Астанада ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер Қорғаныс министрлері кеңесінің өткізілуі шеңберінде Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов пен Ресей Федерациясы қорғаныс ведомствосының басшысы армия генералы Сергей Шойгудың кездесуі өтті.
«Біздің кездесулеріміз жиі өткізілетін мазмұнға ие болып отыр. Бұл Қазақстан мен Ресей сияқты стратегиялық серіктестер үшін қажеттілік болып табылады. Мүмкіндікті пайдалана отырып, Сириядағы әскери операцияның сәтті өтуімен шын жүректен құттықтағым келеді», деді И.Тасмағамбетов.
«Халықаралық лаңкестікпен күресуде жалпы түсінік пен біріктірілген іс-қимыл жасау қажет. Бүгінде, жалпы алғанда, ғасырлар бойы жинақталған барлық бастамалардың беріктілігі шыңдалуда. Мұнда да баршамызға ол жақта болып жатқанды тағы бір мәрте талқыға салып, лаңкестікпен күресу жөнінде қосымша бірлескен шараларды қарастыруымыз қажет шығар. Бүгін бізде осындай мүмкіндік болады деп үміттенемін. Ынтымақтастымызға қатысты айтар болсақ, оның стратегиялық татулық сипатқа ие екендігі сөзсіз, әдеттегідей, алдымызға өмір мен заманауи уақыт қойып отырған сол мәселелерді шешуге біршама сенімді қадам басып келеміз», деді С.Шойгу.
Кеше Астанада ШЫҰ-ға қатысушы елдер Қорғаныс министрлерінің кеңесі өткенін айта кетейік. Отырыс шеңберінде ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер әскери үрмелі оркестрлерінің «Бейбітшілік кернейі» ІІІ халықаралық фестивалі өтті. ШЫҰ-ға қатысушы елдер әскери музыканттарының фестиваліне Қырғыз Республикасы, Қытай Халық Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы мен Қазақстан Республикасы әскери оркестрлерінің жеке құрамы қатысты.
«Егемен-ақпарат»