• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
08 Маусым, 2016

Афишасыз театр

317 рет
көрсетілді

«Театр киім ілгіштен басталады» деген сөз бар. Әсілі, театр афишадан басталады. Афишадан алдымен сахналанатын спектакльдердің уақыты, мазмұны һәм авторларымен танысасыз. Кей адамдар трагедия, комедия деп жанр таңдап келеді. Кей көрермен аты мен затына қанық режиссерін іздейді. Пьеса авторының қалам қуатына, қолтаңбасына ден қоятын жандар бар. Басты рөлдегі сүйікті әртістің орны бөлек. Барлығы афишаны қажет етеді. Ал афишасыз театр көрдіңіз бе? Әлемде қаншасы бар екеніне көзіміз жетпейді, бірақ Шығыс Қазақстан облыстық драма театры афишасыз жұмыс істеп келеді... Ертістің ерке самалы ескен сол жағалаудан былтыр бой көтерген жаңа театр ғимараты – әйдік, әсем. Театрдың әсемдігі сыртқы пішімінде ғана ма, театрдың әсерлілігі де керек. Әсерді бөлісетін көрермен қошеметімен театр әсемдене, сұлулана түспей ме! Ашылу салтанатына Елбасы қатысқан мәдениет ордасы өңір өнеріне өзгеше өріс сыйлады. Десе де театрға тән бір нәрсе жетіспейді. Әрі ойлап, бері ойлап қарасақ, бұл афиша екен. Алматыдағы М.Әуезов атындағы «әкемтеатрдың», М.Лермонтов атындағы орыс драма театрының жанынан өтіп бара жатқанда сыртынан қойылымдардың қай күні қойылатынын көріп біле аласыз. Ғабит Мүсірепов атындағы жастар театрының бағдарламасы да көше жиегінде менмұндалап тұрады. Өскеменде ше?.. Республикадағы ең жаңа, сыңғырлаған театрдың ауласы атшаптырым. Қос қанаты кең. Алды – ашық. Театр қасынан шаһардың Ертістің қос жағалауындағы бөлігін жалғастырып жатқан Сәтбаев даңғылы өтеді. Көлік ағыны толастамайтын осы даңғылдың бойындағы қолайлы орынды театр әкімшілігі тиімді пайдалануына болар еді. Яғни, ғимараттың қос қапталына, әлде даңғылдың жиегіне таяу алып афишалар қоюға, сол арқылы қазақ және орыс труппаларына, жастар театрына да көрермен жинауға болар еді. Бұл күнде көңілін ғаламтор жаулаған көрерменді театрға тарту қиын. Бірақ, афиша – театрдың дәстүрлі атрибуттарының бірі. Көптеген афишалардың архив үшін де маңызы ерекше болатыны тарихтан мағлұм. Заман басқа, леп басқа. Театрдың сайттағы мекенжайы, онлайн-афишасы бар. Алайда, театр ауласындағы афишаның жөні бөлек. Көрерменсіз – сахна жетім. Көшеде, көз алдыңыздағы алып афишалар театр үшін де, қала тұрғындары үшін де керекті ақпараттық-мәдени дүние. Жаңа маусымда осы ой-тілек ескерілер деген ойдамыз. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан» ӨСКЕМЕН