• RUB:
    5.08
  • USD:
    482.86
  • EUR:
    533.17
Басты сайтқа өту
09 Маусым, 2016

Кірістерді кемітпей, шығыстарды ширатайық

214 рет
көрсетілді

Сонда ғана бюджет тиімді пайдаланылатын болады Кеше Парламент Мәжілісінің Төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетовтің төрағалығымен палатаның кезекті жалпы отырысы болып, онда 2015 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептер тыңдалды. Бюджеттің атқарылуы туралы деректерге көз жүгіртпес бұрын ІЖӨ-нің жылдық өсімі 1,2 па­йызды құрағанын айта кетейік. Ал 2015 жылғы бюджет кірістері 6 137 млрд. теңгені құрап, жос­пар 105,7 пайызға орындалыпты. Бірақ бұған қарап кірістер жақсы екен деп масаттануға болмайды, өйткені соңғы нақтылау кезінде кірістің жоспары 5 806,8 млрд. теңгеге дейін азайтылған соң ғана кіріс артығымен орындалғандай болып көрінеді. Оның үстіне, доллармен түсетін кірісті теңгеге айналдырғанда кіріс қомақты кө­рініп, жоспар артығымен орын­далғандай әсер аласың. Кірістердің жалпы сомасында салықтық түсімдер 3 332,9 млрд. теңгені құраса, бұл 54,3 пайыз деген сөз. Ал 2014 жылғы бюджет­те салық түсімдері барлық кірістің 62 пайызын құраған еді. Демек, бұл салық азайды дегенді білдіреді. Оның себептері көп. Соның ішінде сыртқы сау­да айналымының бір жылда 37,1 пайызға дейін азайып, 79,9 млрд. АҚШ доллары көлеміне түсіп кеткенін айтуға болады. Экс­портымыз да төмендеп кеткен. 2014 жылмен салыстырғанда ол 42,5 пайызға азайып, 46,2 млрд. АҚШ доллары болған. Импорт та 27 пайызға дейін төмендепті. Республикалық бюджеттің шығындар бойынша атқарылуы – 99,8% немесе 6 789,9 млрд. тең­ге. Бюджеттің атқарылуы жө­нінде Үкімет атынан баяндама жасаған Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуына қарағанда, әлеуметтік саланың шығыстары ең басты бюджеттік басымдық болған. Бұл саланың шығыстары ІЖӨ-нің 7%-ына дейін өсіп, 2,8 трлн. теңгені құраған. Соның ішін­де зейнетақы, төлемақы, өтемақы және т.б. алушылар бойынша бюджет шығыс­тары міндеттемелерді то­лық орын­дағандығы жеткізілді. Сон­дай-ақ, жаңадан 130 мектеп пай­да­лануға берілгендігі, кәсіби білім алғандардың 78 пайызы жұмысқа орналастырылғаны айтылды. Ғылым саласына 43 млрд. теңге бағытталған, бұл 2014 жыл­мен салыстырғанда 5 млрд. теңгеге аз. Ауыл шаруашылығына 220 млрд. теңге бөлінген. Сон­дай-ақ, салаға 20 млрд. теңгеге жуық жекеменшік инвестиция тартылған. Тұрғын үй-ком­мунал­дық шаруашылығы көлік және коммуникация, электр қуаты салаларына бөлін­ген қаражат «Нұрлы Жол» бағдарламасының шеңберінде жүзеге асырылған. Соның ішінде автожолдарды салу мен жөндеуге 345 млрд. теңге бөлінген, бұл 2014 жылмен салыстырғанда 30%-ға артық. Осы қаражаттың арқасында 456 шақырым автожол салынған. Бюджет тапшылығы ішкі жалпы өнімнің 2,2 пайызы болып, мемлекеттік борыштың 21,6 пайыз­ын құраған. Бұл тәуекелді мән­дерден алыс, бірақ ол күнде­лік­ті бақылаудан түспейді, деді министр. Бюджеттің атқарылуын бақы­лау жөніндегі есеп коми­тетінің төрағасы Қозы-Көрпеш Жаң­быршиннің сөзінде жағдай­дың күрделі екендігі ашық айтылды. «Ел экономикасына теріс ықпал ететін сыртқы факторлардың жағдайында салықтық және ке­дендік әкімшілендірулерді күшейту қажет. Алайда, ол жет­кілікті дәрежеде іске асырылған жоқ. Біздің ойымызша, елде толық пайдаланылмай отырған салықтық және кедендік түсімдер әлеуеті зор», деді ол. Соның мысалына ол кәсіпкерлік қызметте қолма-қол ақша айналымының шекті мәні енгізілгенімен, оның орындалмайтынын атап өтті. Соңғы бес жылда ол 1,5 трлн. теңге деңгейінде қалып отыр екен. Бұл жалған кәсіпкерлікке қолайлы жағдай туғызуда. Салық төлеуден жалтаруға қарсы күрес те тиімділікпен жүргізілмейді. Жалған кәсіп­керлікке қарсы күрес әлсіз. Салықтық бақылау сапасының тө­мендігінен мемлекетке берешек көлемі 85,3 млрд. теңгеге жеткен. Осындай жағдайда нәти­жесіз салық тексерістерінің үлесі жоғары болып отыр, деді Қ.