Ел тарихының ең шешуші сәттерінде әйелдер қауымы болашақ ұрпақ үшін даналық танытып, Отанның тыныштығын, отбасының бірлігін сақтап келгені белгілі. Міне, Тараз төрінде өткен «Әйелдер сыбайлас жемқорлыққа «Жоқ» дейді» атты республикалық конференция бүкіл әлем үшін өзекті мәселе, ортақ проблеманың біріне айналып отырған сыбайлас жемқорлықпен күресте әйелдер қауымының да атқарар рөлі өте зор екенін байқатты.
Конференция жұмысына қатысқан Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова еліміздегі әйелдер қауымын сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға, азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға белсенді түрде атсалысуға шақырды.
– Сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін құқықтық түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттырудың маңызы зор, – деді Гүлшара Наушақызы. – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың конституциялық тәртіпті қорғау, осы салада тиімді жұмыс жүргізу, қоғамның мемлекетке және оның институттарына сенімін нығайту жөніндегі тапсырмасын орындау бүгінгі күннің басты міндеті болып табылады. Жемқорлықпен күресте ең алдымен бала тәрбиесі мен білім беру жүйесіне мән беру қажет. «Білім – әлемді өзгертуге күші жететін ең қуатты қару» деген екен бір кездері Нобель сыйлығының лауреаты Нельсон Мандела. Бүгінде еліміздегі білім саласы қызметкерлерінің 74,4 пайызын, мемлекеттік қызметкерлердің 55 пайызын әйелдер құрайды. Яғни, бұл мәселеде отбасының берекесі мен тыныштығын сақтаушы әйел қауымына жүктелер міндет өте зор.
Сыйбайлас жемқорлық жұрттың адал еңбек пен терең білім алуға деген құштарлығын төмендетеді. Патронаждық қарым-қатынас бұл жегіқұрттың дамуына қолайлы орта жасап, басқару жүйесі мен мемлекеттік аппараттың корпоративті мәдениет сапасын күрт төмендетеді.
– Сыбайлас жемқорлықтың тағы бір теріс салдары – қоғамда кикілжің, шиеленіс ошақтарын туындатуы, – деді бұл жөнінде Мемлекеттік қызмет саласындағы аймақтық хаб басқару комитетінің төрағасы Әлихан Байменов. – Егер мемлекеттік сатып алуларда және инвестициялар, қоғамдық игіліктер, мысалы, жер телімдері, пәтерлер, балабақша мен мектептердегі жариялылық, әділ және адал жолмен бөлінбей, «бармақ басты, көз қысты» арқылы шешілетін болса бұл әлеуметтік шиеленістерге негіз болатынын білеміз. Жемқорлық әйелдердің шынайы табиғатына жат.
Шынында әйелдер ықылым заманнан бері өз үйлерін, ошақтарын тәртіпте, тазалықта, адалдықта ұстауға ұйытқы болған. Қай заманда болмасын әйелдер әділдік пен тұрақтылыққа ұмтылып, ұрпағының дамуына жағдай жасайды. Конференцияда, сондай-ақ, Грузия Мемлекеттік қызмет бюросы директорының орынбасары Майя Двалишвили, Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы академиядағы сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Симона Мари баяндама жасап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүйесі және бұл мәселедегі әйелдердің рөлі мен маңызына кеңінен тоқталды.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы