• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
09 Маусым, 2016

Зообақтағы зобалаң

429 рет
көрсетілді

Алматы хайуанаттар паркінде аңдар неге қырыла береді? Алматыдағы зообақта жануарлар қырылып жатқан­да, арнайы қор демеушілері­нің қаржыны киіз үй сатып алуға жұмсап, оның ішін әсем жиһаздарға толтыруға әуес­тену­шілігін, сөйте тұра қайта­дан қаржы жинауға кірісу­лерін түсіну ұғымға қиындау соғады. Әсем қаладағы халықтың демалыс орнына айналған зообақ қазір мегаполистің «бас ауруына» айналды. Бұрындары жануарлар мен құстарды көру үшін мұнда жылына миллион адам келсе, қазір бұл сан екі есеге дейін азайған. Соңғы рет Құралай атты жолбарыс өлді. Былтыр мұн­дағы мысық тектестердің саны төрт­ке қысқарған. Ең өкініштісі, түркі­с­тандық желіс, сервал, бенгал жолбарысы және қиыршығыс­тық барыс қатардан кетті. Сол сияқты 6 қар барысының торлары бос қалды. Жануарлардың қырылуы соңғы кездері жұрттың зообаққа деген назарын күрт өсіріп жіберді. Соның арқасында парктің қамқоршылық қорына ақша құйылып түсе бастады. Оған жануарларға жаны ашы­ған азаматтар миллиондап теңге аударып жатыр. Бір жағы, қалталы алматылықтардың жануарларға неге мұншалықты жаны ашып, көмекке келіп жатқандары таң қалдырады. Зообақ болса, жер­гілікті бюджет арқылы қаржы­ландырылады, бұған қоса өзі де тәп-тәуір ақша таба ала­ды. Бұған енді кәсіпкерлерден демеу­шілік ретінде қаржылай қол­дау қосыл­ғанда, оның жағдайы тіпті жақ­сара түсуге тиіс. Бірақ солай бола тұра хайуанаттар паркінде жануарлар қырыла береді, мекемеде неге мұндай былық көп? Мұның жай-жапсарын анық­тауға бүгінде жергілікті билік білек сыбана кіріскен сыңайлы. Соның бір айғағы, Алматы қала­сының әкімі Бауыржан Байбектің тапсырмасы­мен «Нұр Отан» партиясының қала­лық филиалында жұмыс тобы құрылды. Оны қала әкімінің орынбасары Станислав Канкуров басқарады. Мәслихат депутаттары, жемқор­лық­пен күресу қоғамдық кеңес және қамқоршы қор­­дың мүше­лері екі мекеменің қар­жы­лық құжат­тарын тексеріп шық­ты. Тексеру барысында мекеме бас­шысы Қанат Кәрімовтің бұл орын­ға 2015 жыл­дың қазан айында таға­йын­далғаны белгілі болды. – Біздегі жағдай мәскеулік әріптес­термен салыстырғанда, едәуір тәуір. Мұндағы жануарлар өлімі ондағы көрсеткішпен салыстырғанда, 5,3 пайызға төмен. Рас, 2001 жылы бұл көрсеткіш 3 есе көп болатын. Қазір аңдарға берілетін тағам жақсарған. Ветеринарлық зертханалармен келісім­шарт жасалды. Мысықтардың торлы орындары мен айналасы тазартылып, қажетті талдаулар алынды. Сыңары жоқ­тарға сыңар әкелінуде. Жуық арада жаңа аквариум салынады. Бір сөзбен айтқанда, проблемалар бар. Бірақ олар біртіндеп шешілуде, дей­ді зообақтың басшысы осы орайда. Ал жоғарыда айтылған қамқор­шылар қорын басқаратын кәсіпкер Райымбек Баталов зообаққа қатыс­ты өз жоспарлары бар екенін жайып салды. – Әлемдегі ең мықты архитек­тор­лардың бірі Питер Разбах зоологиялық бақтың жаңа жобасын жасады. Жуық арада бұл орын адам танымастай өзгереді, дейді ол. Сонымен қатар, кәсіпкер аңдар саябағына алматылық қалталы азаматтар қаржы құюын жалғастыра беретінін білдірді. Осы жерде айта кетейік, қала әкімінің орынбасары Станислав Канкуров тексерістің қоры­тын­дысын жариялап, зообақтағы жануарлардың өлімі ветеринарлық қызметтің ақ­сауынан орын алғанын жеткізді. – Қазір зообақта бас мал дәрігері жоқ. Тек міндетін