Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Парламенттің жоғарғы палатасы бюросының отырысында Сенат Төрағасы палата депутаттарының атынан Ақтөбедегі террорлық актінің салдарынан қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтып, зардап шеккендерге тілектестік білдірді.
Сенаторлар содырлардың арсыздығы мен қатыгездігіне наразылықтарын жеткізіп, мемлекетіміздің ішкі саяси тұрақтылығын шайқалтуды көздеген террорлық актілерге жол бермеу қажеттігі туралы мәлімдеді.
Парламентшілер Президент Н.Назарбаевтың басшылығымен тарихи тұрғыдан алғанда қысқа мерзім ішінде Қазақстан әлеуметтік-экономикалық және демократиялық даму жолында барша халықаралық қоғамдастық мойындаған жетістіктерге қол жеткізіп, әлемдік аренада беделді мемлекетке айналғанын атап өтті. Бұл еліміздегі көпұлтты халықтың мызғымас бірлігінің арқасында мүмкін болды. Қасиетті Рамазан айының қарсаңында болған арсыз қылмысты дінмен байланыстырмау керек, бұл, шын мәнінде, біздің азаматтарымыздың тыныштығы мен мамыражай өміріне қарсы бағытталған арам ниетті қарақшылықтың көрінісі. Сенаторлар конституциялық тәртіпке және Қазақстан қоғамындағы бейбітшілік пен келісімге ешкімнің қол сұғуға қақысы жоқ деп санайды және құқық қорғау органдарының қарақшылардың көзін жойып, оларды жауапқа тарту жөніндегі әрекеттерін қолдайды, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі.