Кеше адамдар Қазақстан Республикасының Мәскеудегі елшілігі резиденциясына келіп, 5 маусымда Ақтөбе қаласында орын алған қайғылы оқиғаларға байланысты өздерінің көңіл айтуларын білдірді.
Ресей Федерациясы Үкіметі мен Сыртқы істер министрлігінің атынан Көңіл айту кітабына өзінің жазбасын Ресей Сыртқы істер министрінің орынбасары – статс-хатшы Григорий Карасин қалдырды.
«Осы ауыр сәтте біз достас әрі одақтас Қазақстанмен бірге терроризмге қарсы күресте, адамзатқа қарсы жаңа қылмыстардың бетін қайтаруда аса тығыз өзара іс-қимыл танытуға дайын екенімізді шешімді түрде мәлімдейміз», – деп жазады Г.Карасин.
«Адамзатқа жат террорлық актінің салдарынан Қазақстан азаматтарының қаза табуына байланысты» көңіл айтуын ҰҚШҰ-ның Бас хатшысы Николай Бордюжа да білдірді.
Аза тұту кітабына Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше барлық елдердің елшілері, планетаның барлық құрлықтарынан өкілдік ететін алыс және таяу шетелдердің аға дипломаттары мен әскери атташелері өздерінің қолтаңбаларын қалдырды. Кітапқа өздерінің көңіл айтуларын жазып қалдыру үшін Ресей астанасының тұрғындары мен қазақ диаспорасының өкілдері кезекке тұрды.
Олардың барлығы Қазақстан халқына өздерінің қолдау сөздерін білдіріп, Ақтөбеде жасалған қанқұйлы террорлық шабуылды жазғыратындықтарын мәлімдеді. Осы лаңкестікке байланысты өзінің қолдауын ресейлік жазушы, «Ресейдің алтын қауырсыны» Кирилл Привалов былай деп білдірді:
«Осы күні біз Қазақстанмен, осы елдің халқымен біргеміз. Бұл елді мен отбасыммен бірге ежелден туған елім санап келемін. Қазақстандықтардың арқасында менің туған-туысқандарым жантүршігерлік эвакуация уақытында аман қалды. Олар болмағанда менің жақындарымның бәрі қаза тапқан болар еді. Және бүгінде біз Қазақстанның жанынан табылуға тиіспіз. Өйткені, Қазақстан, басқа да барлық өркениетті адамзат секілді, ешқандай моральдық критерийлер мен идеалдары жоқ аяр да арамза адамдармен ауыр да қатерлі, жасырын күрес жүргізіп келеді. Мен баршамыз күш біріктіріп, осы күресте жеңіске жететінімізге сенімдімін. Оның үстіне, Қазақстан басшылығында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев секілді ұлы да тарихи көшбасшы отыр. Берік болыңдар, достар!».
6 маусымнан мәскеуліктер Чистые прудыдағы Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қоя бастаған болатын.
«Егемен-ақпарат»