Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетіне – 20 жыл
«Отанды қорғау деген мамандық бар». Сонау 1971 жылғы «Офицерлер» деп аталатын кинофильм қаһармандарының бірі мақтанышпен осылай деген еді. Бұл сөздерді мемлекеттік аудитор мамандығына қатысты айтуға да әбден болады деп есептеймін. Биыл Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті айтулы дата – өзінің 20 жылдық мерейтойын атап өтуде. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұжымды мерейтоймен құттықтауы, есеп комитеті қызметкерлерінің еңбегі мен кәсібилігіне қоғамда атқаратын қызметіне лайықты баға беруі – біз үшін үлкен қуаныш. Бұл тек біздің еңбегімізге ғана емес, сондай-ақ, үздік әлемдік стандарттар бойынша жұмыс істейтін тәуелсіз аудит институтын қалыптастыруға 20 жыл бойы өз үлесін қосқан аға буын әріптестердің еңбегіне берілген баға. Олар – Мүсірәлі Өтебаев, Алданыш Нұрымов, Қайырбек Сейітқұл, Жақсыбек Құлекеев, Рақымберген Тоқсейітов, Алтай Зейнелғабдин, Әнуарбек Сұлтанғазин, Төрехан Қосжанов және есеп комитетінде әртүрлі жылдары еңбек еткен басқа да көптеген кісілер. Есеп комитетінің негізін қалаушылардың алғашқы легінде тұрған ұстаздарымызға, аға буын әріптестерімізге құрметіміз бен ризашылығымызды білдіре отырып, «біз сіздердің даңқты істеріңізді жалғастырушылармыз, таңдаған мамандығымызды мақтан тұтамыз» дегіміз келеді. Қазіргі есеп комитеті – бұл рухы күшті, біліктілігі жоғары мемлекеттік қызметшілер ұжымы. Бүгінгі біздің аудиторлардың мақсаты бюджет қаражатын пайдалану кезінде жіберілген қателіктерді анықтау және кемшіліктерді көрсету ғана емес, сонымен қатар, мемлекеттік органдардың басшылары мен олардың қаржылық қызметтеріне мемлекеттік органдардың жұмыс істеу, салаларды дамыту тиімділігін арттыруға, сондай-ақ, тәуекелдерді бағалау мен қандай да бір экономикалық шешімдерді қабылдаудың салдарларын болжауға көмектесу. Осы тұста көп жылдар бойы есеп комитетінің мүшесі болып жұмыс істеген ұстазым Алданыш Нұрымов ақсақалдың жол полициясы офицерлерімен болған әңгімесі есіме түсіп отыр. Бұдан он екі жыл бұрын қолымыздағы рулетка-өлшегішпен және фотоаппаратпен «Астана-Алматы» автожолы құрылысының сапасын тексеріп жүрген бізге олар жақындап келіп: «Сіздер кім боласыздар?» деген еді. Сонда Алданыш ақсақал «Біз Үкіметке арналған МАИ өкілдеріміз» деп қысқа, әрі нұсқа жауап берген болатын. Осындай қарапайым да парасатты жауабы арқылы Алданыш Нұрымов мемлекеттік аудиттің мән-мағынасын оларға ұғындыра білді. Егер біздің айбынды офицерлеріміз жол-көлік оқиғаларының алдын алып, жол қозғалысының қауіпсіздігіне жауап берсе, мемлекеттік аудиторлар құқық бұзушылықтың алдын алып, бюджет қаражатының халық игілігі үшін дұрыс пайдаланылуына жауап береді. Бүгін есеп комитетінде 62 аудитор жұмыс істейді. 7 триллион теңгелік бюджеттің дұрыс пайдаланылуын күзету үшін бұл өте аз сан. Оларға миллиард теңгеге арналған қаржылық құжаттарды жете зерттеуге тура келетіні әбден түсінікті. Мәселен, аудит жүргізуге белгіленген мерзім болады. Осы белгіленген мерзім ішінде ол тақырыпқа енуі, сонан кейін аудит нысандарымен анықталуы, негізделуі әрі қабылдануы тиіс нәтижелерді ресімдеуі қажет. Мемлекеттік аудитор болу – бұл өзіңе орасан зор жауапкершілік жүктеу. Кейбіреулер мемлекеттік аудитор мамандығын зеріктіретін, бірсарынды кәсіп иесі деп санауы мүмкін. Олар: «Қағаздар мен қаржылық құжаттарға күні бойы көміліп отырудың несі қызық?» дейд?. і. Әрине, аудитор еңбегі үлкен зейін қоюды, ыждағаттылық пен шыдамдылықты талап етеді. Есеп комитетінің қызметкері экономика мен қаржы саласы бойынша үздік теориялық білімді меңгеріп қана қоймай, сонымен қатар, талдау қабілетін де игеруі қажет. Сонымен, есеп комитетінің мемлекеттік аудиторлары дегеніміз кімдер? Олардың әлеуметтік бейнесіне зер сала кетейік: Аудитордың мемлекеттік қызметінің орташа өтілі – 15 жылдан астам, олардың көбінің министрліктердегі, жергілікті жерлердегі билік органдары мен жеке сектордағы бас бухгалтер, департамент басшылары, аудиторлар мен қаржыгерлер ретіндегі жұмыс тәжірибесі бар. Олардың негізгі бөлігі – әлі қырыққа тола қоймаған жастар. Бәрінің жоғары экономикалық білімі бар. Сонымен қоса, көпшілігі Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясында және «Болашақ» бағдарламасы бойынша қосымша білім алған. Бұл аз десеңіз, біздің жекелеген аудиторларымызда халықаралық ИНТОСАИ дипломдары бар. Кейбіреулерінің Еуропа мен Азиядағы өздерінің шетелдік әріптестеріне мамандықтары бойынша дәріс беретіндігі бізді қуантады. Бұл – олардың дайындық деңгейінің және шетелдегі беделінің айқын айғағы. Бұдан басқа, бүгінде есеп комитетінің шекпенінен шыққандар Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігінде, Үкіметте, Парламентте жұмыс істейді, ұлттық холдингтер мен компанияларда, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдіктерінде басшылық лауазымдарды атқарады, тексеру комиссияларына басшылық жасайды. Өздерінің «жастығына» қарамастан, аудиторлар алдарына қойған міндеттерін мінсіз атқаруда. Оған қоса, Қорлан Әубәкірова, Дархан Төлеубеков, Қанат Ибраев, Саржан Қалиоллин, Айтуар Балықбаев, Әкімжан Жұмабаев, Ғайни Сыздықова, Зуракүл Әкімханова, Талғат Мүслімов және тағы басқа аға буын өкілдерінің, тәлімгерлердің игі істері кіші буынға үлгі-өнеге. Олар онжылдықтар бойы қиын әрі ел игілігі үшін қажет еңбекке деген адалдығын сақтап келеді. Аудиторлар әдеттегідей аса байсалды және олар қол жеткізген жетістіктері туралы ашылып айта бермейді. Әріптестеріміздің жүргізген тексерулерінен кейін бюджетке қалпына келтірілген миллиардтаған теңгелер, жетілдірілген заңдар, салынған ауруханалар мен мектептер, ең шалғайдағы ауыл тұрғындарына жеткізілген ауызсу, жолдар мен ғаламтор желілері – осының бәрі олардың кәсібилігін айғақтайды. Жас та болса, үлкендердің құрметіне ие болып, нағыз кәсіби маман ретінде бағаланып жүрген жас аудиторлар бар. Олардың қатарына ең алдымен еңбек жолдарын инспектор, сарапшы қызметтерінен бастаған Нұрлан Катренов, Шыңғыс Күреңбек тегі, Алена Асқарова, Әлинұр Болатұлы, Жамбылхан Мырзаханов, Руслан Мелдебеков, Қуаныш Сағымбаевтарды жатқызуға болады. Мемлекеттік аудитор деген құрметті атқа лайық осы бір жандар аудит нысандарындағы Есеп комитетінің айнасы іспетті. Жинақтаған тәжірибесімен бірге жас аудиторлардың беделі де жыл өткен сайын өсе түсуде. Облыстардың бірінде әкімнің орынбасары болып қызмет істейтін азамат бірде маған: «Бала кезімізде біз барлық ғарышкерлердің аттарын, түр-келбеті мен өмірбаянын жатқа білетін болсақ, енді есеп комитетінің барлық аудиторларын білеміз. Өз ісін жетік меңгерген бесаспап мамандар облысты тексеруге келгенде бізге де оңай соқпайтынын бәріміз түсінеміз» деген еді. Мемлекеттік аудиторлардың қателесуге еш қақысы жоқ. Аудиторлық есепте қандай тұжырымның болатындығына, көбінесе, оның біліктілігі мен кәсіпқойлығы ғана емес, сондай-ақ кейде адамдардың, жобалардың одан арғы тағдыры, жалпы алғанда, тіпті салалар мен экономиканы дамыту бағыттарының алгоритмі де әсер етеді. «Мен өмірде жолы болған адаммын, өз жұмысымды жақсы көрем. Бір ағзадай тұтас, тамаша ұжымда қызмет ету – үлкен бақыт. Мұндай ұжымда әріптестеріммен бірге аудит жүргізу де, практикада жиі кездесетін проблемалық мәселелерді шешу де жеңіл тиеді», дейді аса тәжірибелі аудиторлардың бірі Талғат Мүслімов. Ол Конфуцийдің «Өзіңіздің жаныңызға ұнайтын жұмыс таңдаңыз, тек сонда ғана сіз өмір бойы жұмыс істеуге міндетті болмайсыз» деген сөздерін де айтуды ұмытпады. 20 жылдан астам жұмыс өтілі бар Сәкен Ғаббасов: «Аудиторларға қойылатын талаптар жылдан-жылға күшеюде, біліктілігін арттыру жүйесі жақсартылуда. Бұдан 10-15 жыл бұрын тексерушілер үшін мүмкін емес болған нәрселер қазір аудиторлардың күнделікті жұмысының ажырамас бөлігі болып қабылданды. Бұл – тексерілетін нысандарды алдын ала зерделеу, тәуекелдерді бағалау, ақпараттық жүйеде аудит жоспары мен аудит бағдарламасын жасау, анықталған бұзушылықтарды жіктеу, актілердің электрондық есебі және олардың электрондық сақталу жүйесі», дейді. Мемлекеттік аудит жүйесі үшін кадрлар даярлау мақсатында Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің Төрағасы Қозы-Көрпеш Жаңбыршиннің бастамасымен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті базасында «Мемлекеттік аудитор» атты жаңа мамандық ашылды. Жазда бакалавриатта, магистратурада және докторантурада оқуға үміткерлерді іріктеу басталады. Бірнеше жылдан кейін біз аға буын ұрпақтың орнына келетін білімді жастардың жаңа тобын көретін боламыз, әрине, бұл – қуанарлық жағдай. 20 жыл ішінде қол жеткізген нәтижелер босаңсуға себеп емес екендігі сөзсіз. Алда күрделі уақыт күтіп тұр. Біздің тарапымыздан толымды қайтарымды талап ететін жаңа сын-тегеуріндер пайда болуда. «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Заңның қабылдануымен мемлекеттік аудиторларға қойылатын кәсіби талаптар күшеюде. Осыған орай бізді мамандарды сертификаттау жөніндегі жұмыс күтіп тұр. Мемлекеттік аудиторлардың көп еңбекті талап ететін күнделікті қызметін және жұмысына деген асқан кәсібилігін көре отырып, мемлекеттік аудиторлар «көрінбейтін майдан жауынгерлері» секілді мемлекеттік қазынаны қорғау жолында одан әрі қалтқысыз қызмет ете береді деп нық сеніммен айта аламын. Қамбар ОМАРОВ, Есеп комитетінің ұйымдастыру-бақылау және кадр жұмысы бөлімінің меңгерушісі
•
23 Маусым, 2016
Қаржы күзетінде
581 рет
көрсетілді