атқарушы ғана отыр. 2015 жылы жолбарыс, леопард және ягуар ауырған. Алайда, бұл аңдарға өз деңгейінде ем-дом жасалмаған. Оның үстіне, қызметкерлер де жұмысқа тез қабылданып, артынша босатылып отырған. Мәселен, 1 жыл ішінде мекемеден 62 қызметкер өз еркімен жұмыстан кеткен. Ең бастысы, мұнда жануарларға дайындалған жем-шөп ұрланып келген. Соны­мен қатар, сирек кездесетін жануар­лардың төлдеп жатқанынан мекеме басшысы бейхабар. Алайда, қызметкерлер жаңа төлдеген жануарларды жан-жаққа сатқан деген фактіні комиссия дәлелдей алма­ды. Дегенмен, қорытынды көңілсіз. Зообақ ескірген. Инфрақұры­лым ақсап тұр. Торлардың ахуа­лы адам шо­шы­р­лық, дейді комиссия төрағасы. Сонымен қатар, ол зообаққа қар­жы­лық көмек көрсету үшін құрылған қамқоршы қордың атқарған жұмысына да тоқталды. Оның айтуынша, қордағы қаржы тиісті мақсатқа жұмсалмаған. – 2015 жылы қорға демеу­ші­лерден 32 300 еуро, 99 900 доллар, 180 миллионнан астам теңге түскен. Райымбек Баталов бұл ақшаны қайда жіберді? 4 миллион теңгедей ақша аквариумды жаңғыртуға жұмсалған. Тағы 10 миллион теңге бүкіл зообақтың қайта жаңғырту мастер-жобасына, 5,5 миллион түсініксіз «консалтинг қызметіне» кеткен. 5,2 миллион дизайнерге берілген. Ал 1,6 миллион теңгеге тауарлар алынған. Жалпы сомасы 70 миллион теңгеге есеп берген. Соның өзінде ұлттық валютада тағы 109 миллион, 32 мың еуро, 100 мыңдай доллар ақша қалған, дейді Станислав Канкуров. Тексеру анықтағандай, Райым­бек Баталовтың қор қызмет­кер­леріне қар­жыны өз қалтасынан төлеп кел­дім деген сөзі жалған болып шықты. Тексеріс кезінде жұмысшылар­дың жалақыны зоо­бақтан алғаны анық­талды. Келісім­шарт бойынша мемлекет оларға екі миллион теңгеге жуық қаржы аудар­ған. Тағы бір қызығы, осы қара­жатты қорға тарту үшін түрлі іс-шар­алар ұйымдастырылған. Мәсе­лен, 1 миллион теңгеге киіз үй мен жаңа жиһаз сатып алынған. Бірақ кейін ол зообақ балансына алынбаған. – Зообақтың керек-жарағына миллион теңге жұмсадым деген Баталов­тың сөзі күмән тудырады, дейді комиссия төрағасы. Еске салайық, «Радиоточка» пор­талына берген сұхбатында қор директоры шетелдік архитек­торлардың жұмысына төленетін қаржыны өз қалтасынан шығар­ғанын айтқан-ды. Ал іс жөнінде мас­тер-жобаның 14 миллион тең­ге­сін «Прокт-300» ЖШС қар­жы­лан­дырса, қалған соманы қор төлеген. – Бүгінде қор директорының БАҚ-та қаржылық есебі туралы бірде-бір ақпарат жарияланбағаны белгілі болды. Бұл – коммерциялық емес ұйымдар туралы заңның бұзылуы деген сөз. Сонымен қатар, қор көлеңкелі қызмет көрсетіліп отыр дегенді біл­діреді. Түйіндей кел­генде, зообақ жекеменшікке өте­тін нысандардың қатарында емес. Алматы әкімдігі әрі қарай да бас­шы­лық етеді бұл мекемеге. Сон­дай-ақ, нысанды бақылау мәдениет бас­қармасынан ауылшаруашылық және ветериния басқармасына ауыс­ты­­ры­лады. Алматы әкімдігінің бұл жаңа құрылымын Бауыржан Абызбаев басқарды, дейді С.Канкуров. Айта кетейік, Райымбек Баталов­­­тың одан әрі жұмыс атқару тура­­лы мемо­рандумға қол қою ұсы­нысын Алматы қаласының әкім­дігі құптаған жоқ. Ал депутаттар аталған демалыс ныса­нын қолға алып, жақсарту керектігін, тиісті тараптан бақылауды күшейту қажет­тігін жеткізуде. Олар мұн­дағы аңдар­дың себепсіз өлімін қыз­мет­керлердің жануар­­ларды тамақ­тан­дырмай, аш ұс­тауынан туындады, дейді. Талғат РАЙЫМБЕК, «Егемен Қазақстан»