47 қазақстандық туроператор Қытай туристерімен белсенді жұмыс жүргізе бастады
Кең байтақ, әсем де көрікті Қазақстан жері туризмге сұранып-ақ тұр ғой. Бірақ, оны шетелдердегі туристер, оның ішінде Қытай да бар, жеткілікті біле бермейді. Осыны ескерген Қазақстан жағы экотуризм, альпинизм, жағажай, оқу-білім, денсаулық, тау шаңғысы және діни туризм тақырыптары бойынша тұсаукесер-таныстырылым өткізді. Сонымен бірге, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі туралы да Қытай халқы осы жолы кеңірек біле алды. Сәтін салса, 2017 жылы Қазақстандағы Қытай туризмі жылы болмақ. Осы жайлы да жүздесу барысында кең пікіралысу болды. Бұл жүздесуге дәнекер болған – Қазақстан Республикасының ҚХР-дағы елшілігі, Сыртқы істер министрлігінің консулдық қызмет департаменті, Шанхай қаласындағы Бас консулдық, Үрімші қаласындағы төлқұжат-виза қызметі, Қытайдың халықаралық сауда-саттыққа ықпал жасау комитеті, екі елдің ірі туристік операторлары, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ өкілдері.
Өткен жылдың соңында Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі мен ҚХР реформа және даму істері жөніндегі мемлекеттік комитеті арасында топтық туристік визаларды беру тәртібіне байланысты меморандумға қол қойылған еді. Осының жай-жапсары кеңінен түсіндірілді. Бұрынғыдай емес, енді қытайлық туристердің топ болып Қазақстанға сапар шегуі жеңілдеді. Бұл – ADS-виза түрі. Мұндай виза беру осы жылдың 1 шілдесінен басталады.
Қазақстан Республикасының ҚХР елшілігінің кеңесшісі Рахымжан Рахимовтың айтуына қарағанда, Қазақстанда туристік салаларды дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы бар. Онда инфрақұрылымдар құрылысы, жаңа туристік орындарды ашу, халықаралық бәсекелестікке лайық тауарлар мен қызмет, уақыт талабына сай туристік жүйені қалыптастыру және тиісті кадрларды даярлау мәселелері қарастырылған.
– Аталған тұжырымдаманың нәтижесінде Қазақстан шетелдік туристерді тарту жөніндегі 50 елдің қатарына енуді ниет етіп отыр, – дейді Р.Рахимов.
Қазір екі елдің арасында аптасына 34 авиарейс бар. Оның 18-і – Қазақстанның, 14-і Қытайдың еншісінде.
– Біздің компания 1996 жылы құрылды. Қытайдағы «5А» деңгейінде жүздеген жетекші компаниялардың қатарындамыз. Жылдық қаражат айналымы 1 миллиард юань шамасында. Қытайдың 150 қаласында филиалымыз бар. Біздің елдің туризм нарығы өте үлкен – жылына орта есеппен 120 миллион қытайлық турист шет елдерге сапарға шығады, – дейді бізбен әңгімесінде «CCITS» коммерциялық туризм компаниясының президенті Ван Пэйсянь.
Оның айтуынша, қытайлықтар бір рет турист ретінде барған орынға екінші рет қайтара бармайды. Жаңа туристік орын іздейді.
– Қазақстанда туристерді қызықтыратын орындар жеткілікті екен. Сондықтан да біз қазақстандық туроператорлармен тығыз ынтымақтаса жұмыс жасауға ынталы болып отырмыз, – деді Ван Пэйсянь.
Ал, «Мэнчжилюй» туристік компаниясы бас директорының орынбасары Сюй Сяомин мынадай ой айтты: «Біздің компания негізінде ішкі туризм бойынша жұмыс істейді. Бірақ, жақын уақытта сыртқы нарыққа шығуды да жоспарлап отырмыз. Қазақстан қытайлық туристер үшін өте тартымды бағыт болады деп ойлаймыз. Өйткені, сіздерде өте тамаша табиғат бар, қысқы спорт түрлері мен экологиялық туризм үшін жағдайлар жасалған. Сондықтан Қазақстанға қызығушылық танытып отырмыз».
«Turan – Asia» – қазақстандық туроператор. Осы компанияның директоры Гүлғайша Қасенханованың айтуынша, Қазақстан қытайлық туристерді қабылдауға дайын.
– 2017 жыл Қазақстандағы Қытай туризмі жылы болып жарияланды. Келесі жылы Астанада ЭКСПО өтеді. Біздің елде көрікті табиғат пен тарихи орындар өте көп. Ол туралы қытайлық туристерге жан-жақты ақпарат берілді. Оларды қабылдауға біздің компания дайын. Маршруттар әзір. Қытай тілін жақсы меңгерген мамандарымыз бар. Ең басты бағыт – «Жібек жолы» бойындағы қалалар – Алматы, Тараз, Шымкент, Түркістан болып отыр. Біз бұған дейін Германия, Жапония, Сингапур, Гонконг, Малайзия және басқа да елдердің туристерімен тығыз байланыс жүргізіп келдік, қытайлық туристерді де құшақ жая қарсы аламыз, – деді Г.Қасенханова.
Осы басқосу барысында АDS келісімі жөнінде толық ақпарат берілді. Бұл – қытайлық туристердің топ болып Қазақстанға сапарлауы үшін виза беру келісімі. Осы тізімге Қазақстан жағынан 47 компания, Қытай жағынан 380-ге жуық компания енді.
Қазақстандық «Asia Discovery» туристік компаниясы директорының орынбасары Раушан Сартаева осы АDS келісімі жөнінде былай деген еді: «Бұл өте дұрыс қадам. Енді Қазақстанды көрсем-білсем деген туристердің қатары артатыны сөзсіз. Біздің компания шетелдік туристерді тарту жұмысымен 2001 жылдан бері айналысып келеді. Енді міне, қытайлық туристермен де жұмысты бастаймыз. Олардың ішінде автотуризмге құлық білдіріп отырғандар көп. Жібек жолы бойымен жүруге ынталары зор. Жалпы, қытайлықтардың Қазақстанға қызығушылығы керемет».
Садық ӘКІЖАНОВ,
«Егемен Қазақстан» – Бейжіңнен
Қытай Халық Республикасы
Садық Әкіжанов
«Егемен Қазақстан» газетінің
Қытай Халық Республикасындағы меншікті тілшісі болып
жұмысқа кірісті.
Ол Павлодар қаласында туған. 2006 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген.
Қазақстан Республикасы Президенттік мәдениет орталығында ғылыми қызметкер, ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігінде бас сарапшы, Экология аудиторларының ұлттық палатасында БАҚ-пен байланыс және экономика мәселелері жөніндегі менеджер болып қызмет атқарған.