немесе жасыл экономика –болашақ таңдауы
Еліміздің қойнауы байлыққа толы. Бірақ ол мәңгілік емес. Күндердің күнінде көмір де, темір де, мұнай да, газ да таусылады. Жыл өткен сайын оларды өндіру де, тасымалдау да қиындай түсуде және қымбаттауда. Ал әлемдегі өндірістердің көбеюі мен халық санының өсуі энергияға деген сұранысты еселей арттыра түсуде. Республикада электр энергиясының басым бөлігін жылу және газ-турбиналы электр стансалары өндіріп шығарады. Олар өндіріс үдерісінде көмірсутекті отынның орасан зор көлемін пайдаланады және жүз мыңдаған тонна қалдық ластағыш заттарды шығарып, халық денсаулығына, қоршаған ортаға орасан зор зиян келтіреді.
Қазақстанның теориялық жел әлеуеті жылына 1820 млрд. кВт/сағатқа жуық, гидроэнергетиканың әлеуеті жылына
30 млрд. кВт/сағат, ал күн энергетикасының әлеуеті жылына
2,5 млрд. кВт/сағат
деп бағаланған.
Ғалымдардың пікірінше, бүгінде құрылысы басталған қуаты 1320 МВт болатын «Балқаш ЖЭО салу» жобасын іске асыру қоршаған ортаға теріс әсерін тигізеді. Бұл жылу электр стансасы ашық тәсілмен өндірілетін Екібастұз көмірімен жұмыс істейтін болады. Жылу электр стансасы жұмыс істеуі үшін тәулігіне 186 вагон құрамында күлі 40 пайыздан асатын Екібастұз көмірін тасуға тура келеді. Күл үюге атшаптырым алаң бөлуді талап ететін, оны тазартуға заманауи технологиялардың пайдаланылуына қарамастан, Екібастұз көмірін тасымалдау мен оның қалдықтары қоршаған ортаны ластау қаупін күшейтеді. Оның үстіне, стансаның жұмысы Балқаш көлінің су айдынындағы жылу алмасуға әсерін тигізіп, өңірдегі экологиялық ахуалды одан әрі нашарлата түседі.
Сайып келгенде, ХХІ ғасыр басында Қазақстан жалпы экологиялық және экономикалық жағдай шарттарының бұзылуының жаһандық проблемасымен және соның салдарынан әлеуметтік әл-ауқаттың нашарлау қаупімен бетпе-бет келді. Сондықтан да бұл қордаланып қалған проблемаларды шешудін тиімді жолдарының бірі елімізді «жасыл экономикаға» көшіру болып табылады.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында көмірсутегі экономикасының дәуірі бірте-бірте аяқталып келе жатқаны анық екенін, адамзаттың өмір тіршілігі тек бір ғана мұнай мен газға емес, энергияның жаңғыртылатын көздеріне негізделетін жаңа дәуір келе жатқанын атап өтті. Осы мақсатта Президенттің 2013 жылғы 30 мамырдағы Жарлығымен Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдамасы бекітілді. Осыған байланысты Парламент Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне «жасыл экономикаға» көшу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізді.
2013 жылдың желтоқсан айында Парламент Астанада өтетін ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесін ұйымдастыру мен өткізу мәселелері жөніндегі заңды қабылдады. Қазіргі заманғы жаһандық сын-қатерлерге сай, көрме тақырыбының «Болашақтың энергиясы» аталуы өте орынды. Халықаралық көрме елімізге жаңа технологияларды тартуға мүмкіндік береді. Бұл технологиялар баламалы энергетиканы дамытуға, «жасыл» энергетиканы өркендетуде алдыңғы қатардағы елдермен тәжірибе алмасуға, климаттың өзгеруі мен көмірқышқыл газының шығарындыларына байланысты мәселелерді неғұрлым тиімді шешуге, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері тақырыбына бизнес-қоғамдастықтың назарын аударуға үлкен әсері болады.
Халықаралық энергетика агенттігінің есебі әлемде жаңғырмалы энергия көздеріне жаһандық көшу өте белсенді жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Айталық, «World Energy Outlook» 2015 баяндамасында 2014 жылы іске қосылатын әлемдік жаңа қуаттардың жартысына жуығы жаңғырмалы энергия көздерінің қондырғыларына тиесілі деп атап өтілді. Соның нәтижесінде жаңартылатын энергия көздері қазірдің өзінде көлемі жағынан әлемде екінші электр энергиясының көзіне айналуда.
Бүгінде Еуроодақта «жасыл экономика» секторы 2 трлн. еуроға жуық іскерлік айналымға ие және 22 млн-нан астам адамды немесе ЕО-ның еңбекке жарамды халқының 9%-ын жұмыспен қамтуда. Бұл елдерде «жасыл» секторға ауқымды мемлекеттік қолдау қарастырылған.
«Жасыл» технологиялар нарығындағы әлемдік көшбасшылардың бірі – Германия. Қазіргі кезде, әлем бойынша патенттелетін бүкіл технологиялардың экология саласындағы 23%-ы және күн мен жел энергетикасы саласындағы 30%-дан астамы неміс компанияларына тиесілі.
«Жасыл» сектор кәсіпорындарында 2 млн.-ға жуық адам немесе Германияның экономикалық белсенді бүкіл халқының 4,5%-ы жұмыс істейді және бұл көрсеткіш тұрақты өсуде. Жасыл технологияларды ойдағыдай дамытудың арқасында Германия парниктік газдар эмиссиясының деңгейін төмендетуге айтарлықтай қол жеткізе алды. 2022 жылға қарай Германиядағы 17 ядролық реактордың барлығы жабылуы тиіс.
Электр және жылу энергиясын өндіру жөнінен швед тәжірибесі назар аударуға тұрарлық. Бұл ел 2020 жылға қарай көптеген үйлерді отынсыз режімге ауыстыруға ұмтылып отыр. Жаңғырмалы энергия көздеріне ауысқанда үй иелеріне салықтық жеңілдіктер ұсынылады, сонымен қатар автомобильдер үшін экологиялық таза түрлерін қолданатын жүргізушілерге қалалық автотұрақтарда тегін орындар беріліп, салық төлеуді азайту көзделуде.
Дания 2014 жылы елде өндірілетін электр энергиясының 39,1%-ын жел энергиясы есебінен алу мүмкін болса, 2020 жылға бұл көрсеткішті 50%-ға жеткізу міндетін қойып отыр.
Ұлыбританияда 6,7 млн-нан астам үйді электр энергиясымен жабдықтау үшін жел қондырғылары пайдаланылады. Бұл елде желіге қосылған және дербес жел қондырғылары бүкіл электр энергиясының 9,3%-ға жуығын шығарады.
Сондай-ақ, әлемдік тәжірибеге сүйенсек, генерациялаушы жабдықты шығару технологияларының жетілдірілуіне байланысты ЖЭК енгізу барған сайын рентабельді бола түсуде. Мысалы, қуаты бірдей жаңа жылу электр стансасы (ЖЭС) мен жаңа жаңартылған энергия көздері (ЖЭК) объектісін салатын болсақ, өзін-өзі ақтау мерзімі өткен соң ЖЭК өндіретін энергия ЖЭС энергиясына қарағанда 500 есе арзан болады. Өйткені, ЖЭК үшін отынның орасан зор көлемін сатып алудың, көлікке шығынданудың және қызметкерлердің қосымша штатын ұстаудың қажеті жоқ. Оның үстіне мемлекет тарапынан ЖЭК-ке преференциялар 15 жыл мерзімге ғана беріледі, бұл кезең өткен соң ЖЭК бәсекелес ортаға шығады.
Біздің елімізде баламалы энергия алу үшін қажетті ресурстармен қамтамасыз етілуі тұрғысынан жел, күн және гидроэнергетикалық энергияның ең қолайлы көздері бар. Қазақстанның теориялық жел әлеуеті жылына 1820 млрд. кВт/сағатқа жуық, гидроэнергетиканың әлеуеті жылына 30 млрд. кВт/сағат, ал күн энергетикасының әлеуеті жылына 2,5 млрд. кВт/сағат деп бағаланған.
Қазақстанда ЖЭК секторын дамыту «Жаңғырмалы энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» заң қабылданған соң басталды. Бүгінгі таңда еліміздегі заңнамалық база ЖЭК жобаларын мемлекеттік қолдаудың мынадай тетіктерін пайдалануға мүмкіндік береді:
тұтынушылар бағасының индексіне жыл сайын индекстей отырып, 15 жылға тіркелген тарифтер;
ЖЭК объектілері үшін жерді резервке қою және басымдықпен беру;
энергия беруші желілерге міндетті түрде қосылу;
электр энергиясын басымдықпен беру;
ЖЭК қолдау жөніндегі есеп айырысу-қаржы орталығы (бұдан әрі – ЕҚО) тарапынан электр энергиясын міндетті түрде сатып алу;
ЖЭК-ті электр энергиясын желілерге беру үшін төленетін төлемақыдан босату;
ЖЭК-тің ауытқуларын қаржылық реттеуді ЕҚО жүзеге асырады.
Жоғарыда көрсетілгендей, әлемде ЖЭК-ті дамытуды ынталандырудың ең тиімді тәсілі тіркелген тарифтер болып табылады, сондықтан ҚР Үкіметі энергияның «жасыл» көздерін дамытуда дұрыс жол таңдап алды деп айтуға болады. Бұдан басқа, заңға сәйкес «Жаңғырмалы энергия көздерін қолдау жөніндегі есеп айырысу-қаржы орталығы» ЖШС құрылды. Бұл заңда көзделген тәртіппен жаңғырмалы энергия көздерін пайдаланатын объектілер өндірген және Қазақстанның бірыңғай электр энергетикасы жүйесінің электр желілеріне жеткізілген электр энергиясын толық көлемде орталықтандырылған түрде сатып алуды жүзеге асыратын «KEGOC» АҚ-тың 100% еншілес кәсіпорны.
Бүгінде республикамызда күн энергиясын игеру мақсатына барлық технологиялық циклға керекті шикізаттар мен жабдықтар өзімізде шығарыла бастады. Атап айтқанда, Астана қаласында үш жылдан бері халықаралық стандарттарға сәйкес келетін фотоэлектрлі модульдер шығаратын «Astana Solar» ЖШС жұмыс істеп тұр. Зауытқа керекті кремний Алматы облысы Үштөбе қаласында өндіріліп, ол Өскемен қаласына жіберіледі. Өскеменде кремний түрлі қоспаларды тазарту арқылы өңделіп, содан фотоэлектр пластинкалары мен күн ұяшықтары дайындалады. Кейін олар Астанаға жеткізіліп, соңғы кезеңде дайын өнімі – күн модульдері дайындалады. Іске қосылғанына аз уақыт өтсе де, зауыт өнімдеріне сұраныс артуда. Зауытта шығарылған батарея 25 жылға дейін жұмыс істейді. «Astana Solar» ЖШС 2017 жылы болатын ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қатысып, өз жобаларын көрсетуді мақсат етеді.
Соңғы кездері республикада ЖЭК-ті пайдалану бағытында бірқатар жұмыстар атқарылды. Бұл ретте Жамбыл облысы көш бастап келеді. Облыста 2010 жылы барлық ЖЭК нысандарының орнатылған қуаттылығы 1,5-2 МВт-ты құраған болса, қазіргі таңда, жалпы қуаттылығы 88 МВт болатын 8 ЖЭК (СуЭС-4, КүнЭС-2, ЖелЭС-2) нысандары пайдалануға берілді.
2015 жылдың шілде айында «СПК «Тараз» АҚ Британдық «United Green» компаниясы және «Самұрық Қазына Инвест» ЖШС-мен бірлесіп алғашқы «Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы қуаттылығы 50 МВт күн электр стансасының құрылысы» қанатқақты жобасын пайдалануға берді. Бұл жоба Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен жалпыұлттық телекөпір барысында ашылды. Аталған нысан Орталық Азия бойынша ең ірі күн электр стансасы болып табылады. Мұнда 192 мың энергия өндіретін күн панельдері қолданылған. Бүгінде нысанда 250 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Республикадағы энергия барынша тапшы өңiр – Оңтүстiк Қазақстан облысы. Бұл өңір тұтынатын энергия мөлшерiнiң 60 пайыздан астамын өзге облыстардан тасымалдауда. Сондықтан, тариф жоғары. Бұл қарапайым тұтынушыларға да, шағын және орта бизнес өкiлдерiне де ауыртпалық түсiрiп отыр. Өз кезегінде, Оңтүстiк Қазақстан облысы республикадағы баламалы энергия көздерi бойынша ең әлеуеттi өңiр болып есептеледі. Осыған байланысты, облыста баламалы энергия көздерiн дамыту бағытында 28 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Олар жалпы қуаты 24,8 МВт болатын 9 шағын су электр стансасы, 310 МВт болатын 5 жел электр станциясы, 469 МВт болатын 14 күн электр стансалары. 2014-2015 жылдары 3 жоба iске асырылды. Атап айтқанда, «Келесгидрострой» ЖШС-нiң қуаты 2 МВт болатын «Рысжан» шағын су, «Ақсу-энерго» ЖШС-нiң жалпы қуаты 2 МВт болатын күннен қуат алатын 2 электр стансалары iске қосылды. Ал Сайрам ауданындағы «Ақбай Шымкент» және Шымкент қаласындағы күн электр стансалары iске қосылып, қызмет көрсетуде. 2016 жылы тағы 3 жобаны, 2017 жылы 7 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.
Осы облыстың Отырар ауданының Көксарай елдi мекенiнде немiс инвесторларының қатысуымен «Промондис Қазақстан» ЖШС қуаттылығы 35 МВт құрайтын күн электр стансасы құрылысын жүргiзуде. Сондай-ақ, «Промондис Қазақстан» ЖШС қатысуымен Бәйдібек, Сайрам, Отырар аудандарында күн электр стансаларын салып бітіру жоспарлануда.
2015 жылы Ақмола облысы Ерейментау ауданында қуаты 45 МВт алғашқы өнеркәсіптік жел электр стансасы пайдалануға берілді, келешекте оның қуатын 300 МВт-ға дейін кеңейту жоспарлануда.
Энергетика министрлігінің деректері бойынша, 2015 жылдың екінші тоқсанында ЖЭК объектілерінің белгіленген қуаты 235,69 МВт болды, оның ішінде жел электр стансалары – 61,75 МВт, шағын ГЭС – 117,58 МВт, күн электр стансалары – 55,51 МВт және биоэлектр стансалары – 0,85 МВт. Еліміздегі электр энергиясын өндірудің жалпы көлеміндегі ЖЭК пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдардан алынатын электр энергиясын өндірудің үлесі небәрі 0,78%. ЖЭК объектілерінің электр энергиясын өндіру 2015 жылдың төртінші тоқсанында өткен жылдың тиісті уақытысымен салыстырғанда 20,1%-ға артты.
Осылайша, заңнамалық тұрғыдан қабылданған шаралар елімізде ЖЭК секторын дамытуға белгілі бір дәрежеде түрткі болып, бізді экологиялық мәселелерді шешуге баса назар аударатын дамыған елдерге жақындата түсті, сондай-ақ, секторды тікелей шетелдік инвестициялар үшін тартымды етуге мүмкіндік берді деген қорытынды жасауға болар еді. Бұл іс жүзінде де солай. Өкінішке қарай, ЖЭК үшін мұндай қолайлы инвестициялық климат соңғы кездері дағдарысқа байланысты тоқырауға ұшырады.
Атап айтқанда, республиканың ақша-кредит саясаты өзгерген соң ЖЭК секторы тығырыққа тіреліп, толықтай тұралап қалды, ал 2014 және 2015 жылдары пайдалануға берілген объектілер банкроттық шегінде тұр. Мұның басты себебі, негізгі жабдықтардың (күн панельдері, инверторлар, трансформаторлар, жел қондырғылары, гидрогенераторлар) теңгемен баламадағы құнының өсуі. Бұл жабдықтар шетелдерден сатып алынады және ЖЭК жобаларының күрделі шығындарының 95%-ын құрайды. Бұл жағдай бүгінгі күні доллар баламасындағы тіркелген тарифтің 2 есе төмендегенімен шиеленісе түсті. Бұл тіркелген тарифтер бекітілген кезде бір АҚШ долларының бағамы 183,51 теңге болғанда, 18,86 цент болса, бүгінде 1 АҚШ долларының бағамы 360 теңгеге өскеннен соң 9,6 центке төмендеді. Қалыптасып отырған жағдай ЖЭК жобаларын іске асыруды қиындатып жіберді. Мұның себебі, жобалар рентабельді болмай әрі экономикалық тұрғыдан орынсыз, тиімсіз, ал іске асырылған жобалар бойынша операциялық және қаржылық шығындардың басым бөлігі шетелдік валютамен көрсетілуіне байланысты жұмыс істеп тұрған стансалар дефолт деңгейінде тұр, оның үстіне елімізде теңгемен ұзақ мерзімді (10 жылдан астам) қаржыландыру бүгінгі күні мүлдем жоқ.
Осы жағдайда өзгерту және Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында ЖЭК-ті дамыту Қазақстанның «парниктік газдарды» қысқарту жөніндегі міндеттемесін орындау және ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне дайындалу үшін 2016 жылдың наурыз айында Парламент «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңын қабылдады.
Қабылданған заң қолданыстағы заңнаманы Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдамаға сәйкес келтіруге бағытталған, онда Қазақстан халқының әл-ауқатын, өмір сүру сапасын арттыру және елдің әлемнің неғұрлым дамыған 30 елінің қатарына кіруі арқылы қоршаған ортаға түсетін жүктеме мен табиғи ресурстардың тозуын барынша азайта отырып, жаңа тұрпаттағы экономикаға көшу мақсатында терең жүйелі жаңартулар айқындалды.
Заңға енгізілген түзетулер жаңартылатын энергия көздерін инвесторлар үшін тартымды етіп, 2020 жылға қарай Қазақстан Республикасында өндіріп шығарылатын электр энергиясының жалпы көлеміндегі ЖЭК-тің үлесін 3%-ға жеткізу жөніндегі бекітілген нысаналы көрсеткішке қол жеткізуге мүмкіндік береді, мұның өзі «жасыл» электр стансаларының белгіленген қуатын 2 000 МВт жуықтатады. Сарапшылардың пікірі бойынша, ЖЭК секторы таяудағы жылдары ел экономикасына $4 млрд. АҚШ долларына дейін инвестиция әкелмек. Жобалар жүзеге асырылған жағдайда бюджетке кемінде 20 млрд. теңге және жыл сайын электр стансалары пайдаланылған жағдайда 3 млрд. теңгеден астам салықтық түсімдер түспек, 15 мыңға жуық уақытша жұмыс орындары, 3 мыңға жуық тұрақты жұмыс орындары құрылмақ, оның үстіне СО2 баламада жыл сайын 2 млн. тоннаға жуық мөлшерде «парниктік газдар» шығарындыларын қысқартуға мүмкіндік туады.
«Қазақстан-2050» Стратегиясында белгіленген мақсаттарға сәйкес елімізде 2050 жылға қарай энергия тұтынудың 50% энергияның баламалы және жаңғыртылған түрлерінен алу жоспарлануда. Елімізде жаңғырмалы энергия көздерін дамытуға Парламент қабылдаған заң мен Астанада ЭКСПО-2017 көрмесінің өтуі, сөзсіз, қуатты серпіліс береді.
Қуаныш АЙТАХАНОВ,
Парламент Сенатының депутаты