Елорда күніне орай «Сахнадан сәлем!» халықаралық театр фестивалі өз жұмысын бастады. Биыл төртінші мәрте өткізіліп отырған театр мерекесі 20-26 маусым аралығында өз көрермендеріне көптеген тың жобалар ұсынбақ. Фестивальға Мәскеу қаласынан «Театр Луны» және Киев қаласынан «PaperWall» өнер ұжымдары қатысуда. Сонымен қатар, Орал, Шымкент, Жезқазған, Алматы, Өскемен, Семей қалаларынан келген театр ұжымдары елорда тұрғындарына өз өнерлерін көрсетпек.
Кешті елімізге белгілі жас актер Әділ Ахметов пен Дәурен Серғазин жүргізді. Фестивальға қатысушылар өнеріне театр және кино саласының танымал майталманы Еркін Жуасбек бастаған қазылар алқасы баға береді.
Сахна шымылдығын Астана қаласының «Жастар» театры ашты. Жан-Пьер Пило мен Шультездің «Моцарт» мюзиклі қойылды. Қойылымның режиссері – театрдың көркемдік жетекшісі Нұрқанат Жақыпбай. Оқиға желісі бойынша Моцарт анасынан айырылған соң бірнеше уақыттан кейін өзінің музасы Констанцияны кездестіреді, жақындарының қарсылығына қарамастан екеуі қосылады. Париж халқына керемет, бірегей опералар сыйлап, халықтың қошеметіне бөленеді. Осындай шат нотада қойылым өз мәресіне жетіп, театр ұжымы көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Театрсүйер қауым қойылымдарды қаламыздың 3 театрынан тамашалай алады. Олар: Жастар театры, Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры және М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры. Алдағы уақытта қазақ және орыс тілдеріндегі он қойылым өз көрермендерін күтеді.
Ардақ САМАТҚЫЗЫ,
Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің студенті