Жақында «Медикер» компаниясы мен «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» АҚ арасында ортақ серіктестік жөніндегі меморандумға қол қойылып, «Медикер» компаниясы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің операторы әрі серіктесі атанды.
Жасалған келісім аясында «Медикер» ЖШС өзі салатын инвестициясының басым бөлігін көрме алаңында ашылатын медициналық орталықтар мен 6 медициналық пункттің талапқа сай жабдықталуына бағыттамақ. «Біздің компаниямыз үшін ЭКСПО-2017 көрмесінің медициналық серіктесі атану – зор құрмет. Бұл бізге деген сенімнің жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Осы ретте үлкен жауапкершілікті арқалап отырғанымыз да белгілі. Дегенмен, өзіміздің жағымыздан қол қойылған меморандумның барлық тармақтарын сапалы әрі уақтылы орындайтынымызға кепілдік береміз», – деді «Медикер» компаниясының басқарма төрайымы Гүлжан Садырбаева қол қою рәсімінен кейін сөйлеген сөзінде.
ЭКСПО-2017 көрмесінде халықаралық стандарттар бойынша арнайы оқытылған мамандар – дәрігерлер, үйлестірушілер мен басқа да медициналық қызметкерлер жұмыс атқаратын болады. Көрменің ашылуына дейін олар көрменің халықаралық қатысушылары үшін медициналық қызмет көрсетуге және ЭКСПО-2017 көрмесінің барлық келушілері үшін шұғыл, жедел және басқа да медициналық көмектер көрсетуге толықтай дайын болмақ.
«Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» АҚ-тың басқарма төрағасы Ахметжан Есімов болса, халықаралық қатысушылармен қатар, көрмеге қатысушыларға көрсетілетін медициналық қызметті жаңа технологияларды қолдана отырып барынша сапалы әрі нәтижелі деңгейге қою керек екенін атап көрсетті.
«Қазақстандағы ірі де танымал медициналық компанияның «Астана ЭКСПО-2017» сынды ауқымды іс-шараға қатысуға дайын екені біз үшін өте маңызды. «Медикер» ЖШС-нің Қазақстан бойынша кең көлемде таралған медициналық қызмет жүйесі бар. Әрине, «Медикер» компаниясының медициналық қызмет көрсетудегі тәжірибесі Қазақстан үшін маңызы жоғары іс-шараны өткізуге септігін тигізбек», – деп атап өтті Ахметжан Есімов.
Осы орайда еске салар болсақ, «Медикер» ЖШС медициналық қызметтер нарығында 15 жылдан астам қызмет етіп келеді. «Медикер» – бұл Қазақстан Республикасының барлық аймағында өз клиенттеріне жоғары кәсіби негіздегі медициналық қызмет көрсетуді ұсынатын Қазақстандағы ең сенімді ірі компания. «Медикердің» басты мақсаты ұлттық және халықаралық сапа, экология, қауіпсіздік және еңбекті қорғау стандарттарына сай медициналық қызмет көрсету болып табылады. «Медикер» компаниясы «Болашақтың энергиясы» атты ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін толықтай қолдайды, сондықтан өз жұмысын экологияның жоғары стандарттарын ұстану арқылы және қоршаған ортаға зиянды әсерін тигізбей энергияны үнемдеу саясатына сай жүргізіп отыр.
Ұлан САНЖАР