Жалған кәсіпкерлікпен айналысып, жалғанды жалпағынан басқандар азаймай келеді. Жалған мекеме-кәсіпорын құру қылмыстық істер қатарына жатады. Жалған кәсіпкерлікке тән басты сипат – салық төлеуден жалтару десек, Батыс Қазақстан облысында дәл осындай жағдайда мемлекетке түйенің табанындай 4 миллиард теңге көлемінде шығын келтіріліпті. Сотқа дейінгі тергеп, тексеру барысында осы қомақты сомадан мемлекетке қайтарылғаны 80 миллион теңге ғана екен.
Тек биылғы жылы өңірде жалған кәсіпкерліктің 15 дерегі анықталған. Соған сай 5 қылмыстық іс сотқа жолданған. Сондай-ақ, биыл жалған кәсіпкерлік құрған төрт кісіге қатысты соттың айыптау үкімдері шығарылған. Олардың жалған кәсіпкерлік сипатындағы қылмысынан мемлекетке 2 миллиард 267 миллион теңге шамасында шығын келген. Яғни мұның өзі осыншама көлемдегі жеке табыс, корпорациялық және қосымша құн салығы төленбей қалды деген сөз. Бүгінде үш үкім заңды күшіне енгізіліпті. Бұл жөнінде газет тілшісіне сот актілерінің заңдылығын қадағалау және қылмыстық істер бойынша мемлекеттің мүддесіне өкілдік ету басқармасының бастығы Нұрлан Мақатов мәлімдеді.
Облыста өткен жылы да 2013-2014 жылдары «IndustrialComplex», «Прогресс LTD», «СардарСтрой» ЖШС-нің атынан жалған кәсіпкерлік қызметпен айналысқан Н.Құбалиева, А.Оразғалиева және Р.Еркінғалиеваның қылмыстық істері сотта қаралғанын айта кеткеннің артықшылығы бола қоймас. Олар мемлекет қазынасына 650 миллион теңге шығын келтірген. Бұл көрініс контрагенттердің салық төлемеуінен орын алған. Осы үшеуі 2015 жылы шартты мерзімге сотталған. Ең бастысы, осы қылмыстарды тікелей ұйымдастырушы Э.Дүйсекенов 2016 жылдың 23 ақпаны күні сот үкімі бойынша мүлкі тәркіленіп, үш жылға бас бостандығынан айырылды.
Қазіргі күні жергілікті құқық қорғау органдары мен сот жүйесінде осы мәселелер бойынша жүйелі жұмыстар қолға алынғаны көңілге үлкен медеу. Мұның нақты мысалдары да жоқ емес. Айталық биылғы 2016 жылы сотқа жалған тұлғалардың атына рәсімделген және жалған кәсіпкерліктің белгілері байқалған «заңды тұлғалардың» мемлекеттік тіркеуін бұзу туралы талап-арыздар жолданған. Қазір оның бірқатары қанағаттандырылып, қалғандары қаралу үстінде екенін білдік.
Темір Құсайын,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы