• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
23 Маусым, 2016

Грузия елінен орнын тапқан

394 рет
көрсетілді

қандасымыз Қазақстан атын жақсы жағынан танытып жүр Бүгінде Қазақстанда туып, шет мемлекеттерде кәсіптің ұршығын иіріп, қазақ ұл-қыздарының не нәрсеге де қабілетті екенін көрсетіп, дәлелдеп жүрген қандастарымыз көп-ақ. Алты құрлықты мекен еткен халықтардың ішінде қандастарымыз да атакәсіпті дөңгелетіп, Отанының атын айға жазғандай айшықтап жүр. Олардың дерлігі елімізде жүріп бизнестің алғашқы қадамдарын жасап үлгерген. Кейін шетелдерге барып, ірі кәсіпорындардың негізін қалаған. Сондай жанның бірі – Саида Тәуекелова. Қазақ қызы осыдан тура он жыл бұрын отбасымен Грузияға көшіп барған. Міне, содан бері ол  өзі қалаған жетекші компанияның тізгіндеушісі, бизнес әлеміндегі атақты нәзік жандылардың бірі болып келеді. С.Тәуекелова елде жүргенде заңгерліктің қыр-сырын жетік меңгерген екен. Осында түрлі мекемелерде заңгер болып жұ­мыс істеп, мол тәжірибе жи­наған. Айтуынша, адам алдына мақсат қойса, еңбек етсе, ынталанса, сол мақсатына жетеді. Бұл, шынында да, өмірдің жазылмаған заңы. «Осыдан 10 жыл бұрын жұбайым Гру­зиядағы ірі кәсіпорынға жұ­мысқа шақырылды. Сосын ол көп ойланбастан, аталған мемлекетке кетті. Мен балаларыммен Қазақстанда қалдым. Күйеуім бір айдың ішінде үй мәселесін шешіп, бізді көшіріп алды. Ол кезде қызымыз 4 ай­­­лық болатын. Мен бала кү­тіміне байланысты демалыс­та болдым, сондықтан жаңа жерге көшу мен үшін қиынға соқпады», – дейді Саида. Әйтсе де таныс емес орта, жат қала, бұрын көріп-білмеген адамдар оның өз кәсібін бас­тауына аз да болса кедергі кел­тірген. Ол алдымен тіл үй­рену керектігін ұққан. Сосын тау халқының талғамын зерттеп, бұл елде не өтімді, грузин­дер нені қалайтынын анық­тау қажет екенін түсінген.  Осы­­лайша жат елде жүріп, қандайда бір кәсіптің шылбырына жармасуды көздепті. «Мен Грузияда мүлдем бол­ған емес едім. Бұл мемле­кет жайында тек атам мен әжем­нің айтқан әңгімелерінен, телеарналар мен газеттердегі жаңалықтар, фотосуреттер се­кілді дүниелерден білетінмін. Үйдегі үлкен кісілердің Гагра, Пицунда, Батуми туралы айтқан әңгімелері арқылы тау халқын тани бастадым. Бір қызығы, Тбилиси туралы әңгімені әжем үлкен тебіреніспен айтатын. Неге екенін қайдам, бұл қала ол үшін ең сүйікті шаһарлардың бірі саналатын», – дейді ол. Сонымен қатар, С.Тәуе­ке­лова Грузия тарихын үлкен ықыласпен оқығанын айтты. «Мені Грузия өте ертедегі ел ретінде таңдандырды. Сонымен қатар, өз шығармаларында орыс жазушылары суреттеген жерлерді аралау өте ұнады. Қызымыз екеуміз Грузияның барлық жерінде болдық десек те болады. Грузия – өте әдемі мемлекет, грузиндер – қонақжай халық, – дейді ол. – Грузияға көшпес бұрын мен ірі компанияда заңгер болып жұмыс істедім. Менің қаржы саласында да тәжірибем бар, белгілі бір уақыт аралығында құнды қағаздардың орталық депозитарийінде жұмыс жасадым.  Осында жүріп, жер­гілік­ті жердің заңнамасымен таныстым. Маған мұндағы биз­нестің тазалығы ұнады. Сонымен, осыдан төрт жыл бұрын серіктестеріммен бі­рігіп, сақтандыру брокері қыз­метін көрсететін компания ашуды ұйғардым. Жұмысымыз өз ретімен жүрсе де, қиындық туындаған кезеңдер де болып тұрды. Себебі, бізге жұмысқа тұрғысы келген адамдардың барлығы дерлік ағылшын тілінде сөйледі және үлкен талаптар қойды. Оларға ең алдымен өздерін жұмыста көрсетіп, компанияға пайдасын тигізіп, содан кейін барып карьералық басқышын құрауға болатынын түсіндіріп отыруға тура келді». Осылайша, С.Тәуекелова жаңа кәсібін білікті қызмет­керлермен жасақтап, үлкен ұжым құрады. Еңбекқор­лығы сонша, олар түскі асқа да бар­май, жұмыс істейді. Басшылықтың қолдауымен қыз­меткерлер алыс-жақын шетелдерге іс-сапарларға шы­ғып, өз жұмыстарына құл­шы­­ныс танытады. «Қазір біз Кавказ сыртында ірі бизнес аш­пақпыз. Тбилиси мен Ереванда өз кеңселеріміз бар. Жалпылай айтқанда, ұйымдаса жұмыс жасап келеміз», – дейді қандасымыз. Саиданың арман-мақсаты көп-ақ. Ол Қазақстан мен Гру­зия арасындағы әріптестікті түрлі салада дамыта түскісі келіп, жаңа жобаны қолға алыпты. Қиялына қанат байлаған отан­дасымыз, алдымен Алматы мен Астана қалаларында грузин суретшілері Мераб Гогиладзе мен Ирма Кусианидің туындыларынан көрме ұйымдастырды. Мұндағы тың туынды, бұрын көрсетілмеген суреттер, шын­айылығы басым кештер қос қаланың тұрғындарын тамсандырды. Осының нәтижесінде жас грузин дизайнерлері өнер академиясы түлектерімен ын­ты­мақтастық келісіміне қол жеткізіп, Қазақстанға әйгілі Эмзар Базерашвили, Сало­ме Ригвава, Георгий Рухадзе, Дато Кванталиани және Зураб Жаниашвили секілді өнер ие­лерінің жаңа коллекциялары әкелінген. «Менің Грузиядағы қоғамдық өмірім қарбаласқа толы. Мен мұнда іскер әйелдер ассоциациясының мүшесімін. Жұмыс барысында тек ТМД елдері ғана емес, бүкіл әлем компанияларымен кездесемін. Ендігі кезекте Қазақстаннан арт-жоба жасауды қолға аламын», – дейді ол. Сөз соңында С.Тәуекело­ва қазақ даласын, туған өлкесін жақсы көретінін, сағынаты­нын айтты. «Қашанда Қазақстан ме­нің жүрегімде», – дейді қан­дасымыз. Талғат РАЙЫМБЕК, «Егемен Қазақстан»