• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
08 Маусым, 2016

Ақтөбеде ҰБТ ойдағыдай өтті

275 рет
көрсетілді

Өткен демалыс күндері Ақтөбеде орын алған лаңкестік және қанды оқиғалардан кейін 6 маусымда екі жоғары оқу орнында өткізілуге тиісті Ұлттық бірыңғай тестілеу 7 маусымға ауыстырылған болатын. Бұл балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жасалған қадам еді. Ал Қазақстан Республикасы Үкіметінің осы дүйсенбідегі отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевке Ақтөбе қаласындағы тестілеуді жеке бақылауына алу жөнінде тапсырма берген болатын. Кеше  министр Е.Сағадиев таңертең сағат 8.00-де Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде болып, тестілеуге  дайындық барысымен танысты. Ал сағат 8.40-та тестілеу өтетін екінші орын – С.Бәйішев атындағы  Ақтөбе университетінде болды. Сағат 9.00-де  сынақ тапсырушылар тестілеуді бастады. – Мен  Премьер-Министрдің тікелей тапсырмасына сәйкес бүгінгі тестілеуді бақылау үшін  арнайы  келіп отырмын. Балалар дайын. Ұлттық бірыңғай тестілеу пункттері де дайын. Таңертеңнен бастап дұрыстап тексерілді. Ешқандай қауіп-қатер жоқ, – деді Білім және ғылым министрі БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында. Айта кету керек, екі жоғары оқу орнында да мектеп бітірушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және түлектердің алаңсыз сынақ тапсыруы үшін барлық іс-шаралар алдын ала  ойдағыдай жүргізілді. Бұл күні  облыс орталығындағы 24 мектептің  900-ден астам түлектері бақтарын сынады. Тестілеу кезінде орталық мамандары ғана емес, құқық қорғау органдарының қызметкерлері де күшейтілген тәртіпте жұмыс істегенін айту ләзім. Осының нәтижесінде, екі тестілеу орталығында да сынақ тапсыру барысында ешқандай алаңдатарлық жағдай болған жоқ. Жалпы, биыл Ақтөбе облысы бойынша 6,5 мыңнан астам түлек мектеп бітірді. Олардың 74 пайызы  Ұлттық бірыңғай тестілеуге өтініш берген. Өткен үш күн ішінде солардың 5000-ға жуығы сынақ тапсырды. Олар негізінен аудан мектептерінің түлектері. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан» Ақтөбе