• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
09 Маусым, 2016

Өмір сабақтары

954 рет
көрсетілді

Жұртына салиқалы сөз айтып, жүзінен үнемі мейірім-шапағат төгіліп, жан-жағына шуақ шашып тұратын, сөйлеп кетсе шешен, жол бастаса көсем, ақылға бай, ойға кенен, тарихқа терең, үлкен парасат иесі тұлғалар болады. Сондай ұлағатты жандардың бірі де бірегейі, техника ғылымдарының докторы, академик, қоғам қайраткері, тарихшы, философ Өмірзақ Озғанбаев. Өмірзақ талай әулиелер мен әм­бие­лердің табаны тиген киелі өлке Маңғыстау облысының Құрық кентінде өмірге келді. Әкесі Озғанбай ел басына күн туған сын сағатта қолына қару алып, жауды жайпау үшін жорыққа аттанды. Өмір мен өлім арпалысқан сол бір сұрапыл жылдарда Озғанбай ақсақал от ішінен оралмады. Ақажан апа екі ұлды жетектеп жүріп жетілдірді. Анасының ақ сүті мен тағылымды тәрбиесін бо­йына сіңірген Өмірзақ жастайынан бойына адалдықты, әділдікті серік етті. Өмірдің мәні білімде екенін ерте білген Өмірзақ қойнына кітап алып жатып ұйықтайтын. Мұнайлы өңір­дің мұңлылау баласы осылай ержетіп келе жатты. Өмірзақтың Өміртай атты інісі бар-ды. Ерте қайтыс болып кетті. Красноводск ауданындағы Үдек құдығында мал шаруашылығымен айналысып отырған Ақажан анасы мен Өміртай інісіне қарайлап, Өмірзақ оқуға бара алмады. Дарынды оқушыны сынып жетекшісі Қуан Тұрмағанбетов мектепке пионер вожатый етіп жұмысқа қабылдаттырды. Өмекеңнің қоғамдық жұмыстарға араласуы, міне, тап осы пионер вожатыйлықтан бастау алады. Мектептегі мақтаулы оқушы Қы­­зыл­орда педагогикалық институтына қабылданды. «Сыр елі – жыр елі» деп жатамыз. Жастайынан сөз өнеріне бір табан жақын Өмірзақ Сыр елінің небір сүлейлерінің маржандарын теріп, жанына жаттады. Осы өңірдің өрендерінің өнерін, тарихын, мәдениеті мен әдебиетін зерттеді. Қызылорда педагогикалық институтының биология факультетін қызыл дипломмен бітірген Өмекең еңбек жолын мектепте мұғалім болудан бастады. Ұстаздық ұлағатты жолын ғылыммен ұштастыра білген ол Бүкілодақтық педагогика ғылымы академиясын бітіріп, 1982 жылы Мәскеу қаласында педагогика ғылы­мының кандидаты атанды. «Талпынған жетер мұратқа» демекші, білім-ғылым жолында талмай талпыныс жасаған Өмекең енді тың тақырыптарға түрен сала бас­тады. Бұл кезеңде бүркеулі жатқан «ақтаңдақтарды» ақтаруға көп адам­ның жүрегі дауалай бермейтін. Қай­сар да өжет Өмекең осы тың тақырыпты қаузап, есімдері, ұлы істері мәңгі өшуге айналған қазақ қайраткерлерінің ғұмырнамалық өмір жолдары, Алаш ардақтыларының айбынды істері жайлы ғылыми еңбектер жазуға бел буды. Осылайша жиырмасыншы ғасырдың алғашқы жылдары Думаға депутат болып сайланған қазақ халқынан шыққан зиялыларды тарихқа таңбалап қалдыра білді. Осы жолда ғалым инемен құдық қазғандай тер төкті. Қалың жұртшылық былай тұрсын, зиялы қауымның өздері біле бермейтін Ресей Думасына сайланған халқымыздың кемеңгер ұлдары туралы, олардың тындырған тұщымды тірліктері туралы, өнегелі өмір жолдары жайлы 1905-1917 жылдарды қамтыған қалың еңбек жазып шықты. Кітап «Ресей Мемлекеттік Думасы және Қазақстан» деп аталды. Осы монография арқылы Өмекең ғылыми кеңесте тарих ғылымдарының докторы атағын қорғап шықты. Революцияға дейінгі осы кезең­де Ресейде жүзеге аса бастаған де­мократиялық өзгерістер, бодандық күйін кешкен қазақ даласындағы саяси-әлеуметтік ахуалдар, сон­дай-ақ қа­зақтан шыққан Дума депу­таттарының елінің тәуелсіздігі жо­лындағы жанқиярлық күрестері бұ­рын там-тұмдап қана жазылушы еді. Ө.Озғанбаев осы тақырыпқа тереңдей бойлады. Архив материалдарын ақтара отырып, өшуге айналған өрелілерімізді қайта жарқыратты. Әрине, бұл кезде Өмірзақ жас ғалым ретінде жаңа-жаңа танылып келе жатыр еді. Бәлкім, оның ғы­лымдағы жұлдызы жарқырай түсуіне ұлтымыздың көмескілене бастаған сол зиялыларының септігі де тиген шығар-ау. Осылайша хал­қымыздың болашағы үшін жандарын қиған аяулылар қайта тіріліп, елімен қауышты. Біз «қауышты» деп қысқа қайырғанымызбен, автор өз еңбегін жазу барысында қаншама қиындықтар көрді десеңші. Архив материалдарын ақтарудағы азаптар өз алдына, көптеген теріс пікірлерге жаңа көзқарас қалыптастыру оңай болған жоқ. Мұрағат материалдары мүлгіп, ештеңе айтпай сазарған сәттерде ол талай ғалымдармен таң­ды-таңға ұрып сұхбат өткізді. Осы бейнетті еңбегі берекелі болып, то­лыққанды туынды дүниеге келді. Бір кездері құпия болған көмбе қазақ халқына осылай ашылды. Ө.Озғанбаевтың шоқтығы биік еңбектерінің бірі «Рух күрескері» аталады. Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты Ш.Қосшығұлұлының өмірі мен қоғамдық жұмыстарына арналған бұл еңбек автордың ілкімді ізденістерінен туған құнды дүние. Ш.Қосшығұлұлының өз заманында ұлы Абайға «бірлік туын көтерейік, қазақ намысын таптатпай, елдігімізді танытайық» деп хат жазғанын осы Өмекеңнің шығармаларынан оқып, білдік. Әрине, Өмекең осы еңбегі арқылы өскелең ұрпаққа халық мүддесі үшін күресте ұлттық рух туын биік ұстай білейік деп үйретіп отырғаны белгілі. Ұлт мүддесі, ұлт намысы үшін күресе білген жастан ертең мықты қайраткер шығады. Кітаптың атауы да осыны меңзеп тұрғандай. Төл тарихымызда Шәй­мерден Қосшығұлұлы туралы деректер тым таяз еді. Оның діндар қай­раткер, «Серке» газетінің демеуші-шығарушысы болғанын да Өмекең еңбектерінен білдік. Шәймерден кім? Өз кезеңінде ол бүгінгі Астана мен Ақмола өңіріне осылай кеңінен танымал жан екен. Ө.Озғанбаев оны көрнекті Алаш қайраткері ретінде суреттейді. Ш.Қосшығұлұлы –Ақмола облы­сы Көкшетау уезі Қотыркөл болысының тумасы.  Ауыл молдасынан хат таниды. Кейін Көкшетаудағы Науан хазірет мед­ресесінде, одан соң Бұхарада сауатын жетілдіреді. Содан кейін 1886 жылы жұртшылық қаржысымен салынған, Мезгіл болысының азаматы Наурызбай Таласұлы ұстаған мешіт жанындағы интернатта ұстаз болады. Шәймерденнің шоқтығы биік болатын. Ол ұстазымен бірге Ресейдің шоқындыру саясатына қарсы тұрды. 1903 жылы Абай Құнанбаевқа патшалық режімнің содыр саясаты туралы, осыған бүкіл қазақ болып тізеге тізе қоса отырып қарсы шығу туралы екі рет хат жазады. Осы әрекеті үшін Н.Таласұлы, яғни Науан қазірет екеуі абақтыға жабылады. Жандармерия тексергенде Көкшетау мешітінен күмәнді 164 кітап пен қолжазбалар шығады. Патша өкіметі 1903 жылы шілде айында Шәймерденді 5 жылға, Науан­ды (Наурызбай) 3 жылға кесіп, Ир­кутск генерал-губернаторының ба­қы­лауына Батыс Сібірге жібереді. Осы жерден екеуі Якутияға айдалады. Ғалым, зерттеуші, әдебиетші, та­рихшы Өмекеңді әркім әр қы­ры­нан жақсы біледі. Сонда да біз­ге аса ардақтысы – Ресей Мем­ле­­кет­тік Думасында депутат болып сайланған қандастарымызды жан-жақты зерттегені. Әлихан Бө­кей­­ханов, Алпысбай Қалменұлы, Ахмет Бірімжан, Бақтыгерей Құл­манұлы, Бақытжан Қаратаев, Молда Тойынұлы, Мұхамеджан Тыныш­байұлы, Дәуіт Ноян-Тұндыт, Сәлім­герей Жантөрин, Темірғали Нұрекен, Тілеулі Алдабергенұлы, содан соң жоғарыда аталған Шәймерден Қосшы­ғұлұлы сияқты тұлғалар Өмекеңнің зерттеулерінде жаңа қырларынан та­ныл­ғаны анық. Шәймерденнің мұнан кейінгі өмірі шырғалаңға толы. Ә.Бөкейхан мен М.Сердалин жауапты орын­дардың есіктерін күзетіп, орыс ғалым­дарының ақыл-кеңестерін тыңдап жүріп, бірнеше министрдің қабылдауында болады. Осы еңбек­тері зая кетпей, Шәймерден мен Наурызбайды абақтыдан 1905 жылы босатып алады. Олар осы жылы М.Ты­нышбайұлы, С.Шипабекұлы сияқты қайраткерлермен бір­ге Пе­тер­бургке барып, патша өкіме­тіне қарсы шеруге шығады. Осы­дан кейін Нижний Новгород қала­сында ашылған жалпыресейлік мұ­сыл­мандар съезіне қатысады. Елге оралған күрескер азаматты халық 1906 жылы І Мемлекеттік Думаға де­путат етіп сайлаған. Десек те «орыс тілін білмейді» деген желеумен оны депутаттыққа тіркемейді. Ол тұста да халықты сататын жәдігөйлер болған. Сол жәдігөй тілмаштар қайраткер туралы алыпқашты әңгімелер таратады. Ал бұл кезде Шәймерден Балықты кө­лі жағалауындағы ағаштан тұрғыз­ған үйін мектепке айналдырып,, орыс мұғалімін жалдап, балаларды оқыта бас­­тайды. Мұғалімге өзі жалақы төлейді. ІІ Мемлекеттік Думаға Шәй­мерден қайта ұсынылады. Бұл жолы Шәймерден Петербургке аттанады. Өкініштісі, ІІІ Думаға қазақ халқынан бірде-бір депутат қатыспаған. ІІІ Думаға «Жер туралы» заң жөнінде сұрау салынады. 1907 жылы Алаш көсемі Ә.Бө­кейханның тапсырмасымен Шәймерден Түркияға барып, үкімет, парламент басшыларымен кездеседі. Осы елдің газеті арқылы ІІ Николайға мәлімдеме жа­­сайды. Ол 1917-1919 жылдары Алаш қозғалыстарына да қатысады. Бірақ Кеңес өкіметі оны 1931 жылы Петропавл түрмесіне жабады. Замана тепкісіне ұшырап, әбден қалжыраған, күйзелген ол 1932 жылы Омбы же­рінде о дүниелік болады. Міне, осы жәйттердің барлығын Озғанбаевтың кітабынан оқыған мен қатты ойландым. Азаттық, тең­дік, тәуелсіздік үшін бабаларымыз қаншама тер төкті десеңізші. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аясында біз азаттық үшін жанын пида еткен осындай асыл тұлғаларымызды кеңінен насихаттауымыз керек. Жоғары, арнаулы оқу орындарында, мектептерде, студенттермен, оқушылармен кездесулер өткізіп, азаттық жолында арманда кеткен асыл­дарымыз жайлы кеңінен әңгімелеуіміздің мәні зор. Ал Өмірзақ аға бұл міндетті әлде­қашан өтеп қойған жан. Автор жазар жинақтары мен кітаптарына материал жинау үшін өлкетанушы Ж.Бектұровпен, Шәймерденнің немере қарындасы М.Жүнісовамен талай әңгімелескен. Осынау қажырлы еңбек ғалымның талмай ізденгенін паш етеді. Ғалым ағамыздың «Дәуір бел-белестерінде», «Халықтан асқан ұстаз жоқ», «Қара нар керек бұл іске», «Атамекен хикаялары», «Жарығы өшпейтін жұлдыз», «Дорога в будущее», «Там, где восходить солнце», тағы басқа да тағылымы терең танымдық-көпшілік, ғылыми, әдеби еңбектері қаламгерлік қарымын көрсетсе керек. Сондықтан болар, ғұлама ғалым Өмекеңді Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі ретінде жүрекке жылы қабылдаймыз. Педагогикалық, ағартушылық жұмыстарының жемісіндей, ол білім беру ісінің еңбек сіңірген қайраткері, Педагогика ғы­лымдары академиясының академигі атанды. Профессор ағамыз АҚШ-тың Техас штатының, Ақтау қаласының және Қарақия ауданының құрметті азаматы. «Құрмет» орденінің иегері. 20-дан астам кітап, 200-ге тарта ғылыми-танымдық мақала жазған Өмірзақ аға әлі де қолынан қаламын тастаған жоқ. Саналы ғұмырында Өмекең талай еңбек баспалдақтарынан өтті. Қазақстан Парламентіндегі алғашқы сенаторлардың бірі болды. Парламент Сенатының комитет төр­ағасы, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ бас директорының кеңесшісі қызметтерін абыроймен атқарды. Соңғы жылдары Маңғыстау облысы әкімдігі жанындағы ардагерлер ұйымының төрағасы болды. Мұнан кейін «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің төрағасы болып сайланды. Осы қызметке келген соң ардагерлер ұйымының жұмысын жүйелендіруде, қоғамдағы оның рөлін арттыру жолында көп күш жұмсады. Әсіресе, мемлекет пен ардагерлер кеңесі арасындағы үйлесімді түсіністікті, бірлікті нығайта түсті. Ел ағасы, республика ақсақал­дарының ақылгөйі ретінде ел мен жердің тағ­дырына үлкен жауап­кершілікпен қарап, Елбасы сая­сатының жан-жақты өріс алуына, Тәуелсіздік тұғыры тату­лықтың ел ішінде тұрақтануы ба­ғытында аймақтағы ел ағаларын ұйыстыра білуі, ауызбіршілік жолында өзінің терең білімі мен парасаттылығын көрсетуі асыл қариялыққа тән қасиет деп түсінеміз. Республикалық деңгейдегі түр­лі басқосуларда Өмірзақ ағамен кез­десіп, жиі пікірлесеміз. Сонда оның байсалдылығына, азаматтық тұлғасына сүйсіне қараймыз. Озық ойлы Озғанбаевпен әр кездесу – біз үшін үлкен өмір сабағы. Ел тарихының, даңқты ұлт руханиятының жаршысы Өмірзақ ағаның әрбір қадамына қызыға қараймыз. Жетпіс бестің желкесіне мініп, сексен атты сеңгірге қарай беттеп бара жатса да Өмекеңнің қажымас қайраты бізді тәнті етеді. Жеңісбек МӘУЛЕНҚҰЛОВ, Оңтүстік Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Суретте: М.Жол­дасбеков, И.Жеменей, Ө.Озғанбаев (ортада), Ә.Ахметов, Т.Жұртбай