• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
08 Маусым, 2016

Иманигүл

3060 рет
көрсетілді

Абай дүниетанымындағы жан сыры, хауас жайын танудағы Мекемтас Мырзахметұлының үлесі хақында Бүгінгі таңдағы бір басты міндет – Абайды шынайы әрі терең тану. Қазір Абай туралы деректер мен ізденістер бұрынғыдан көбейді. Сөйтсе де Абай дү­ниетанымының өзегін тану әлі де көп тер төгуді қажет етеді. Абайдағы өзекті мәселені өз кезінде М.Әуезов «нравственная личность» деп атаған, ал кейінгі қырық жылдан аса уақыт көлемінде Мекемтас Мырзах­мет­ұлы мұны ақынның өз сөзі – «толық адам» деген атау­мен өндірте зерттеп ке­леді. Бүгінде бұл күрделі таным ғылыми айналымға еніп, зиялы қауым санасына тәп-тәуір сіңісті болып қалған жайы бар. М.Мырзахметұлы біріншіден, абайтанудағы М.Әуезов еңбегін жүйеледі, екіншіден, М.Әуезовтің көп құмартып, бірақ таратып айта алмай кеткен Абайдың Шығысқа қатысын қайта тірілтіп, жан бітірді, үшіншіден, Абай Шы­ғысына көп қатысы бар толық адам танымын бүгінге дейін өндірте зерттеп келеді. Өкінішке қарай, Абайдағы толық адам туралы өзекті ойды тарата қарастыруда М.Мырзахметұлына талапкер зерттеушілер еркін ілесе алмай жүр. Абайдағы толық адам танымын тиянақты да терең зерттеуде әзірге М.Мырзахметұлы ғана дара шығып тұр.Абайтанушы ғалымның «Мұхтар Әуезов және абайтану проблемалары» атты атақты еңбегінің ең терең де танымды тарауы – «Абай мұрасының Шығысқа қатысы М.Әуезов зерттеуінде» деп аталады. М.Мырзахметұлының бұл еңбегі туралы, әсіресе, аталған тараудың мән-мағынасы жайлы ақын-жазушы, ғалымдар тарапынан біршама таратылып жазылды. Сөйтсе де Абай дүниетанымы мен өмірлік мұратының өзегі туралы ой өрбітетін бұл тараудың мәні мен нәрі, ең басты түйіні әлі де анық, айқын аша түсуді қажет етеді. Әрі ғалымның зерттеушілік ізденісі мен қарым-қабілетінің қадір-қасиетін осы тараудан терең тануға болады. М.Мырзахметұлының аталған ғылыми еңбегінің табысты, жаңалықты тұстары мол. Осы орайда, ең әуелі ғалымның өз тақырыбын танытуда ғалымдық пен суреткерлік қарым-қабілетін бірдей пай­даланған М.Әуезовтің «Абайға қатысты зерттеулері мен ой-пікірлерінің ішінен әр жылдар мен түрлі еңбектерде еркін жүзіп жүрген өзекті түйіндерінің» қа­лыпты жүйесін тауып жасауын зор табыс демеске лаж жоқ. Жүйені табу, жасау – әуелгі жаңалық, ал сол жүйедегі көп қыр­­тысты Абай дүниетанымының ішкі иірімдері мен шынайы шындықтарын ашу ғалым М.Мырзахметұлының ұзақ жылғы машақатты еңбегінің нәтижесі. Бүгінде Абайдың ақындық мұрасы, жалпы дүниетанымы мен көркем танымы туралы ізденісті еңбектерге зә­ру емеспіз. Ғалымның өзі жасаған Абай­тануға қатысты библиографиялық көр­сеткішінде ақын болмысы мен мұра­сына қатысты төрт мыңнан астам түрлі еңбектер тізімі жинақталған. Бұл қуанатын, марқаятын жағдай. Сөйт­­­се де Абай шығармаларындағы шығыстық жағалаудан табылатын толық адам танымы туралы күрделі де төр­­кіні терең мәселенің мән-жайын М.Мырзахметұлының ең­бектерінен ғана таба алуымыз бұл күнде айқындалып, мәлім болып қалды. М.Мырзахметұлы Абай мұрасының Шығысқа қатысы М.