ҚАРАҒАНДЫ. 8 маусым. Қарағанды ішкі істер басқармасының жедел басқару орталығына орталық әмбебап дүкенге жарылғыш зат қойылғаны туралы белгісіз біреуден хабарлама түсті. Бұл туралы облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Сауда орталығына шұғыл қызмет түрлерінің бәрі жетті. Тұтынушылар, сатушылар және техникалық қызметкерлер, барлығы 500-ге жуық адам дабыл бойынша сыртқа шығарылды. Саперлер ғимарат ішін сүзіп шықты. Жарылғыш зат табылмады.
Тәртіп сақшылары жедел-іздестіру шаралары барысында Қарағанды қаласының 26 жастағы тұрғынын қолға түсірді. Ол мас күйінде өзінің ұялы телефонынан 102 нөміріне қоңырау шалып, жалған хабарлама жасағанын мойындады.
Ұялы телефон айғақ ретінде тәркіленді. Күдіктіге қатысты лаңкестік акт туралы жалған хабарлама жасағаны үшін қылмыстық іс қозғалды. Ол алты жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Қайрат Әбілдинов.
Дерек, фото: Қарағанды облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.