• RUB:
    5.08
  • USD:
    482.86
  • EUR:
    533.17
Басты сайтқа өту
08 Маусым, 2016

Мақсат – сот ісін жүргізуді жеңілдету

387 рет
көрсетілді

Биыл Қазақстан судьяларының кезектен тыс VII съезі өтеді деп күтілуде. Мұндағы қабылданатын басты қабырғалы құжат – Судьялар әдебінің кодексі болмақ. Оның алдында осы кодекс жобасының республика өңірлеріндегі сот жүйелерінде кеңінен талқылануы съезде қабылданатын Әдеп кодексінің толыққанды болуына септігін тигізбек. Ендеше аталған жобаны өзара кеңесіп, ақылдасып талқылаған жөн. Жоғарғы Соттың Төрағасы Қайрат Мәми облыс судьяларының кеңесінде өңірге келген сапарының басты мақсаты осы мәселе екенін мәлімдеді. Кездесу кезінде Қайрат Әбдіразақұлы Батыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы       Бек Әметов пен сот алқасы төрағаларының және Судьялар әдебі жөніндегі комиссия мен Судьялар одағы филиалы төрағаларының есептерін тыңдап, оң баға берді. Кеңесте сөйлеген қорытынды сөзінде Қ.Мәми «100 нақты қадамның» заңның үстемдігін қамтамасыз ету жөніндегі екінші тарауындағы Жоғарғы Сотқа жүктелген барлық 11 қадам қазірдің өзінде жүзеге асырылып үлгергенін жеткізді. Оның айтуынша, белгілі мерзім аралығында 59 заң қабылданып, күшіне енген. Мұның ішінде Жаңа азаматтық процессуалдық кодекс пен «Жоғары Сот Кеңесі туралы» жаңа Заңның орны айрықша. Сонымен бірге, бірқатар заңдарға өзгерістер енгізілген. Аталған заңдар мемлекетімізде түбегейлі жаңа құқықтық орта құруға негіз қалайды,  деп атап өтті Жоғарғы Сот Төрағасы. Жаңашылдықты жүзеге асыру мен сот реформаларын жүргізудегі басты мақсаттың бірі – сот істерін жүргізуді жеңілдету. Бұл өз кезегінде түпкілікті сот шешімдерін қабылдау уақытын барынша қысқартуға және судьялар жүктемесін азайтуға мүмкіндіктер береді. Аталған мақсатқа да қол жеткізілді, деді ол одан әрі. Мәселен, биылғы жылдың бес айында елімізде әрбір екінші азаматтық іс оңайлатылған сот ісін жүргізу тәртібінде қаралған. Дауларды шешудің баламалы тәсілдерін қолдану арқылы аяқталған істердің саны 1,8 есеге өскен. Прокурордың қатысуымен қаралған істердің саны 36 пайызға азайған. Қылмыстық істер бойынша да осындай оң жағдайлар бар. Яғни, сотқа дейінгі жеделдетілген тергеу бойынша қаралған қылмыстық істердің саны 37 пайызға төмендеген. Сонымен бірге, келісімдік іс жүргізу 2,5 есеге, сәйкесінше, бас бостандығынан айыруға сотталған адамдардың үлес салмағы 1,6 пайызға азайған. Судья лауазымынан үміткерлерді іріктеу мен біліктілік талаптары қатаңдатылған. Бүгінгі күні судьялардың кәсіби қызметіне бағалау жүргізу үрдісі кеңінен тәжірибеге енгізіліп отыр. Жоғарғы Сот Төрағасы Батыс Қазақстан облысы соттарының қызметі үшін қажетті жағдайлардың жасалғанын атап өтті. Әрі мұның өзі белгілі бір оң нәтижелер әкелгеніне екпін түсірді. Мәселен, татуластыру рәсімдері қолданыла отырып қаралған азаматтық істердің саны 2,5 есеге өскен. Сонымен бірге, бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаларды тағайындау ісі де әжептәуір арта түскен. Дейтұрғанмен, облыстық сот жүйесіндегі кейбір көрсеткіштер әлі де болса жетілдіре түсуді қажет етеді. Мысалы, облыстағы Зеленов, Жәнібек және Бөрлі аудандық соттарында қылмыстық істер бойынша сот төрелігін жүзеге асыру сапасы төмендегені байқалады. Өңірде бірқатар жағдайларда сот үдерістерінің уақтылы бас­талмау деректері орын алған. Әрі медиациялық жұмыстарды салақсытып жіберу көріністері кездескен. Айтылған сын-ескертпелерге байланысты кеңес қорытындысы бойынша нақты міндеттер қойылды. Ендігі жерде жекелеген өңірдегі сот төрелігінің сапасы кассацияның қорытындысы бойынша айқын көрінбек. Қаралған істердің бірқатар бөлі­гінің соңғы шешімі облыс­тық сотта шығарылмақ. Сондық­тан облыстық сот жүйесінің тұрғындар алдындағы жауапкершілігі айтарлықтай арта түсетін болады. «100 нақты қадамда» қойылған талаптар мен міндеттерге сәйкес сот істерінің басым бөлігі бір-екі сатыда қаралуымен аяқталуға тиіс. Ал апелляциялық қаулы Жоғарғы Сотта өте сирек жағдайларда ғана қайта қаралуы керек, деп түйді өз ойын Қ.Мәми. Кеңесте жергілікті соттардың қызметін одан әрі көтеру және біліктілік пен кәсібилік деңгейін арттыру қажеттілігі жөнінде ортақ ұйғарым жасалды. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» Батыс Қазақстан облысы
Соңғы жаңалықтар