкесін өзі қытықтағанды өмірдің қызығы көреді-мыс.  Қазақстанға келу үшін барын салып, амалын тауып жеткен соң, байтақ даламыздың бір қиянын бетке алады. Осындай туризмнің мысалы Қарағанды облысында да бар. Қазір Арқа өңірінде шетелдіктерді магниттей тартып тұрған бір тұс – Ақтоғай ауданына қарасты Шабанбай би ауылы. Бұл ауыл Қызыларай тауларының ең биік нүктесі Ақсораңның бауырында жатыр. Ғайыптан тайып келе қалған еуропалық қонақты өзіміздің ауылдағы ағайын құда күткендей ақтарылып, шабылып, шашылып емес, ауыл арасында жүрген әлдекім құсатып қана күтеді екен. Еуроқонақ өзі түскен үйдің іші не жесе соны жеп, не ішсе соны ішеді. Әлбетте, ауылдағы қазекемнің шаңырағы ет жеп, ағарған ішпей отыра алмайды. Бауырсақ пен құрт-майы дастарқанда шашулы жатады. Шетелдік соған бек разы. Ол өзін ешкім де асты-үстіне түсіп күтпейтінін алдын ала біліп келеді. Оның бар ойы, есіл дерті – жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігімен танысу. Сиыр мен биенің, қой-ешкінің қалай сауылатынын, қалай бағылатынын, Қаратал өзеніне апарып суарылатынын, қора-жайдың қалай тазаланатынын көру қызық. Қора-қопсы мен күлтөбені айналып жүре бермейді, әрине. Қонақ қой, дегенмен. Арнайы бағдарлама бойынша, бұл «жамағайынға» Қызыларай таулары мен орманын аралатып, серуендету керек. Табиғат аясында шатыр тігіп түнеу, даланың жеміс-жидегінен ауыз тию де ол үшін бір керемет демалыс болмақ. Ауылдың әдетте бір жамбасына қарай қисайып тұратын дәретханасына бірнеше күн бойы кіріп-шығу да ол үшін өмірі ұмытылмас «естелік» болады. Осы турды ұйымдастырушылардың айтуынша, Еуроодақтың Германия, Бельгия, Нидерланд, Швейцария, Франция сияқты мейлінше тоқ, бақуатты елдерінен келетін қонақтар Қазақстанның осындай тіршілігін көріп, жақынырақ тануға құштар. Содан кейін өз елдеріне біз туралы не айтып баратындарын құдайым білсін... Бәрін айт та бірін айт, Шабанбай би ауылына ағылған саяхатшылардың саны барған сайын артып барады. Тіпті, ұзынқұлаққа сенсек, бұл бағыт әлемдегі тез қарқын алып келе жатқан туристік бағыттардың жүздігіне ілігіпті. Ұрты майланған ұйымдастырушылар енді дәл осындай туристік жобаны Ұлытау ауданында да іске қосуды жоспарлап отыр екен. Өркениеттен шаршаған шетелдікті таңданыстан талдыратын ауылдар ол жақта да бар шығар. Мәселенің өзі сонда: экотурист баратын ауыл жаңа дүние жаңалықтарынан алыстау, өр­ке­ниет атаулыдан мейлінше мақұрым болуы шарт. Қаладағыдай жайлы тірлік, мұнтаздай тазалық болса, олар ол жаққа барудан үзілді-кесілді бас тартады екен. Оларға неғұрлым жа­байы орта керек. Бұл жерде жолдарда ой-шұқырдың көп болуы да «оң көрсеткіш» болып тұр. Ұйымдастырушылардың сөзіне сенсек, еуропа­лық туристер үшін ескі «УАЗ»-ға мініп алып, ен даланың ой-қырымен орғи зымыраған әлде­қайда қызық екен. Оның үстіне, баяғыша жеміс-жидек, саңырауқұлақ теруге шығу Еуро­п­адан келген қонақтарға тіптен қызық емес сияқты. Қарағандыда тағы бір туристік бағыт – «КСРО-ға саяхат» әзірленуде. Оның аясында ҚарЛАГ, Спасск тәрізді сталиндік заманның нысандарына, көрші облыстардың да аумағына шығып, ядролық полигонға, басқа да тарихи жерлерге барып қайтуға болады. Бұл бағыттың бағдарламасы бойынша келешекте Қарағанды шахталарына түсуге, Жезқазған өңіріндегі ғарышкерлік, әскери нысандарға барып қайтуға болады. Айта кету керек, бұл турлар жекелеген туристер үшін қымбат болғанымен, облыстың туристік секторы үшін елеулі пайдасы жоқ. Экономикаға тиімді болуы үшін ерігіп жүрген екі-үш еуропалықты емес, туристердің тұрақы әрі мол ағынын тарту қажет. Қарағанды облысының кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Аблаеваның айтуынша, туризм мәселесінде өңір басшылығы келесі жылға үлкен үміт артып отыр. Бұл алдағы жылы Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің өткізілуімен де, сол кезде Қарағанды облысында туристерді тарту, қабылдау бойынша бірқатар жобалардың іске қосылуымен де байланысты. Аблаева ханым атап өткендей, Қараған­ды облысының туристік секторы қазір жылына 260 мыңдай адамға қызмет көрсетіп отыр. Қонақтарға көрсетілетін қыз­мет ауқымы 3,5 млрд. теңгені құрайды. ЭКСПО-2017 көрмесінің қарсаңында туристерді орналастырудың жаңа мүмкін­дік­тері, өңір бойынша жаңа туристік бағыттар ашы­лып қалар деген үміттеміз. Қараған­ды­лық туроператорлар халықаралық көрмені ұйымдастырушылар мен шетелдерден келетін қонақтардың бір бөлігін Қарағандыда, «Сарыарқа» әуежайында күтіп алу туралы меморандум жасасып қойған. Қарағанды топы­р­ағына табан тигізген жатжұрттықтарды өңірдің Қарқаралы, Балқаш сияқты әсем тұстарына апарып демалдырып, Астанаға тек содан кейін жеткізіп салу жоспарланған. Жалпы, биылғы жылы  өңірдегі туризм саласында құны 3,9 млрд. теңге болатын 14 жаңа жобаны жүзеге асыру жоспарда бар. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков мәлім еткен болатын. «Туризм саласын дамытуда жақсы мүмкіндіктер бар. Балқаш маңы өңірі, Қарқаралы, Ұлытау аудандары және облыс орталығы негізгі бағыттар болып отыр. 2015 жылдың қорытындысы бойынша туризм саласындағы нысандардың саны 14 пайызға дерлік өсіп, 200-ге жетті. Жалпы сомасы 1,5 млрд. теңге инвестицияға туристік бизнестің 11 жобасы іске қосылды. Оның алтауы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында қолдауға ие болып, 80 жұмыс орны құрылды», – деген еді өңір басшысы. Арқа өңірінде туризмді дамыту жұмыс­тарының соңғы жылдары  кешенді түрде қолға алына бастағаны рас. Бұл бағытта экологиялық және тарихи туризм түрлерін өрістетуге баса көңіл бөлінген. Мысалы, Балқаш көлінің маңайында жағажай туризмі, Қарқаралы өңірінде экологиялық, тарихи және белсенді демалыс туризмі дамытылса, Ұлытау ауданында тәу ету, Қарағанды қаласында мәдени-танымдық және іскерлік туризмі екпінді түрде ілгерілетілуде. Тап осы туризмнен табан асты байып кетпесек те, бұл саладан біздің алар ырыздығымыздың аз еместігіне кәміл сенетін уақыт жеткен сияқты. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» ҚАРАҒАНДЫ