• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
10 Маусым, 2016

Отаныма оралғаныма еш өкінбеймін

351 рет
көрсетілді

дейді «Жас қанат-2016» жеңімпазы Парасат Отан Семейде қазақстандық жас орындаушылар арасында жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін республикалық «Жас Қанат» конкурсында бас бәйгені жеңіп алған әншіге арналған жеке баспасөз мәслихаты өтті. 22 жасар Парасат Отан бұл күндері Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармонияда еңбек етеді. Парасат Қытайда туып-ө­с­кен. 2007 жылы ол отбасымен атамекеніне оралғанда қуа­ныш­тарында шек болмады. Олар Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауда­нындағы Благодарное ауылына қоныстанады. Айта кету керек, арғы аталары кезінде Қы­тай­ға өткенмен, сол жақта тұрса да, салт-дәстүрлеріне берік болыпты. Олардың отбасының бір ерек­шелігі, ер адамдарының ән­шілік қабілеті. Әкелеріне тартып, бәрі де ән салады екен. Әкесі – Пара­сатқа қазақ әндерін үйреткен ал­ғашқы тәлімгері. Парасат ауыл мек­тебінде білім ала жүріп, ән салуын да жалғастыра берді. Осы­дан бес жыл бұрын Шәкәрім атын­дағы мемлекеттік университетке түсіп, кәсіби музыкант болуды мақсат тұтады. Ол музы­ка кафедрасындағы ұстазы ҚР мәдениет қайраткері, профессор Айтмұхамбет Бейсембековке ерекше риза, «Атамекеніме орал­ғаныма еш өкінбеймін, осындай ұлағатты жандардың тәлімін көрдім» деді баспасөз мәслихаты барысында ағынан жарылып. Ұстазы ұзақ жылдар бойы Парасаттың дауысын қойып, білімін тереңдеткен. Нәтижесі ойдағыдай, бұл күндері вокалист Парасат халық әндерімен қоса, қазіргі заманауи әндерді, классиканы қатар алып жүреді. «Жас қанат-2016» конкурсына қатысу оңай емес, сынға түс­кендер барлық талап үдесінен шыға білу керек. Филармонияның көркемдік жетекшісі Қадылбек Омаровтың айтуынша, Парасат әділқазылар алқасының наза­рына ұсынылатын әндерді өзі іріктеп, таңдаған. «Жорға тай» атты халық әнін эстрадаға лайық­тап орындағандықтан, алғашқы әнімен-ақ тыңдау­шылардың кө­ңілін баурапты. Әділқазылардың барлығы, тіпті, бүкіл көрермен бірден орындарынан тұра қол шапалақтап, қошемет көрсеткен. Екінші турда ол испан әнін орындаса, финалда италиялық «Изабель» әнін нақышына келтіре шырқаған. Міне, осылайша биік шыңды бағындыра білген жас талант Семейге оралып, филармониядағы еңбек жолын жалғастыруда. Дегенмен, «әттеген-ай» дейтін тұс та жоқ емес, баспасөз мәс­лихатына қатысушы Зиинура Абдолдинованың айтуынша, жас отбасылы Парасаттың әзірше жеке баспанаға қол жеткізуі қиын болып тұр. Ол келіншегі және жас сәбиімен студенттік жатақхананың аядай бөлмесінде тұрып жатса керек. Раушан НҰҒМАНБЕКОВА СЕМЕЙ