Жаңбыршин. Ол барлық тек­серістің үштен біріне жеткен. Тек­серу нәтижесінде белгілі болған төленбеген 600 млрд. теңге кө­леміндегі салықтың 34,4 млрд. теңгесі ғана өндіріп алынған. Сонымен қатар, есепті кезеңде 459,2 млрд. теңге бюджет қара­жаты тиімсіз пайдаланылған. Сондай-ақ, 7,8 млрд. теңге игеріл­­мей қалған. Бюджетке түсу­ге тиісті дебиторлық берешек көлемі де 206 млрд. теңгеге жетіп, шектен тыс шарықтап кет­кен. Осы қарызды азайту жөнін­дегі шаралар сылбыр болып отыр, деп атап көрсетті төраға. Бұдан басқа да мәселелер айты­лып, бюджет қаражатын бақы­лау, әкімшілендіру ісінде үлкен ол­қылықтар бар екендігі көлденең тартылды. Талқыланып жатқан мәселе бойынша қосымша баяндаманы Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Қожахан Жабағиев жасады. Осыдан кейін депутаттар талқылауларға қатысып отырған мемлекеттік органдар басшыларына өздерінің сұрақтарын бере бастады. Соның ішінде Омар­хан Өксікбаевтың «ҚазАгро» холдинг 2013-2014 жылдары халықаралық купонды облигация шығарып, өзінің есепшо­тына 4 млрд. теңге қаражат тартқанын айтты. Соның 806 млн. доллары әртүрлі банктердің депозитіне салыныпты. Ол кездегі долларлық депозиттің сыйақысы 4,6 пайыз болғанын айта келіп, депутат депозитке салынған бар­лық соманың 384 млн. доллары төрт банкке 3,5 пайыз өсімге берілгеніне таңғалатынын жет­кізді. Неге бұлай, деді ол. Жуық шамамен санағанда осы операция­дан мемлекеттік холдинг 4 млн. доллар жоғалтқан. Осыны қалай түсінуге болады, дей келіп, депутат мемлекеттің қаражаты кімнің қалтасына кетті деген нақты сұрақ қойды. Жалпы, деді сөзін одан әрі жалғастырған О.Өксікбаев, 2015 жылы холдинг 96 млрд. тең­геге зиян шеккен. Сол осындай операциялардың кесірінен емес пе деді депутат. Бұған холдингтің басқарма төрағасы Нұрлыбек Малелов жауап берді. Тартылған ақшаның басым көпшілігі банктерге 10 пайыздық өсіммен орналастырылды. Ал долларлық депозитті біз 3,5 пайыздық өсімге уақытша берген едік. Қазір ол қаражат алынып, теңгемен 10 пайыздық өсімге банктерге қайтадан берілді, деді ол. Ал 96 млрд.-тық зиян шегуді ол теңгенің долларға қарағанда бағамының құлағандағы теріс әсері деп құтылды. Бірақ бұған депутат қанағаттанбай, миллион­даған долларды 3,5 пайыз өсім­ге уақытша бердік дегеннің теріс­тігін фактілермен дәлелдеп, бұл уақыт бір жылдан артық мерзімге созылғаны туралы айтып берді. Тұйыққа тірелген Н.Малелов: «Мен сізге жауапты жазбаша берейінші», деп құтылды. Осындай өткір пікірсайыс­тардан кейін Мәжіліс рес­публи­калық бюджеттің атқа­рылуы туралы есепті мақұлдап, Сенаттың қарауына жолдады. Сондай-ақ, жалпы отырыста Жер кодексінің кейбір норма­лары­ның қолданысын және «Қазақ­стан Республикасының Жер кодексіне өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 2 қарашадағы Заң­ның қолданысқа енгізілуін тоқ­тата тұру туралы» заң жобасы бо­йын­ша қорытынды әзірлеу мерзімі белгіленді. Ауғанстанмен Азаматтық қор­ғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімді ратификациялау туралы заң жобасы да жұмысқа қабылданды. Сонымен қатар, жалпы отырыстың күн тәр­біне Константин Плотников пен Халида Қамбарованы Рес­пуб­ликалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп коми­тетіне мүше етіп тағайындау мәсе­­лесі де енгізілген екен, бұлар да оңай шешімін тапты. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»
Соңғы жаңалықтар