• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
10 Маусым, 2016

Жауапкершілік... тағы да жауапкершілік

410 рет
көрсетілді

Ұлттық бірыңғай тест осыны талап етеді Елімізде ҰБТ жыл са­йын жоғары талаппен, айқын мақсатпен ұйым­дас­тырылғанымен, бір жылдың емтиханы екінші жылғыға ұқсамайтыны анық. Қанша дегенмен, әр жылғы тесттің өз ерекшелігі, өз жаңалығы болады. – Соңғы жылдары ҰБТ-ны ұйымдастыру бойынша бір жақсы жүйе қалыптасты, – дей­ді бұл жөнінде М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы Мах­метғали Сарыбеков. – ҰБТ мектеп бітірушілердің қорытынды аттес­тациясы және жоғары оқу орындарына қабылдау-түсу емтиханы ретінде ұйымдастырылып келеді. Енді келесі жылдан бастап ҰБТ-ның пішіні өзгеріп, мектеп бітіргенде және жоғары оқу орнына түсерде бөлек-бөлек емтихан тапсырады. Жылдағы дәстүр бойынша биыл да М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті базасында Тараз қаласының мектеп бітірушілері ҰБТ тапсырды. Бі­рінші күні – 23, екінші күні 27 мек­теп оқушысы – барлығы 1481 мектеп бітіруші өз бақтарын сынады. Жалпы алғанда, ҰБТ бойынша аймақтарда екі комиссия жұмыс істеді. Біріншісі – мемлекеттік комиссия, оған сол емтихан тапсыратын оқу орнының басшысы жетекшілік жасады. Екіншісі – Білім және ғылым министрлігінен келетін комиссия. Екеуінің де нақты-нақты міндеттері бар. ҰБТ басталмай тұрып, екі комиссия бірігіп жиын өткізіп, алдағы міндеттерін саралап алды. Министрліктен келген комиссияның міндеті – ҰБТ технологиясын сақтау, қадағалау. Ал, біздің комиссия ҰБТ-ны өткізу, дайындау жұмыстарына жауапты. Осынау үш-төрт күнде екі комиссия бір-біріне кедергі жасаған жоқ. Университет тарапынан тест тапсырушыларға барлық жағдай жасалды. Жыл­дағыдай 14 аудиторияны дайын­даған болатынбыз, оның 11-і пайдаланылды. Үшеуі резервте тұрды. Бұл аудиторияларға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қалыпты температура сақтау үшін суытқыштар қойылды. Ұялы телефон жүйесін сөндіріп тастайтын құрылғылар орнатылды. – Биылғы ҰБТ-ның ерек­ше­лігі ретінде нені айтар едіңіз? – Жыл бойына тараздық оқу­шылар біздің базамызда сы­нақтан өтіп жатады. Биыл ҰБТ тарихында болмаған ерекше жағдай орын алды. Яғни, ҰБТ-ның алдында, 29 мамыр күні барлық мектеп бітірушілер кешенді тест тапсырып шықты. Бұған дейін қай мектеп, қай бала қай аудиторияда, қай орында отыратыны анықталған болатын. Мұның ерекшелігі ҰБТ қалай өтетін болса, бұл сынақта да сондай тәртіп, сондай талап қойылды. Барлығы арнайы тексеруден өткізілді. Ұялы телефонды сөндіретін құрылғылар, бейнекамералардың бәрі іске қосылды. Яғни, балалардың бір-біріне көмектесуіне мүмкіндік берілмеді. Шынын айту керек, бұрын алдын ала өтетін сынақтарда балалар ҰБТ-да отыр­ғандай сезінбей, еркіндеу болатын. Яғни, ұялы телефонды немесе басқа да мүмкіндіктерді пайдаланып жататын. ҰБТ-ның технологиясын толық сақтай отырып алынған бұл тест қоры­тындысы бойынша балалар жыл бойында қол жеткізіп жүрген көрсеткіштерінен төмендеу нәтиже көрсетті. Мұндай сынақ баланы психологиялық тұрғыдан бейімдеудің жақсы бір үлгісі деп санаймын. Балалар аудиторияға бой үйретіп, емтиханның шын мә­нінде қалай өтетініне көз жеткізді. – Енді нәтиже қалай болды? – Нәтиже жаман емес. Біз­дің базамыз бойынша тест тап­сыр­ғандардың орта балы 85,06-ны құрады. Бұл ең жоғары көрсеткіш деп айта алмаймын. Бірақ ортадан жоғары екені анық. Яғни, Тараз қаласының мектеп бітірушілері биыл жақсы нәтиже көрсетті. – ҰБТ мәселесінде көп қойы­латын сұрақтың бірі «Алтын белгіге» қатысты айтылады... – Ойыңызды түсіндім. Биыл біз­дің базамыз бойынша 38 «Ал­тын белгіге» үміткердің 22-сі өз білімдерін дәлелдеді. Былтыр біздің университеттің базасында 125 балл алған қуанышты жағдай болған. Ол Тараз қаласындағы №45 мектептің оқушысы болатын. Биыл 125 балды ешкім ала алмады. Бірақ тура сол №45 мектептің бір түлегі 124, Төле би атындағы орта мектептің бір оқушысы 123 балл алды. Сондай-ақ, 166 бала қажетті балды жинай алмады. Бұл 11 пайызды құрап отыр. – Апелляцияға бергендердің саны көп болды ма? – Иә, ҰБТ-да апелляция деген тетік бар. ҰБТ басталған алғашқы жылдары мұны ата-аналар да, оқушылар да, тіпті кейбір мұғалімдер де дұрыс түсінбейтін. Олар апелляция дегенді қайта тапсыру деп ойлайтын. Қазір бәрі түсініп қалды. Апелляцияны екі себеппен беруге болады. Мазмұндық және техникалық себеп. Техникалық себептің жайы белгілі, ал, мазмұндық себеп – сұрақ дұрыс құрастырылмаса немесе бірнеше дұрыс жауап болса, керісінше мүлдем дұрыс жауап болмаған жағдайда, сосын қойылып отырған сұрақ мектеп бағдарламасында болмаған жағдайда беріледі. Биылғы жылы апелляцияға бергендер қатары көп болған жоқ. 34 оқушы апелляцияға беріп, оның ішінде 4 оқушыға ғана бір-бір балдан қосуға ше­шім шығарылды. Апелляцияға бе­рушілердің қатары кеміп келе жатқанын жылдан-жылға тест сұрақтарының сапасы жақсарып келе жатқанымен де түсіндіруге болады. Жыл сайын 30 пайызға жуық тест материалдары жаңарып, өзгеріп отырады. Бұл бағытта орта мектептегі тәжірибелі мұға­лім­дерден сараптамалық топ құры­лып, тест сұрақтары солар­дың сүз­гісінен өтеді. Биыл логикалық, оқушылардың функционалдық сауаттылығын тексеретін сұрақтар көбейді. Жалпы алғанда, биыл ҰБТ-ны өткізуде ешқандай дау-дамай болған жоқ. ҰБТ-ны келе­шегім, тағдырым деп, үлкен жауап­кер­шілікпен қарайтын жастардың қатары молайып келеді. Мұның бәрі, әрине, мұғалімдердің, ата-ана­лардың үгіт-насихат жұмыс­тарының нәтижесі деп ойлаймын. Әңгімелескен Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан»  Жамбыл облысы