«Шөп тамыры» – Жапонияның полигоннан зардап шеккендерге арналған қайырымдылық жобасы. Осыған орай Семейдегі №29 мектепке Жапонияың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Итиро Кавабатамен кездесу өтті. Елшіні мектепте Семей қаласы әкімінің орынбасары Надежда Шарова қарсы алып, ізгі тілегін жеткізді.
Еліміз Тәуелсіздік алғаннан бері Жапониямен жақсы қарым-қатынас орнатып, түрлі бағытта бірлесе жұмыс атқарып келеді. Семейді Хиросимамен және Нагасакимен өзіндік ұқсас тарихы байланыстыратыны баршаға белгілі. Ал Жапонияның озық жобалары қаладағы бірқатар әлеуметтік мәселелерді шешуге оң ықпалын тигізуде. Осы себепті Н.Шарова Жапония тарапына бүкіл семейліктер атынан ризашылығын білдірді.
И.Кавабата өзінің жүрекжарды лебізін айтты: «Шөп тамыры» – әлемдегі адамзат қауіпсіздігін қамтамасыз етуге лайықталған, шағын көлемдегі қаржысы қайтарымсыз әлеуметтік бағдарлама. Бұл халықтың әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей ықпал ететін жобаларды қолдауға бағытталған. Жоба арқылы Семейде де бірқатар жұмыс атқарылды. Міне, күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін мектепте қыстың күндері жылы болатындығын айтып ата-аналар, ұстаздар қуанып жатыр. Жас ұрпақтың білім алуына ешқандай кедергілер туындамауы тиіс. Қымбатты оқушылар! Енді сіздер сабақтарыңызды жақсы оқып, келешекте өз елдеріңіздің білімді азаматы болып шығыңыздар», – деді елші өзінің сөзінде.
Осылай деген И.Кавабата №29 мектеп оқушыларына Жапония жайлы жазылған бірнеше журналды сыйға тартты. Ал мектеп директоры Г.Төлеубаева Жапония халқына педагогикалық ұжым атынан мектеп бейнеленген альбом сыйлады. Жоғары сынып оқушылары мектептің жұмысы жайлы үш тілде әңгімелеп берді.
Бұдан кейін Жапония елшісі жобаның білім ошағында жүзеге асырылуы барысымен танысты. 1997 жылдан бері «Шөп тамыры» бойынша елімізде түрлі саланы қамтитын 80-ге тарта жұмыс атқарылыпты. Оның 12-сі Семейде қолға алынды десек, бірі осы №29 орта мектепте жүзеге асырылып отыр екен.
Жиын соңында құрметті қонақ үшін әр тілде әндер орындалып, билер биленді, күйлер шертілді. И.Кавабата мектеп ауласына естелік ретінде пирамидалық терек отырғызды. Мектеп ішіне экскурсия жасау барысында бастауыш сынып оқушылары оған киелі сакура бұтағын сыйлады.
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА
СЕМЕЙ