Биыл Оңтүстікте қыс болмаған. Бұрын да жарытпайтын қыс мезгілінің соңғы жағында шелектеп жаңбыр жауып, жұрттың әптер-тәптерін шығарған еді. Сол жаңбыр сәл үзіліс алып, мамырға дейін төкті де тұрды. Ал маусым айында ауа райы өзгеріп, күн ыси бастады. Ауа райын зерттеушілер ұялы телефондағы SMS арқылы осы аптаның ортасында күннің ыстықтығы 40-43 градусқа дейін жететінін құлақтандырды.
Аптап жердің бетін табаға шелпек қуырғандай бір тарының қауызына сыйдырып тұр. Рамазан айында ораза ұстағандар «бұл да құдайдың пендесіне деген сынағы», деп қанша қиналса да шүкіршілік етеді.
Оңтүстік Қазақстан облысының атауы осылай болғанымен, оның да оңтүстігі мен теріскейі бар. Күн көзіне өте жақын Сарыағаш, Мақтаарал аудандарында күн қысымы өте жоғары болғандықтан, диқандар шаруасын таңертеңгілік салқында бастап, күн қайтқанда жалғастырады. Шымкентте субұрқақтар толық жұмыс жасауға көшірілді.
Адамдар тосын табиғатқа осылай амалдап жатыр.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы