Қызметтік борышын өтеу кезінде қаза болған ішкі істер органдары мен ішкі әскер қызметшілеріне арнап орнатылған «Алатау» спорт кешені алдындағы монументке Қазақстан полициясының 24 жылдығына орай гүл шоқтарын қою рәсімі болып өтті. Өйткені, кешегі күн Елбасы Жарлығымен полиция күні ретінде белгіленгендігі халыққа мәлім. Осы шара аясында ІІМ-нің оқу орындары түлектеріне лейтенант погондары табыс етілді. Ал бұл мерейлі шараға министрлік пен орталық аппарат қызметінің басшылары, ардагерлер, ішкі істер органдары мен ішкі әскер ардагерлері, оқу орындарының түлектері мен олардың ата-аналары қатысты.
Монументке гүл шоқтарын қою рәсімінен кейін қаза тапқан ішкі істер органдары мен ішкі әскер қызметшілерінің рухына тағзым ету үшін бір минуттық үнсіздік жарияланды. Артынан бірнеше дүркін аспанға оқ атылып, іс-шара полицияның астаналық гарнизонының және Ұлттық ұланның мерекелік шеруімен жалғасын тапты. Сондай-ақ, шара аясында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов ІІМ оқу орындарының түлектеріне лейтенант погондарын салтанатты түрде өзі табыстағандығын айта кету керек. Бір топ ардагерлердің ішінен біз отставкадағы полиция генерал-майоры Мейірхан Жаманбаевты сөзге тартқан едік. «Мерекеге бүкіл қызметкерлер, ардагерлер және оқу орындарының түлектері жиналып, атап өтуде. Полицияның қоғамдық тәртіпті сақтауда атқарып жатқан шаруалары көп. Жақында Ақтөбеде орын алған оқиға кезінде полиция қызметкерлері өзінің жігерлілігін, қызметіне адалдығын көрсетті. Олай болса барлығының отбасына бақ-береке, амандық тілегім келеді», дейді Мейірхан Сағынбекұлы. Ардагер, бұл орайда, егер полиция жақсы жұмыс істейтін болса, онда елімізде тыныштық пен береке болатынын, сонымен қатар елімізде татулықпен өмір сүруге барлық жағдай бар екендігін де қаперге сала кетті.
Мерекелік шара ІІМ-нің клубында салтанатты жиналыспен жалғасын тапты. Онда өз өмірлерін құрбан етіп, қызметтік борышын адал да мінсіз атқарған қызметкерлер әрқашан мақтан тұтылатыны ерекше аталды. Өйткені, ерлікпен құрбан болған жандар өз абыройларын намыспен сақтап қалып, бүгінгі күні полиция үшін ерлік пен батылдықтың жарқын үлгісі ретінде ішкі істер органдарының сенімді діңгегіне айналып отыр. Мінберге шығып құттықтау сөзін жеткізген Ішкі істер министрі мұндай құттықтаулар жан-жақтан түсіп жатқандығын ерекше ризашылықпен жеткізді. Полиция генерал-полковнигі Қалмұханбет Қасымов, сондай-ақ, қылмыс көрсеткішінің төмендеп келе жатқандығын және қоғамдық тәртіпті сақтау мен төтенше жағдайлардың алдын алу бағытында да бірқатар жетістіктердің орын алып отырғандығын атады. Ішкі істер органдары қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, алдағы қызметтеріне табыс тіледі. Сондай-ақ, мерекелік бұйрыққа сай ішкі істер органдарының бірқатар қызметкерлері «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен және де құрмет грамоталарымен марапатталды. Бұдан басқа, бірқатар қызметкерлерге мерзімінен бұрын атақтар берілді. Жалпы Ішкі істер министрінің бұйрығымен орталық аппараттың және аумақтық бөліністердің 535 қызметкері қызметтік міндеттерін адал атқарғаны үшін марапатталды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»