«Ембімұнайгаз» АҚ Атырау облысының 300 баласы үшін
«Жан жылуы» қайырымдылық шарасын өткізді
Әр ата-ана балаларына ұлағатты тәрбие беріп, саламатты өмір сүргенін қалайды. Алайда, алаңсыз асыр сала ойнайтын, күндей күліп, жаздай жайнап жүретін балауса кезінен өмірдің ауыр тауқыметіне ұшыраған балдырғандарды қалай қуантуға болады? Оларға қас-қағым сәтке болса да бақыт сыйлауға бола ма?! Әбден болады екен. Өңірдегі жастайынан тағдыр теперішіне ұшыраған балдырғандардың көңіліне қуаныш ұялатып, бақыт сыйлауды Атыраудағы мұнай-газ өнеркәсібінің қарашаңырағы – «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы қолға алды. Аталған кәсіпорын балаларды қорғау күніне орай Атыраудағы 300 балаға арналған «Жан жылуы» шарасын өткізді.
Бірі қоларбаға таңылып, енді бірі ата-анасының қолтығынан сүйемелдеген демеуімен ғана жүретін мұндай балалар үйінен көп шыға бермейді. Олар үшін тіпті қаланың көрікті жерлерін аралаудың өзі қиынға түседі. Ал бұл күні олар Атыраудағы ең әдемі нысанның бірегейі – Салтанат сарайына жиналды. Олардың әрқайсысының жүзінен тағдырының ауырлығына мойымаған қайсарлық байқалады. Көбі аналарымен бірге келіпті. Мәселен, Алмагүл Қыстаубаеваның ұлы Қыдырәлі өмірге келісімен қоларбаға таңылыпты. Ол отбасындағы бесінші бала екен. Жеті жасқа енді толғалы отырған Қыдырәлінің бір басында бірнеше сырқаты бар. Астанадағы Ана мен бала орталығында сауықтыру емін алған. Жүрегіне ота жасалыпты. Сөйлемейтін Қыдырәлі өзіне қажет нәрсені тек ыммен ғана түсіндіреді.
Ал Гүлзада Мұхасалиеваның үш баласы да ауыр сырқатқа шалдығыпты. Үлкені Аружанның 12-де болғанмен, әлі күнге қоларбада отырады. Одан кейінгі Мәлика мен Мұрагердің есту қабілеті нашар. Екеуі де есту құрылғысымен жүреді. Аружанға №23 мектептің ұстаздары үйіне келіп, дәріс береді. Бір таңданарлығы, Аружан қоларбада отырса да үш тілде жетік сөйлейді. Әрине, ана тілі – қазақшаға қоса орысша мен ағылшыншаны толық меңгерген. Мәлика есту қабілеті нашар балаларға арналған арнайы мектепте оқиды. Енді сол мектептің дайындық сыныбына Мұрагер де баруға дайындалып жүр. «Аружаным үшін қоларбаны, Мәлика мен Мұрагердің есту аппараттарын өз қаражатымызға сатып алдық. Ресей дәрігерлеріне ота жасату үшін өз қалтамыздан қаржы төледік. Екі жылдан бері материалдық көмек алған жоқпыз» үш баласын бауырына басып, құшақтап тұрған Гүлзада Мұхасалиева көзіне жас тұнып, бір сәт мұңын шақты.
Иә, мұндай мұң ауыр сырқатқа шалдыққан баласының мүмкіндігі шектеулі екенін білетін әр ата-ана да бар. Алайда, олардың көбіне балаларының сырқатын айту оңай емес. Дегенмен, бәрі де балаларының қуанғанын қалап тұрады. Бұл «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы өткізген шара барысында анық аңғарылды. Әсіресе, қазақ эстрадасының белгілі өкілі, әнші Бейбіт Көшқалиев балалардың ортасында ән шырқағанда бәрі бірдей қуанды. Балалар да, аналар да дөңгелене биледі. Әншімен суретке түскен балалар тіптен мәз-мейрам болды. Бейбіт те тартынған жоқ, әншімін деп шіренбеді. Суретке түскісі келген балалардың бәрінің көңілін көтерді. Тіпті, кейбірін көтеріп жүріп, ән шырқады.
Балалардың сырқаты бар демесең, олардың арасында қабілеттілері де, өнерлілері де бар. Дөңгеленіп билейтіндері қаншама? Тек олардың өнерін ұштай білетін білікті тәлімгер қажет секілді. Мәселен, бес жасар Кәусар өзін аялап отырған анасына деген сүйіспеншілігін ана туралы әнді орындау арқылы білдірді. Еркебұлан, Мәлика, Люба, Ангелина, Аружан, Алим, Жанахмет сынды балалардың бәрі де қазақтың ұлы ойшылы Абай мен ұстаздардың ұстазы – Ыбырай Алтынсариннің ұлағат пен өнеге толы өлеңдерін нақышына келтіре оқыды. Бұлардың бәрі де қазақшаға судай ағып тұр. Тілдерінде еш мүкіс жоқ.
– «Ембімұнайгаз» қайырымдылық және демеушілік бағдарламасының аясында былтыр 124 миллионнан астам теңге қаражат бөлді. Қаражаттың негізгі бөлігі әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балаларына, ауыр науқасқа шалдыққан балаларға бағытталып отыр. Кәсіпорын тарапынан үнемі әлеуметтік қолдау көріп отырған мекеменің бірі – №1 С.Қазыбаев атындағы балалар үйі. Біздің кәсіпорын өткен жылы балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін Ресейдің Железноводск қаласындағы «Қазақстан геологы» сауықтыру орнына үш айға жолдамамен көмек көрсетті. Сонымен бірге, облыстың арнаулы және медициналық мекемелеріне тұрақты қолдау көрсетіп келеді. Былтырғы жылы «Ембімұнайгаз» АҚ 10 ауыр науқасқа шалдыққан балаға ота жасау үшін қомақты қаражат бөлді. Бүгін міне, Атырау мұнайшылары өздеріңізді, құрметті балақайлар, мерекемен шын жүректен құттықтап, бәріңізге бейбіт өмір тілейді. Біз сіздердің сырқаттарыңыздан сауығуларыңызға қолдан келер көмегімізді көрсете береміз. Сіздердің қабақтарыңызды мұң, көңілдеріңді кірбің шалмаса екен дейміз, – деп өтті балаларды құттықтаған кәсіпорынның әлеуметтік саясат департаментінің директоры Қуандық Қалидуллин.
Айтқандай, бұл кәсіпорын былтыр 1300 бала үшін «Балаларға бақыт сыйла» жаңажылдық шырша мерекесін өткізді. «Ембімұнайгаздың» ұдайы демеушілігін сезінетіндердің қатарындағы №3 облыстық есту қабілеті төмен балаларға арналған арнаулы мектеп-интернаты да бар. Мұндағы тәрбиеленушілер де ешкімнен қалғысы келмейді. Өмір сүруге талпынады. Бұлар да қуанады, бұлар да өмірдің мәнін терең ұғынады. Бұлар да өнерлі: ән салады, би де билейді, музыкалық аспаптардың сан алуанында ойнайды. Сол секілді С.Қазыбаев атындағы №1 мектеп-интернатының тәрбиеленушілері мұнайшыларды арқа тұтады. Себебі, ата-анасынан сезінбеген алақан жылуын мұнайшылардың қолдауы арқылы бойға сіңіріп келеді. Отандық мұнайшылар осындағы 50 тәрбиеленушінің әр мерекені, жазғы мезгілді көңілді өткізуіне демеуші болудан жаңылған емес. Мұнайшылар аталған мектеп-интернатқа жиі келіп, мереке сайын әр баланың көңілін аспандатып, мұң толы көзіне бір сәт көл-көсір қуаныш ұялататын сый-сияпатын молынан ұсынады. Жазғы демалыста балалардың сауықтыру орындары мен лагерьлерде тегін демалуына жолдамамен қамтиды.
Мұнайшылар ұжымының демеушілігі мен қайырымдылығын тағдыры әрқилы, атап айтқанда, мүмкіндігі шектеулілерге де, олардың арасында ата-анасының көмегінсіз орнынан қозғала алмайтындарға да, арбаға таңылып, тіпті, медицина қарқынды дамыған десек те, қапелімде шипасы табыла қоймайтын ауыр сырқатқа шалдыққандарға да, тіпті, ата-ана қамқорлығынан шет қалып, балалар үйінің тәрбиеленушілеріне айналғандарға да, көпбалалы отбасында тәрбиеленетіндерге де жақсылық танытудан жаңылған емес. Олардың сырқатынан сауығуына қанатымен су сепкен қарлығаштай қолұшын созып жүрген Ерлан Күмісқалиев: «Адам тағдырының қалай қалыптасарын ешқашан білмейді ғой. Өзім де ауыр сырқатқа шалдығып, тағдырдың ауыртпалығын тартып, аурухананың төрт қабырғасына телміріп жаттым. Жаным қиналып жатқанда, сырқатымнан сауықсам, қиналған балалардың денсаулығын түзеуіне қолғабысымды беруден тартынбаймын деп өзіме серт беріп едім. Енді, міне, өзім бастамашы болған қоғамдық бірлестікте сал ауруына ұшыраған балалардың ем-дом алуына қолұшын созып келемін. Менің осынау талабыма алғаш күннен «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы қаржылай қолдау көрсетіп келеді. Бұл, әрине, ауыр сырқатқа шалдыққан балалардың толыққанды емдеу шараларын алуына үлкен демеу болып отыр» деген ойымен бөлісті.
...Бір ғасырдан астам мерзімнен бері ел игілігі үшін жаздың аптабы мен қыстың қақаған аязына төзе еңбек етіп, отандық экономиканың өркендеуіне лайықты үлесін қосып жүрген атыраулық мұнайшылар бұл жолы да балалар үшін арнайы сый-сияпатын ұсынды. Нақтылай айтқанда, 300 баланың әрқайсысына түрлі бояу, қарындаштар, түрлі кітаптар мен сурет салуға арналған альбомдар және өзге қажеттілермен толықтырылған аспалы сөмке сатып әперді. Мұнайшылар сыйлаған сөмкені арқаларына асып алып, түрлі тәттілер мен дәмділерге, тәтті сусындар мен торттарға толы дастарқаннан дәм татқан балалардың қуанышында шек болмады. Бұрнағы күні отандық мұнайшылардың қарашаңырағы – «Ембімұнайгаздың» қолдауымен облыстағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың 300 баласы «Машат-Арасан» (Шымкент қаласы) сауықтыру лагеріне аттанды. Балалар лагерьде 12 күн тынығып қайтады.
Шынында да, бейбіт өмірде ауыр сырқаты бар балалардың шексіз қуанғанына не жетеді?!.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