Әуезов зерттеуінде төрт сала бойынша жүргізілгенін анықтап, Абайтану әлеміндегі ізденісімізге ба­ғыт-бағдар беретін белеске сілтеп жі­бер­гендей болады. Болмысы күрделі тұл­ға­лардың шеті-шегі көрінбейтін көл-көсір танымы көпшілік қауымның, тіпті, машақатты түрде ізденіп жүрген көзі қарақты кісілердің де көкейіне жеңіл жете бермейді. Ұлы тұлғалардың биік деңгейіне тез-ақ көтерілмек болған талабымыз жақсы-ақ, сөйтсе де аздап астам әрекет. Таным деген ұғымды биіктегі тұғыр деп түсінсек, оған жету көзге көріне бермейтін білім жолындағы баспалдақтарсыз мүмкін емес. Кең мағынада әрі ақиқатын айтар болсақ, М.Мырзахметұлының «Мұхтар Әуезов және Абайтану проблемалары» атты еңбегін ұлы ақын дүниетанымын игеру жолындағы елеулі бір баспалдақ деп ұққан жөн. Абайдың бүгінде біз білетін биіктегі ұлы тұлғасын қалыптастыруда ол оқыған әртүрлі кітаптардың үлесі мол болған. Мұны, әсіресе, М.Мырзахметұлының зерттеу еңбегін оқып тану үстінде жете сезінеміз. Абайдың көздеген нысанасына жеткен дүниетанымдық деңгейін танып, талдау жасау жақсы-ақ, алайда сол биік деңгейдегі дүниетаным қандай білім баспалдақтарымен қалыптасқаны ақын оқыған әртүрлі қайнар көздермен ғана мәлім болмақ. Абай нәр алған рухани көздердің шығыстық жағалауы жағынан анықталып, жете қарастырылмағанынан да ақын дүниетанымындағы өзекті жайлар, әрі жүрегі саналар жанды тұстары қалтарыста қалып келгені жасырын емес. Ал Абай дүниетанымының өзекті жайлары – ғалым М.Мырзахметұлының ұзақ жыл­дар бойы зерттеп, ғылыми айналымға алып келген толық адам, жәуанмәртлік, иманигүл, хауас танымдары. Абай дүние­танымының құбылысты қалыптағы мәселесі – толық адам болса, мәндік өзегі – үш сүюден тұратын иманигүл. Қазақ әде­биеттану ғылымында Абай мұрасы мен дүниетанымына қатысты мәселе бір­шама мол сөз болғанымен, шығыстық жағалаудан нәр алып қорланған, сөйтіп дүниетаным деңгейге жеткен ақындағы толық адам танымы сексенінші жылдарға дейін өзегі тұрғысынан танылмақ түгілі, сыртқы сарайы, қаңқасы дерлік құбылыстық қыры тұрғысынан да білгір болжанып, тиянақты қарастырылмады. Мұның енді әртүрлі себебі, саясат, идео­логия, тіпті, маманға қатысты жағдайлары да болғаны белгілі. Сөйтсе де жаңбыр-жаңбырдың арасымен амалын тауып, ақын мұрасының өзекті жайын жұмыла кірісіп зерттеп кетуге соншалық кедергі болатындай қы­тай қорғаны да жоқ еді. Осы орайда Абайдың Шығысқа қатысын тиянақты зерттеуде дара шығып қомақты нәтиже берген М.Мырзахметұлының ғылыми ізденісі аса елеулі. М.Мырзахметұлының «Мұхтар Әуезов және Абайтану проблемалары» атты монографиясының ең қо­мақ­ты да мазмұны терең тарауы – «Абай мұрасының Шығысқа қатысы М.Әуезов зерттеуінде» болса, осы тараудың зерделеу, зерттеу жағынан та­нымы мен табысы басым шыққан үшінші бөлімі – «Абайдың исламиятқа қатысы» туралы мәселе деуге болады. Абай дүниетанымы қалыптасар кезең қазақ жерінде ислам діні өрістеп тұрған жағдайда болатын. Автордың осы жайға байыпты барлау жасауы тегін емес. Бұл байыпты барлау М.Әуезовтің «Абайға шығыстан кірген бұйымдардың басы ислам діні» деген аталы сөзінің сырын тану үшін қажет болғанын байқаймыз. Ғылым мен көркем әдебиеттің сан саласы мен түрлі жанрында белсене еңбек еткен М.