Астанамыз жыл санап көркейіп келеді. Құрылыс енді Есілдің оң жағалауында молырақ жүргізілмекші. Дұрыс-ақ. Жер кең ғой, қаланың аумағы созылып, өсіріле берсін. Бірақ олай болмай ма деген күмән де көкейден кетпей жүр.
Біздің «Егемен Қазақстан» газетінің кеңсесі орналасқан аудандағы Кенесары, Сембинов, Абай көшелерінің бойындағы Хрущев заманында тұрғызылған 2 қабатты үйлер бұзылып, қазір орындары босап жатыр. Жер кеңіп, тынысымыз ашылып қалды. Енді сол жерлерге ағаштар егіліп, гүлзарлар отырғызылып, адамдар демалатын орындар жасалса, тіпті, орынды болар еді. Спорттық алаңдар жасақталып, жұмыстан шаршап шыққанда бой жазатын жағдайлар жасалса, өзімізді әлемнің дамыған 30 елі тұрғындарының біріндей сезінер едік.
Алайда, осы ауданда салынған бірнеше үй тұрғындарының көңілі күпті. Өйткені, екі қабат үйлерден босаған жерлерді әкімдік кәсіпкерлерге сатып, ал олар 16-18 қабатты қораптар тұрғызып, адам мен машина санын құмырсқаның илеуіндей құжынатып жібермес пе екен деген күдік үнемі күш алуда. Коммуникациясы жетілген, инфрақұрылымы бар бұл жерлерден биік үйлер тұрғызу оңай. Құрылысы қымбатқа түспейді. Сондықтан, бір-біріне жалғастырып, биік үйлерді қаптатса... тынысың тарылып, өкпең қысылғанның көкесі сонда болады. Осыдан қорқамыз.
Әлеуметтік бағдарлы экономика жасаймыз деген сертіміз бар еді, Үкімет соны ұмыта қойған жоқ шығар. Әуелі халықтың қамын ойлап, қандай жолмен болса да ақшаны күреп тапқысы келетіндердің адымын аштыра қоймас деген үмітіміз де жоқ емес...
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»
АСТАНА