• RUB:
    5.08
  • USD:
    482.86
  • EUR:
    533.17
Басты сайтқа өту
09 Маусым, 2016

Өңірдегі өркенді істер мен оң өзгерістер

299 рет
көрсетілді

«Нұр Отан» партия­­сы Төраға­сы­ның бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед жұмыс сапарының екінші күні Алға ауданында болды. Алдымен Елек өзенінің бо­йында көкөніс өсірумен айналысып жатқан шаруа қожалықтарының жайымен танысты. «Мансұр» шаруа қожалығының басшысы Айшат Әмірованың көк­өніс өсірумен айналысқанына он жылдың жүзі болыпты. 2012 жылы шаруа қожалығын құрып, бастапқыда жерді 2 жылға жалға алып жұмыс істеген. Қазір он жылға алып отыр. Көкөніс өсі­руші келіншектің өз кәсібіне берілгендігін аңғарған Мұхтар Абрарұлы: «Сіз жерді 50 пайыз жеңілдікпен, 10 жылға кейінге қалдырып төлеу арқылы сатып алар ма едіңіз?» – деген сауал тастады. А.Әмірова ойланбастан неге алмасқа деп жауап қатты. Өткен жылы көкөніс өсіргені үшін 500 мың теңге субсидияға қол жеткізіпті. Алик Пак басқаратын «Алик» шаруа қожалығы Бестамақ ауыл­дық округі аумағында 2000 жылдан бері жұмыс істейді. 50 гектар суармалы жері бар. Оның 20 гектарына қызанақ, қияр, қырыққабат, қызылша өсіреді, 30 гектарына мал азықтық дақыл өсіреді. Өткен жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 2,5 миллион теңге несие алып, кәсіпкерлігін кеңейткен. Қазір қарамағында 8 адам еңбек етеді. А.Пак өнім өткізуден ешқандай проблема жоқ екенін, осы кәсіппен 30 жылдан бері айналысып келе жатқа­нын айтады. Партия Төрағасының бірінші орынбасарының келесі аялдаған нысаны «Молочные истории» ЖШС-нің ет комбинаты болды. Мұхтар Абрарұлы мұнда ет комбинатының жұмыс үде­рісімен егжей-тегжейлі таныс­ты. Кәсіпорынды таныстырған комбинаттың бас технологы Игорь Решетников мұнда тәулігіне 15 ірі қара сойылып, жылына 7,2 мың тонна ет өңделетінін жеткізді. Мұнда мал халал технологиясы бойынша қолмен бауыздалады. Жобаның жалпы құны 1984,0 миллион теңге тұрады. Соның 140,0 миллион теңгесі «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бо­йынша бөлінген. Оған канализация, электр желісі, су және газ құбыры тартылған. Ет комбинаты ҮИИДБ аясында салынды. Комбинатта Германия фирмасының қондыр­ғысы орнатылған. Ет комбинаты мал бордақылау алаңымен бірге, бірыңғай технологиялық желі құрайды. Атап өтерлігі, өндіріс қалдықсыз жұмыс істейді, яғни сойылған малдан ештеңе қал­майды. Қысқасы, сирағы мен тұя­ғына дейін өңделіп, қажетке жаратылады. Мұнда 97 адам еңбек етеді. Қазір кәсіпорын 50 пайыз қуатында жұмыс істеп тұр. Бір-екі жылда толық қуатына шығудың жоба-жоспарлары бар екен. «Нұр Отан» партиясы Төр­ағасының бірінші орынбасары Мұх­тар Құл-Мұхаммед пен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «АкТеп» ЖШС-нің мал бордақылау ала­ңында болды. Мал бордақылау кешені 10 мың басқа есептелген. Қазір 4,5 мың бас бордақылауға қойылыпты. Мал азығын дайындау үшін «Қазагроқаржы» АҚ арқылы 127,7 миллион теңгеге мал азығын дайындау техникасы алынды, деп мәлімдеді «АкТеп» ЖШС-нің кеңесшісі Нұрлан Сағыналин. Түстен кейін партия Төр­ағасының бірінші орынбасары мен өңір басшысы Кірпішті кентінде жақында пайдалануға берілетін орта мектепке атбасын бұрды. Мұнда 160 орындық №18 орта мектеп бар, алайда, үш ауысыммен оқытады. Міне, осы мәселені шешу үшін Ұлттық қордан 320 орындық орта мектеп құрылысына 527 миллион теңге қаржы бөлін­ген. Бұл мектеп Елбасының «Нұр­лы Жол» бағдарламасы бойынша салынуда. Қазір құрылыс-монтаж жұмыстарының 80 пайы­зы жүзеге асырылған. Бұл туралы осы мектепті салып жатқан «Элитстрой» ЖШС директоры Юсуф Өміров хабардар етті. Өңірдегі жұмыс сапарының соңында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Ақтөбе рельс арқалықтары за­уы­тының жұмысымен таныс­ты. Зауыт директоры Андрей Кузьмин кәсіпорынның бүгіні мен болашағы туралы әңгімеледі. Ол кәсіпорынның өткен жылы пайдалануға берілгенін, жылына 430 мың тоннадан астам өнім шығаратын зауыттың қазақ теміржолы тарихындағы ең ірі жобалардың бірі болып саналатынын жеткізді. – Жылына 430 тонна өнім өндіреді, оның 200 мың тоннаға жуығы теміржол рельсі, қалған 230 мың тоннасы – бір қалыпта құйылған прокат. Зауыт толық қуатына шыққанда мұнда 700-ден астам адам жұмыс істейтін болады. Жобаның құны – 82,7 миллиард теңге, – деді ол сөз арасында. Бұл зауытта инновациялық термотөзімді, жоғары сапалы рельстің ұзындығы 120 метр етіп құйылады. Өнім жоғары жылдамдықпен және қозғалысы көп желілерге қолданылатын бо­лады. Рельстің ұзын болуы мұндағы дәнекерлеу арқылы жал­ғау жұмыстарын азайтады әрі қауіпсіздікті күшейтеді. Зауыт үш ауысымда үзіліссіз жұмыс істейтін болады. Тағы бір ерекшелігі, зауыт шығарған өнім жылжымалы құрамның жылдамдықты арттыруына ықпал етеді. Мұндағы құрал-жабдықтардың барлығы Италиядан жеткізілген. Индустрияландыру картасы бағдарламасына мемлекет қолдау көрсетті. Яғни, газ, су және канализация құбырларын тарту, зауыттың теміржол арқылы өтетін автожолы, 22 шақырым электр желісі осы бағдарлама аясында жүргізілген. Мұның бәріне мемлекеттен 4,6 миллиард теңге жұмсалыпты. Зауыт «Қазақстан темір жо­лы» Ұлттық компаниясы» АҚ-тың барлық қажеттіліктерін қамтамасыз етеді. Өзбекстан, Түрікменстан, Әзербайжан секілді басқа да елдердің теміржол компаниялары сұранысын өтейтін болады. Қазір «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ-пен он жылға 1,0 миллион тонна өнім жеткізу жайында келісімшарт жасалған. Яғни, зауыт жыл сайын акционерлік қоғамды 100,0 мың тонна өніммен қамтамасыз етіп отырмақ. Кәсіпорында жылына 100 миллиард теңгенің өнімін шығару көзделуде. – Біздің жоба экологиялық тұрғыдан мейлінше таза. Біздің өндірістік алаңдарымыздан еш­қандай майлы шайындылар жер үстіне және канализация­ға ақпайды. Барлық өндірістік қалдықтар құрғатылып жиналады. Оның да экологиялық зияны жоқ, – дейді А.Кузьмин. Кәсіпорын басшысының мә­лімдеуінше, биыл 21,8 миллиард теңгенің 100,0 мың тонна рельс өнімдерін шығару көзделуде. Сон­дай-ақ, қуаты 40 МВт газ-поршеньді электр станса 251,4 миллион КВт электр қуатын өн­діреді деп күтілуде. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан» Ақтөбе облысы
Соңғы жаңалықтар