Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі Гүлмира Исімбаеваның төрайымдығымен «Нұр Отан» партиясы фракциясының төралқа отырысы өтті, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Отырыста Инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға ұлттық қордан бөлінетін қаражаттың және бюджеттік қаражаттың мақсатты және тиімді жұмсалуына бақылау жүргізу жөніндегі комиссиялардың атқарған жұмыстары туралы мәселе қаралды.
«Нұр Отан» партиясының Парламент Мәжілісіндегі фракциясының жанынан бес бағыт бойынша комиссиялар құрылған. Олар: әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту; тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын, сумен және жылумен жабдықтау желілерін жаңғырту, тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту; индустриялық энергетикалық инфрақұрылымды дамыту, шағын және орта бизнес пен іскерлік белсенділікті қолдау; көлік және логистика инфрақұрылымын дамыту; агроөнеркәсіп кешені субъектілерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөніндегі комиссиялары.
Парламент Мәжілісінің 6-шақырылымы өз жұмысын бастағалы бері өткен екі айдың ішінде комиссиялар бірқатар отырыстар өткізіп, онда: «Халықаралық Астана әуежайының жолаушылар терминалын қайта салу барысы туралы»; «Құрық портында паромдық кешеннің құрылысы және жүк-жолаушылар таситын әмбебап паромдарды пайдалану туралы»; Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарын 2015-2016 жылдары базалық қажетті құралдармен жиынтықталған зертханалармен қамтамасыз ету және қаржы бөлу»; «Индустриялық энергетикалық инфрақұрылымды дамыту, шағын және орта бизнес пен іскерлік белсенділікті қолдау жөніндегі жобаларды іске асыру барысы туралы»; «Инфрақұрылымды дамытудың «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасын 2016 жылдың бірінші тоқсанында іске асыру барысы туралы» мәселелер қаралды.
Төралқа отырысына «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қ.Жұмашев, Инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан бөлінетін қаражаттың және бюджеттік қаражаттың мақсатты және тиімді жұмсалуына бақылау жүргізу жөніндегі комиссиялардың бес бағыты бойынша «Нұрлы Жол» бағдарламасының бес бағыты жөніндегі комиссиялардың жұмыстарына жетекшілік етуші партияның Орталық аппаратының жауапты қызметкерлері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Фракция төралқасы комиссия жүргізген жұмыс туралы ақпараттарды назарға алды. Комиссия басшылығы: Инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға Ұлттық қордан бөлінетін қаражаттың және бюджеттік қаражаттың мақсатты және тиімді жұмсалуына бақылау жүргізуді күшейту; Аймақтардағы инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде салынып жатқан құрылыстар мен объектілерді барып көруді жазда болатын көшпелі жұмыс топтарының кестесіне қосу ұсынылды.
Сонымен қатар, төралқа мүшелері отырыста бірқатар ұйымдық мәселелерді де қарастырды.