Ақтөбе қаласындағы №6655 әскери бөлімде Отан алдындағы борышын өтеп жүріп, ел тыныштығын бұзғысы келген содырлардың қолынан қаза тапқан жауынгер Сапар Досболдың денесі өзі туып-өскен Шардара ауданындағы Көксу ауылында жерленді.
Ниеті бұзық жау қолынан мерт болған жауынгерді ақтық сапарға шығару рәсіміне ауылдастары, жақын ағайынынан бөлек, облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов пен Ұлттық ұлан бас қолбасшысының орынбасары Мұхаметқали Сатов, ОҚО Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің қызметкерлері мен Шымкент әскери комиссариатының әскери қызметкерлері қатысты.
– Жастығына қарамай, жауынгер Сапар Досбол әскери борышын өтеу кезінде қайсарлығы мен отансүйгіштік қасиетін таныта білді. Досболдың өлімі – отбасының басына ғана түскен ауыр қаза емес, бүкіл оңтүстік жұртының және күллі Қазақстан халқының жүрегіне түсіп отырған үлкен қайғы. Ол өзінің артына өшпес із қалдырды. Оның жарқын бейнесі біздің жадымызда әрдайым сақталады, – деді облыс әкімі.
Облыстық әкімдік қаралы отбасына жәрдем ретінде 5 млн. теңге көлемінде жәрдем көрсетті. Сонымен қатар, Сапар Досболдың есімін мәңгі есте қалдыру үшін ауылдың бір көшесіне атын беру мәселесін шешу үшін Мәдениет және спорт министрлігіне хат жолдады
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы