Кеше Ереванда ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер Қауіпсіздік кеңестері хатшылары комитетінің кезекті мәжілісі болып өтті. Оған Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі хатшысының бірінші орынбасары Марат Шайхутдинов қатысты.
Бұл жолғы мәжіліс үстіміздегі жылдың күзінде ҰҚШҰ-ға мүше елдер мемлекет басшыларының қатысуымен өтетін Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезекті сессиясына дайындық кезеңдерінің бірі болды.
Шараға қатысушылар 2015 жылдың 21 желтоқсанында Мәскеуде Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі тарапынан берілген тапсырмалардың орындалу барысын қарастырды.
ҰҚШҰ-ның 2025 жылға дейінгі кезеңге арналған Ұжымдық қауіпсіздік стратегиясының жобасы бойынша пікір алмасулар өтті.
Делегациялар басшылары, сондай-ақ, халықаралық терроризм мен діни экстремизмге қарсы бірлесіп іс-қимыл таныту мәселелерін, Жедел жауап беретін ұжымдық күштерді әрі қарай дамытуды қоса алғанда, ҰҚШҰ-ға мүше елдердің әскери ынтымақтастығының жекелеген бағыттарын талқылады.
Мәжіліс қорытындысы бойынша қауіпсіздік кеңестерінің хатшылары ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер жауапты органдарының өзара іс-қимылын жетілдіруге бағытталған бірқатар шешімдерге қол қойды.
Делегациялар басшылары Армения Республикасының Президенті С.Саргсянның қабылдауында болды.
«Егемен-ақпарат»