• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
08 Маусым, 2016

Түзеу мекемелері түзелуде

616 рет
көрсетілді

Қай мемлекет үшін болмасын түзеу мекемелеріндегі бас бостандығынан айырылғандарды бағып, ұстау барысы күн тәрті­бінен түспей келе жатқан мәсе­ле екендігі белгілі. Өйткені, қыл­мыс жасап, жазасына сай соттал­ған адамдарды қоғамнан оқшау­лағанмен іс бітпейді. Олардың әлгі қылмысына сай жазасын өтеуі үшін қалыпты тіршілігін қамтамасыз ету қажет. Оған адам өміріндегі барлық мәселелер кіреді. Ішінде құқын да таптамау жағы ойластырылады. Бір сөзбен айтқанда, соттап түзеу мекемесіне отырғызған соң ол адамды енді мемлекет қалтасынан ұстау қажет. Жазаларды орын­дау органдары соттың үкі­мі­мен тұт­қындалғандардың тек бостандығынан ғана айы­рыл­ғанын түсінеді, алайда қазіргі жағ­дайда олардың мәдени және білім беру қызметіне араласуы, қорғалу құқығы күн өткен сайын маңызды бола түскенін ашық мойындайды. Бұл туралы, яғни қылмыстық-атқару жүйесінің мәселелері жайында Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде ІІМ ҚАЖ комитетінің төрағасы Бауыржан Бердалин айтты. Жалпы, бүгінгі уақыт қыл­мыстық-атқару жүйесін әрі қа­рай жетілдіруге бағытталған бі­рқатар ұйымдастырушылық-практикалық шараларды жүр­гізумен сипатталатынын алдында да жазғанбыз. Бұл коммуналды-тұрмыстық, медицина, білім беру, жұмыспен қамту және т.б. Бірақ бұл ретте бір ерекшелік, ҚАЖ комитетінің бір жылдан аса уақыттан бері жазаларды орындау саласының дамуындағы нақты парадиг­маларын белгілейтін жаңа қыл­мыстық, қылмыстық-атқару және қылмыстық-процестік заңнамалардың аясында жұмыс істеуін қаперге алған жөн. Ал бұл орайда Бауыржан Мұрат­ұлының сөз саптауы­на қарағанда, қазіргі күні бар­лық түзеу мекемелерінде сотталған­дардың мінез-құлық дәрежелерін анықтайтын көп сатылы жүйе енгізілген. Жаңа заңдардың қол­данылуы, сот практикасы, заң­намаларды ізгілендіру және ең бас­тысы сотталғандардың заңға мойын­­ұсынуы – түрмедегілер саны­ның бірден азаюына әсер еткен. Мәселен, ағымдағы жылы ко­лониялардан 5 мыңнан аса (5002) адам босап шықты, оның ішінде 15 пайызы шартты түрде мерзімінен бұрын босағандар және жазасының өтелмеген бөлiгi неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстырылғандар бір жарым есеге көбейді. Соның нәтижесінде 2002 жылы 3-орында болған Қазақстан бүгінгі таңда түрмедегі адамдар санынан әлемдік рейтингте 61-орында тұр. Ал біле білсек, түрмедегі адамдар санының азаюына бай­ланысты ІІМ коммуналды-тұр­мыстық жағдайы ең нашар деген колонияларды жабу туралы да шешім қабылдады. Соңғы 1,5 жыл ішіне елімізде 3 колония оңтайландырылды (АП-162/5, ЕС-164/8). Жылдың соңына дейін тағы да 6 мекемені қысқарту жоспарлануда. Бұл өз кезегінде материалдық-тұрмыстық қам­тамасыз етуді жақсартып, 2015 жылы тиісінше бiр сотталған ер адамға шаққандағы тұрғын алаң нормасын 2,5-тен 3,5 шаршы метр­ге дейін, ал әйелдер үшін 4-ке дейін, емханалар мен балалар колониясындағы тұрғын алаңын 5-тен 6,5 шаршы метрге дейін кеңейтуге алып келді. Бұл нормалар Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан бері қарастырылмай, тек бүгінгі уақытта ғана мүмкін болып отырғанын атап айту қажет. Әрине, бәріне белгілі, сот­талғандар ұзақ мерзім бойы бас бостандығынан айыру орындарында болған уақытында әлеу­меттік және туыстық қаты­настар алшақтай бастай­ды. Осыған жол бермеу мақ­сатында түрлі іс-шаралар ұйым­дастырылуда. Мәселен, осы жылы сотталғандардың бір жарым мың туысы қатысқан 40-тай ашық есік күндері өткен. Мұн­дай шаралардың нәтижесінде түзеу мекемелерінде қылмыс 50 пайызға қысқарған, қасақана заң бұзушылықтар 48 пайыз, дене мүшесін зақымдау 32 пайыз, өлім-жітім 30 пайызға, ал туберкулезбен ауыру 20 пайызға кеміген көрінеді. Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан»