Халық емі тарихында елеулі есімі бар Ырғызбай бабаны еске түсіруге арналған халықаралық турнир биыл төртінші мәрте ұйымдастырылды. Қазақ күресінің апайтөс майталмандары бақ сынайтын дәстүрлі жарыстың ерекшелігі – облыс орталығынан шалғай, шекаралық өңірге жататын Тарбағатай ауданының орталығы Ақсуат ауылында өтуі дер едік.
Турнир алдында барлық қатысушылар мен қонақтар, өңір тұрғындарының қатысуымен Ырғызбай Досханаұлы кесенесі басындағы зиярат кешенінде әулие рухына бағышталған ас берілді.
Биылғы бәсекеде елімізбен бірге Германия, Бельгия, Чехия, Польша, Ресей, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Грузия, Армения, Әзербайжан, Беларусь және Латвия мемлекеттерінің 80-ге жуық балуаны бақ сынады. Елбасы тапсырмасына сәйкес, саламатты өмір салтын насихаттау және бұқаралық спорт түрлерін дамыту мақсатындағы аталған жобаның авторы әрі ұйымдастыру комитетінің төрағасы, ұлттық өнер жанашыры Бәделхан Камалханұлы екенін айта кеткен абзал. Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының президенті Серік Төкеев алдағы уақытта Ақсуаттағы аламанды әлем кубогына ұштастыру жоспарланып отырғанын жеткізді. Жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылуына Тарбағатай ауданының әкімі Ділдәбек Тәжібайұлы мен осы турнирдің атқарушы директоры Талғат Мәзібаевтың қосқан үлесі зор.
Турнирде еліміздің намысын қорғаған 8 балуанның ішінде үміт күткен Айбек Нұғымаров гүржі балуанына есе жіберіп алса, Ұлан Рысқұл Украинадан келген әріптесінен айласын асыра алмады. Кілемдегі күрес шеберлерінің қимылына қарап отырып, қазақ күресінің мәртебесі халықаралық деңгейде көтеріле түскеніне куә болдық.
Жүлде қоры 6 миллион теңгені құрайтын, «Қазцинк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас демеуші болған жарыстың түйе балуаны атағын 80 килоға дейінгі салмақта лайықты өнер көрсеткен Шымкенттен келген жас спортшы Ерсұлтан Мұзапаров иемденсе, 80 килодан жоғары салмақтағы Гран-при жүлдесі белорусь балуаны Александр Ваховякқа бұйырды. Қуаныштан боз кілемді айнала жүгірген Сашаның жаттықтырушысы, Беларусь жеріндегі қазақ күресі федерациясының президенті Мұрат Төрешовке ақсуаттықтар ақбоз ат мінгізді.
Жалпы, дүбірлі жарыста Грузия балуандары жақсы өнер көрсеткенін айта кеткен ләзім. Мәселен, салмағы 239 кило болатын Моңғолия спортшысы, сумо шебері Суугаржаргалдың боз кілемге шығуы бірқатар балуандардың жүрегін шайлықтырғанымен, алпамса жігіт көзді ашып-жұмғанша гүржі балуанына есе жіберіп, омақаса құлап жатты.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы,
Тарбағатай ауданы