Әуезов өз кезінде әрбір өзекті ойы­­ның түп-төркінін толық әрі тереңдей айта беруге мүмкіндігі де бола бермегенін болжаймыз. М.Әуезовте Абайдың исламиятқа қатысы жайлы нанымын зерттеу барысында қорытып айтқан екі түрлі тезистік пікірі бар. Ал М.Мырзахметұлы өз ке­зегінде М.Әуезов түйіндеп тапқан осы екі тезистік ойдың айтылу себебін кең түрде таратып сөз етеді. Себебі, талапты ізденушіге бұл екі тезистік ойдың айтылу себебі мен ақиқат мән-жайын М.Әуезов зерттеулері бойынша өздігінен тауып, оларды тұшына, «тойына» тану қиынға соғады.      Абайдың исламиятқа қатысы туралы М.Әуезов қорытып айтқан әуелгі тезис – «Абай діні – сыншыл ақылдың шартты діні» деп аталады. Әркім де еріксіз ойланып қалады: ол неге шартты дін, ақылы неге сыншыл, нәтижесінде қандай дін пайда болды? Осының сырын анық, ашық таратып айту – ғылым үшін қажетті ізденіс болатын. М.Мырзахметұлы осы бір міндетті мойнына алған, әрі оны сәтті де жемісті нәтижемен орындап шыққан. Ғалым өз тарапынан «ақын шығармаларында желілі, жүйелі түрде сөз болатын аса күрделі дүниетанымдық мәні бар ұғымдардың бірі – «жан сырына» терең барлау жасайды. Себебі, дәл осы мәселе Абай дүниетанымын тануға, сондай-ақ М.Әуезов жасаған тезистік ойдың мәнін түсінуге мүмкіндік береді. Сөйтіп, жан сырының мәні ақында кең қолданылатын жан құмарының не екенін танығанда ғана мәлім болмақ. Әрі Абайдың жан сыры туралы ойларын оның М.Мырзахметұлы шартты түрде бөлген төрт түрлі ұғымында танып білмек керек. Бұл – жан сырының Абай шығармаларында көрініс тауып, бізге мәлім болған қырлары ғана. Ал оның өзге сырын ұлы ақын: «Жан қуаты деген қуат бек көп нәрсе, бәрін мұнда жазарға уақыт сыйғызбайды» деп таратып айтпай, келте қайырыпты. Ақын дүниетанымындағы жан сырының төрт түрлі түсінігін білгеннен кейін ғалымның ақынға қатысты «жан сыры жайлы ой өрісінде өзіндік дербес беті бар» деген ой-түйінін қиналмай-ақ қабылдай қоямыз. Тіпті, мән-мазмұнында өткен заман ойшылдарындағы көне түсініктердің табы «менмұндалап» көрініп, сезіліп тұратын – адамға Тәңірінің берген сыйы, рухы мағынасындағы жан сырынан да Абайдың өзіндік жаңалықты танымы байқалып тұрады. Мұны ғалым М.Мырзахметұлының Абай сөздері астарынан өз ізденісімен тапқан түйінді ойлары арқылы біле аламыз. Ақынның жетінші сөзінде «Әзелде Құдай тағала хайуанның жанынан адамның жанын ірі жаратқан, сол әсерін көрсетіп жа­ратқан» деген ой бар. Осындағы ақынның «адамның жанын ірі жаратқан» деген ойын М.Мырзахметұлы адамдағы сыртқы дүние сырын ұғыну қабілеті басым болатын жан қуатымен байланыстырады. Дәл осы түйін ақыл-ойға қонымды. М.Мырзахметұлы жазғандай, Абай көне ұғымдағы Тәңірі берген сый ретіндегі жан сырын көп таратпай, келте қайырып қана қояды. Жалпы, Абай дүниетанымындағы жан сырының Алладан келген сый, тарту түріндегі ұғымы, материалистік бағыттағы ғалымдар жазғандай, қайшылықты танытар кемшілік те емес шығар. Мүмкін, бұл біздердің жанның шын сырын біл­мегендіктен жасаған шектеулі ой-түйі­німіз ғана болар. Адамның асыл да жұм­бақ жаратылыс екеніне еш күмәніміз болмаса, жанымыздың дәл осы Тәңірден жеткен сый ретіндегі ұғымы біздерді әлі талай тығырыққа тіресе керек. Тіпті, Абай шығармаларында молынан көрініс тапқан объективті дүниенің адам санасында сәулелену процесімен пайда болатын рухани құбылыс ұғымындағы жан сыры да қазіргі тәкаппар түсінігіміз бойынша ақиқат, жаңашыл көрінгенімен, адамда бар мұндай артықша қасиетті қалайша Құдайдың құдіретінсіз болды дей аламыз. Әттең, осы мәселені таратып айтуда ұлы Абайға уақыттың тарлық жасағаны өкінішті. М.