Соңғы жылдары қоғам өте қатыгезденіп кетті. Әйтпесе, ұяттың бәрін жиып қойып, көлденең жүріс жүріп тапқан баласын көкек ана ойланбастан шырылдатып әжетханаға тастар ма еді. Ата-анасынан қымсынбастан жол бойына лақтырып кететіндер де табылып жатыр.
«Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» дегендей, енді олардың қатарына ақ халатты абзал жандар деп ардақтап жүрген ағайындарымыз да қосылып жүр.
Есі дұрыс ата-ана бауыр еті баласынан безбейді. Жоғарыда айтқандай, көкек аналар «еті де, сүйегі де сендердікі» деп тастап кеткеннен кейін бейкүнә сәби кейбір харам ниеттілер үшін жеке басының дәулетін арттыратын байлыққа айналған.
Шымкенттегі мамандандырылған ауданаралық сотта №1 перинатальдық орталықтағы атышулы бала сату оқиғасына байланысты сот отырысы басталды.
Медициналық орталықта жасырын балалар сатылып келгендігін облыстық прокуратура анықтаған болатын. Бүгінде қылмысты зерттеу материалдары 46 томға жетті. Дәрігерлердің сол мерзімге дейін 21 шақалақты саудаға шығарғандығы толық дәлелденген.
Судья Әбинұр Қарабаев қарап жатқан сот процесі жабық есік жағдайында өтуде. Өйткені, ол балаларды бүгінде асырап алған әке-шешесі бар. Сот алдында бала сатып алған ата-аналар куәлік етуде. Олардың саны қазір тоқсанға жетті.
Біреу арқа еті арша, борбай еті борша болып, бір сәбиге зар болып жүр. Ал тастанды балаларды мемлекет қамқорлығына берудің орнына, кейбір дәрігерлер дүкеніндегі тауарын саудалағандай сатуға маманданып алған.
Жақсы отбасына түссе, құдайдың қарасқаны, ал сәби мүшелерін донор ретінде сататын қаскөйлердің қолына түссе не болмақ?!
Ойлаудың өзі қорқынышты. Басқа емес, адам жанының арашасы деп әспеттейтін ақ халаттылардың өзі осындай қадамға баратындығы қорқынышты.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы