• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
24 Маусым, 2016

Халықаралық құжаттар ратификацияланды

341 рет
көрсетілді

Палата басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті отырысы болды. Сенат Төрағасының ұсынуын қарай келіп, жоғарғы палатаның депутаттары Нұрлан Нұржановты Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі етіп тағайындады. Сенаторлар Еуразиялық эко­номикалық одақ шеңберінде дәрі­лік заттар айналысының бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімге Армения Рес­пуб­ликасының қосылуы туралы хаттаманы ратификациялады. Хаттама дәрілік заттардың ортақ нарығына Армения Республикасының қаты­суын, дәрілік заттар айналымын реттеудің бірыңғай қағидалары мен талаптарын қабылдауды, мүше мемлекеттер аумағында дә­рі­лік заттардың қауіпсіздігіне, тиім­ділігіне және сапасына қойы­латын міндетті талаптардың бір­келкі болуы мен олардың сақ­талуын қамтамасыз етуді, мүше мемлекеттердің дәрілік заттар айналысы аясында бақылау сала­сындағы заңнамасын үйлестіруді, дәрілік заттардың сапасын қамта­масыз ету жүйесін құруға арналған бірыңғай тәсілдерді жетілдіруді көздейді. Сондай-ақ, Еуразиялық эко­номикалық одақ шеңберінде ме­дициналық бұйымдар айналы­сының бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімге Армения Республикасының қосылуы туралы хаттама да ратификацияланды. Құжат Армения Республикасының медициналық бұйымдардың жалпы нарығына қатысуын, медициналық бұйымдардың айналымын реттеудің бірыңғай қағидалары мен талаптарын қабылдауды, мүше мемлекеттер аумағында медициналық бұйымдардың қауіпсіздігіне, тиімділігіне және сапасына қойылатын міндетті талаптардың біркелкі болуы мен олардың сақталуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ, мүше мемлекеттердің медициналық бұйымдар айналысы аясында бақылау саласындағы заңнамасын үйлестіруді көздейді. Сенаторлар Тәуелсіз Мемлекеттер Дос­тастығына қатысушы мем­ле­кеттердің аумақтарында бірлескен жедел-тергеу топтарын құру тәртібі және олардың қызметі туралы келісімді ратификациялады. 2015 жылғы 16 қазанда Бурабайда қол қойылған Келісімде бірлескен жедел-тергеу топтарының негізгі міндеттері, оларды құрудың тәртібі, оларға ұлттық жедел-тергеу топтарының қосылу және шығу рәсімдері, сондай-ақ, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумағын­да процестік әрекеттерді немесе же­дел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезіндегі өзара іс-қимыл тәртібі ай­қындалған. Екі оқылымда егжей-тегжейлі қарал­ғаннан кейін «Қазақстан Респуб­ликасы Жер кодексінің жекелеген нормаларының қолданысын және «Қазақстан Республикасының Жер кодексіне өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 2 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының қолданысқа енгізілуін тоқтата тұру туралы» заң қабылданды. Құжат Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 6 мамырдағы «Жер заңнамасының кейбір нормаларын қолдануға мораторий енгізу туралы» №248 Жарлығын орындау үшін әзірленді. Заңның негізгі мақсаты Жер кодексінің ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер беру (жалға алу) мәселелерін реттейтін жекелеген ережелердің қолданысын 2016 жылғы 31 желтоқсанға дейін тоқтата тұру болып табылады. Сондай-ақ, 2015 жылғы 2 қарашадағы «Қазақстан Республикасының Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңын қолданысқа енгізу 2016 жылғы 31 желтоқсанға дейін тоқтатыла тұратын болады. Отырыс барысында сенатор Қуаныш Айтаханов еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі ауқымды шаралар қабылдау және жеке тұрғын үй құрылысын салуды дамытуды ынталандыру қажеттігі туралы; Серік Ақылбай Қазақстан Республикасы ІІМ Қостанай академиясының қызметін қамтамасыз ету туралы; Жабал Ерғалиев әскери тәртіп және құқық тәртібін нығайту туралы; Әли Бектаев Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданындағы мектеп құрылысын салу қажеттігі туралы; Манап Көбенов денсаулық сақтау нысандарына міндетті кепілді кәсіби жауаптылық жүйесін енгізу туралы депутаттық сауалдарын жария етті. Ғабит ІСКЕНДеРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»