Мырзахметұлы пайымдағандай, Абай жан сыры жайлы мол танымы мен ой толғаныстарының тек негізгі де басты ұғымдары ғана сөз бол­ғанын ескертіп кеткен. М.Мырзахметұлы Абайдағы басым жағдайда көрініс тапқан рухани құбылыс, танымдық қазына мағынасындағы жан сырына жете мән беріп, талдауын осы тұрғыдан жалғастырады. Жанды – ақыл мен тәнге қозғалыс беріп, олардың қоз­ғалып, өсіп дамуына жағдай жасай­тын тетік ретінде ұғынуға болады. Бұ­рынғы-соңғы ойшылдар жазғандай, қоректену, өсу, көбею күші жануарлар мен өсімдіктер жанында бар жан қуа­ты. Ал Абай айтатын адам жанының ірі жаратылуы – оның ақылмен байланысты ойлай алатын тірлігінде болса керек. Әрі Абай дүниетанымы бойынша, жан қуатымен қорланатын ақыл-ой күнделікті өмір тәжірибесінен пайда болады. М.Мырзахметұлы таратып жазған ақын дүниетанымындағы жан сырының табиғаты осындай мазмұн мен бағытта көрініс тапқан. Ақынның жан табиғатына байланысты қолданған терминдік мәні бар сөздерінің бәрі де адамның асыл қасиеті – білу, тану про­цесімен байланысты болып келеді. Бас­тапқыда жанның жибили (тумысынан бар) қуатымен пайда болатын жан құмары жан қуатының әрекеті барысында жан тамағымен азықтана жүріп рухани болмыс, қазынамызды қалыптастырады. М.Мырзахметұлы Абай танымын осы тұрғыдан танығанда ғана ақындағы жан сыры жөніндегі көзқарастың табиғатын дәл ұғарымызға жөн сілтейді. Бүкіл дін атаулы, оның ішіндегі ислам дініндегі жан табиғаты туралы көне ұғымнан бөлек кетіп, оны адамзаттың асыл әрекеті – таным процесімен байланыстыруы себепті Абайдың діні – сыншыл ақылдың шартты дініне айналған. Абайдың исламиятқа қатысы туралы ой қорыту барысында М.Әуе­зов жасаған бұл тезистің мән-мағынасы ғалым М.Мырзахметұлы зерт­теуінде осылайша жан-жақты байланысымен жүйелі танымын тапқан. М.Мырзахметұлы М.Әуезовтің «Абай ді­ні – сыншыл ақылдың шартты діні» деген тезистік пікірінің соншалық біл­­гір­лікпен айтылғанын ендігі жерде ақын­­ның хауас жайлы ойларына үңілу арқылы таратып бағады. Әуелі автор Абай шығармаларындағы хауас жайлы мәселенің әлі күнге дейін арнайы зерт­телмей келгенін арнайы ескертіп өтеді. Ал сөз бола қалған жағдайда олар­дың хауас сөзінің мән-мазмұнын аша алмаған жағдайын айтады: «Хауас жайлы арнайы дайындықпен келіп, түп-төркінін тани оқымаса, Абай шығар­маларында көтерілген пікірлердің та­биғатын терең­деп, бірден түсініп кетудің өзі қиынға соғатынын көріп жүрміз». Хауастың адамзат болмысымен, оның ішінде білім, таным жолындағы қа­сиетті әрекетімен тығыз байланысы Абай шығармаларында молынан көрініс тапқан. М.Мырзахметұлы Абай шығармаларындағы хауас сөзінің әртүрлі (үш түрлі) ұғымдарындағы мән-мағынасына терең талдау жасайды. Ғұлама ғалым М.Әуезов қана емес, Абайдың өзі де хауас жайлы ой-пікірлерін өз шығармаларында арнайы аялдап танытпай, шашыранды түрде беріп отырған. Осы орайда ғалым М.Мырзахметұлы жасаған ерен еңбектің қадір-қасиеті еселене түседі. Ғалым М.Мырзахметұлы Абайдың хауас жайлы танымын күн­делікті өмір тәжірибесінен ғана туындаған құбылыс деуге келмейтінін арнайы ескертеді, әуелі хауас туралы танымның тарихына байыпты барлау жасайды. Оның ойынша, Абай өзіне дейінгі хауас жайлы жүйелі біліммен сөзсіз таныс болған. Іздену барысында байқағанымыз, бұ­рын-соңғы ойшылдарда, әсіресе, араб-мұсылман ғұламалары мен Орта ғасырдағы түркі ақындарында хауас жайлы ой-толғаныс мол болған. Адам жа­ратылысы жан сыры, рухани болмысымен айқындалады. Ал хауас – адам жа­нының қуаттары, әрі адамның ғылым-білімді меңгеріп, ақылды, қайырымды бол­­мысқа айналуы хауассыз мүмкін болмайды. М.Мырзахметұлының Абай таны­мын­дағы хауас мәселесін ерекше мән бере қарастыруын М.Әуезовтің өзі ғайып­тан тіріле қалып білер болса, өзгеше қуанған болар еді деп ойлаймыз. Абайдың хауас жайлы жалпы танымы, өзіндік ой-пікірлері, М.Мырзахметұлы атап өткендей, жиырма жетінші, отыз сегізінші қарасөздері мен «Алла деген сөз жеңіл» өлеңінде, яғни үш-ақ шығар­масында өз атауымен нақтылы аталып көрініс тапқан. Ал өзге шығарма­ларындағы жалпы түрде ғана айтылып, жол астарынан ғана еміс-еміс байқалатын ой-пікір ұшқындарын М.Мыр­зах­метұлы өз ізденісімен тауып, ізерлі ізденісімен зор танымдық зерттеу жасаған. Қарапайым көпшілік оқырман ғана емес, Абай дүниетанымын бір кісідей білемін деп жүрген зерделі кісінің өзі ақын шығармаларындағы үш салаға бөлініп, сөйте тұра өзара тығыз байланыста қолданылған хауас ұғымының мән-мағынасын М.Мырзахметұлының зерттеуі арқылы ғана дәлдеп тани алады, өкінішке қарай, әлі де тани алмай шатасып жүргендер де бар. М.Мырзахметұлы Абай шығармаларындағы хауас, хауас сәлим, хауаси хамса заһирилердің мән-мазмұнын танытумен бірге, осы ұғымдардың ақын дүниетанымымен қарым-қатынасында туған өзекті жайларын да шешіп береді. Мәселен, ақынның жиырма жетінші қарасөзі үш сүюдің құрамындағы бірінші сүюді, яғни Алланың сүюге лайық аса биік болмысын ежіктеп таныту, мойындату мақсатында туған екен. Абай Сократ наны­мы ретіндегі бұл сөзінде хауаси хамса заһиридің (сыртқы бес сезім) пайда болуын тікелей Тәңірге байланысты құбылыс деп тануға бейім болғанымен, он тоғызыншы сөзі мен өзге де төл шығармаларында білу мен білім бастауы – жаңағы хауаси хамса заһири екенін, әсіресе, сананың кәсіби жолмен пайда болып өсуі осы хауаси хамса заһири арқылы жүзеге асатынын баса айтады. Абайда сыртқы бес сезім мен сананың пайда болуы жөнінде кереғар екі түрлі пікір болғанымен, оның алғашқысы Сократ атынан айтылып, ал ақынның өз шығармаларында адамның барша саналы өмірінде сыртқы әлеммен екі арадағы байланысы болар көпірі іспетті хауаси хамса заһиридің жан құмары жетегіндегі әрекетін кәсіби құбылыс деп тануын М.Мырзахметұлы Абайдың өзіндік төл тума ойы деп біледі. Бұл – ғалымның Абайдағы хауаси хамса заһири мәнін ашу барысында ерекше мән беріп, әрі шешімін сәтті тапқан өзекті бір жаңалығы. Ақын дүниетанымындағы үлкен та­нымдық өзгеріс пен соны, тың бет­бұрыстың шын сыры мен мән-жайын М.Мырзах­метұлы тағы да осы хауас ұғымын тану арқылы тапқанын көре­міз. Абай философиялық лирикалары мен кейбір қарасөздерінде өзі айтатын шектеулі, өлшеулі болмысымен Түп Иені тану жолында қаншалық шара­сыздық танытқанымен, Алланы танып білсем, Оның сырын, мәнін тереңдеп түсінсем деген өршіл талабынан танбай келген болатын, ақынның бұл батыл әрекеті әсіресе, «Лай суға май бітпес қой өткенге» өлеңінен айқын байқалатын. Абайдағы осы танымдық батыл әрекет М.Мырзахметұлының ерекше үңіліп, хауас сөзінің сырын іздестіре жүріп ай­рықша мән бере қараған ақынның «Алла деген сөз жеңіл» өлеңінде сыр беріп, сетінегендей, сынғандай болады. Яғни, осы өлеңінде Абай өзі өлшеусіз ақыл иесі деп білетін Алланың адами ақылмен тануға болмайтын ұлық сипатын біржола бас ұрып мойындаған қалпын танытады. Ал «Лай суға май бітпес қой өткенге» өлеңі мен «Алла деген сөз жеңіл» аралығында пайда болған ақын дүниетанымындағы осы бетбұрыс, яғни исламиятқа деген көзқарастың өз­геру себебін тереңдей ашуды ғалым Абайтанудағы келешекте шешілер келелі міндет деп біледі. Осы орайда ойға оралатын бір мәселе, елуге таяған жасында өз болмысында пайда болған бұлқыныстың, қынжылыстың себебін Л.Толстой өзінің «Исповедь», «В чем моя вера» атты шы­ғар­маларында ағынан жарыла айтып, өзіндегі дүниетанымдық төңкерістің сырын танытып жазған болатын. Бір ерекшелігі, Л.Толстой да, Абай секілді, Құдайдың артықша, айрықша болмысын шынайы мойындап барып қана өзіне маза бермеген сұраққа жауап табады, яғни Құдайын тапқан мәнді өміріне оралады. Жаратушының ұлық сипаты мен асқан болмысын ашық айтып, оның болмысына бойлай алмауды ақылға сын санап, мін көрген заман, Құдайға шүкір, кейін қалып барады. Сондықтан да Абайдың өз дүниетанымындағы Құдайын түгел танып білмек болған талап, әрекетінен қайтып, шегініс жасап барып тапқан соны бетбұрысын – ақынның ғана емес, адамзаттық өлшеулі ақылдың зор табысы десек болады. Ал әзірге адамзат өзін қанша ақылдымын, мықтымын дегенмен, Абай айтпақшы, Алланың өзі жасап, дайындап берген ғылымын шет-пұшпақтап ашумен, соны ғана алданыш етіп, жұбаныш көрумен келеді. Адамзат өз жаратылысы мен әлем сырын барша заңдылық, күллі құпия сырымен түгел танып, Жерді қойып көкке шарлап кетсе де, өзі мен бүкіл Барлықтың иесі бір Жаратушыны ұлық көрмей тұра алмайды. Егер адамзат соншалық мықты, тым ақылды болса, неге дайын тұрған көктегі Марсты жер-жұмаққа айналдырып, еш болмаса, дәл өзіндей үлгісі дайын жаңа бір жаратылысты жасап ала алмайды. Адамзатта дәл осындай ақыл-ой мен құ­дірет күші болмаған соң да, Абайдың: Ақылмен хауас (Жаратушы) барлығын Білмейдүр, жүрек сезедүр –  деп кесіп айтқан ой байламын көп шын­дықтың бірі ғана емес, ең ақырғы абсолютті ақиқаттың өзі деп қабылдасақ болады. Әрі ақын осы арада адам бол­мысындағы жүректің айрықша мәніне ерекше ден қойғанын танытып өтеді. Сөйтіп, Абай дүниетанымындағы осындай соны бетбұрыс М.Мырзахметұлының сон­шалық мән беріп, зер сала қарастырған ха­уас сөзінің сырын ашумен анықталып отыр. Бүгінге дейін адамзат қауымының не­бір дана ойшылдары Жаратушының өзін түгілі, Оның жаратқан Әлем мен Адам атты таңғажайып туындыларын да түгел танып біткен жоқ, келешекте де танып тауыса алмайды. Өйткені, өзі мен әлемді шексіз тани беру – адамзаттың мәңгілік таусылмас жан азығы. Абай осы ұлы ақиқатты айту арқылы ресми дін (догмалық) қағидасына сынмен қарап, өзі ұстанған діннің шарттылығын танытады. Сөйтіп, М.Әуезов әртүрлі себеппен тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтса, М.Мырзахметұлы сол түйінді сөзді өзіміз түсініп, ұғынып тани алатындай деңгейде тарата қарас­тырып, күрделі зерттеу жасаған. Ғалым мутакалиминдер дүниетанымы мен дін қағидаларына қисынды түрде көрсетілетін ақындағы сыншыл көз­қарасты М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясындағы кейіпкерлердің пікір алысуы арқылы да нанымды танытқан. Мұның бәрі де ақын шығармаларында көрініс тауып жататын дүниетанымнан бастау алатыны белгілі. Сондықтан да М.Әуезов Абайдағы өзекті танымды танытуда көркем әдебиет мүмкіндігін де молынан пайдаланған. Тек мұндай ой орманы мен таным қатпарларынан жол тауып, жүйелі білім алу әркімнің ой, өресінің мүмкіндігіне сай келе бермейді. Ғалым М.Мырзахметұлының мына сөзін өз басым толық мойындаймын: «Әрине, жазушының шындыққа сай, яғни Абай танымының негізінде, ақын шығармасында айтылған пікірлер төркініне сүйеніп барып көрсетілетінін Абай шығармаларын терең түсін­ген оқырман ғана жақсы сезініп отырады». Оқырман мен жалпы көпшілік қауым­­­­­­­­ның Абай танымына М.Әуезов зерттеуімен ғана бойлай түсуі қиындау. Абай дүниетанымын ұғу М.Әуезовтің ізімен М.Мырзахметұлының зерттеуін оқу барысында ғана біршама жеңілдей береді. Ғалымның ақын дүниетанымын тереңдей таныту мен оны баспалдақты, жүйелі жолмен түсіндірудегі еңбегі аса зор. Ең бастысы, М.Мырзахметұлы, кейбір ізденіс иелері сияқты, М.Әуезов ойларын әртүрлі әуенде қайталаумен жүрмеген. Ол М.Әуезовтің Абайтануға қатысты ұзақ жылғы зерттеуін реттеп, жүйелеумен қоса, әсіресе, Абайдағы адамгершілік ілімін тағы да сол М.Әуезовтің өз зерттеу жүйесі, ойлау ерекшелігімен дамыта түсіп, өте жемісті зерттеу жасаған. Бұған М.Әуезовтің Абайтануға қатысты қорытынды, түйінді ойлары жинақталған монографиясы мен М.Мырзахметұлының «Мұхтар Әуезов және Абайтану проблемалары» атты зерттеуін салыстыра оқу арқылы көз жеткізуге болады. Әрі М.Мырзахметұлы өзінің Абайтануға қатысты зерттеулерінде «М.Әуезов сілтеген сенімді бағыт-бағдар жайлы ой оралымдарын еске алмай ізденудің өзі қиын» деген тоқтамға жиі оралып отырады. М.Әуезов – Абайтану ғылымының биі­гінде тұрған бірегей ғалым, саңлақ суреткер, Абай болмысы мен мұрасын тануда оның құбыламыз бен қазыналы кеніміз екені талассыз. Ал М.Мырзахметұлы ұлы М.Әуезовтің ишарамен танытқан ой-арманын іліп алып, өзіндік сүрлеу жолы­мен жалғастыра зерттеген ғалым. Сон­дықтан да М.Мырзахметұлының ақын дүниетанымына қатысты іргелі зерттеуін Абайтанудағы тың ізденіс, танымдық жаңалығы мол табысты да жемісті еңбек деп қабылдауға бейімбіз. Әліпхан МАҚСАТ, Абай атындағы ҚазҰПУ доценті, филология ғылымдарының кандидаты Алматы