Қазақстан туралы фильм түсіріп жатыр
Көрші елден арнайы келген режиссер Сергей Шанович тележобасының «Жайлауға жылқы айдау» деп аталатын бөлімінің түсірілуіне Қазақ географиялық қоғамы әріптестік танытып, көмек көрсетіп отыр. Бұл бөлім түсірілім жобасындағы ең маңызды мазмұн жылқының көшпенділер ұғымында тәуелсіздікті, дербестік пен асқақ мұратты бейнелейтіндігін көрсететін сәт болмақ.
Табиғи экожүйені сақтауға, жерді тоздырмауға айрықша ден қойған байырғы бабаларымыздан ұласып келе жатқан «жайлауға көшу» дәстүрі қазір де өзектілігін жойған жоқ.
Сергей Шанович командасына тіпті, Алматы облысындағы Түрген шатқалында жылқы үйірінің көш жолын түсіріп алудың да орайы келген. Сонымен қатар, түсірілім жұмыстары теңіз деңгейінен 2200-2600 метр биікте жатқан, күзгі бозқырауға дейін жайылым болар шөбі шүйгін, шұрайлы Асы жайлауында жалғасуда.
Бұл іске атбегі, бүркітші, сайыс өнерінің шеберлерімен қатар, қазіргі таңда ұмытылып бара жатқан – әнді ескіше көмеймен айту өнерінің майталмандары Arkayim тобының мүшелері Анар Қасымова мен Абзал Арықбаев қатысты.
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